Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Ерлан Шойтымов: "Байқоңырдың" ойыны түзеліп келеді"

Ерлан Шойтымов: "Байқоңырдың" ойыны түзеліп келеді"Жерлестеріміздің жеңісінен аяқталған «Байқоңыр» - «Мақтаарал» кездесуінен кейін қызылордалықтардың бас бапкері Ерлан Шойтымов баспасөз мәслихатын өткізіп, команданың жағдайы жайлы айтып берді.
-Соңына дейін арпалысып, жеңісті жұлып алған шәкірттеріме алғыс білдіремін. Ойын жақсы болды. «Мақтаарал» да қарымды команда. Бір қуанатыным, қазір команда ішіндегі атмосфера жақсарды. Әйтпесе, бұған дейін алаңға шықпай қалғаны үшін ренжіп, наразылық білдіретін жігіттер аз емес еді. Қазір барлығы да жағдайды түсінді. Бәрінің де өзін көрсетуге мүмкіндігі болады. Дәл сол шақта кім мықты, алаңға солар шығады. Сондықтан, жігіттердің қай-қайсысы болмасын, жаттығуда жанын салып, жақсы ойнауға тырысып жүр.
-Жазғы трансферлік кезеңде командаға жаңадан ойыншылар келе ме?
-Өздеріңіз білесіздер, біз «Қайсар» футбол клубының құрылымына кіреміз. Біз арқылы жергілікті ойыншылар «Қайсар» сапына ауысатындай болуы тиіс. Және де команданың мақсаты – жергілікті қызылордалық футболшыларға көңіл бөлу. Сондықтан, сырттан ешкім келмейді. Керісінше біздің футболшыларға құда түсіп жатыр. Жазда «Қайсар» сапына ауысуы мүмкін ойыншылар бар. Сондай-ақ, қақпашымыз Шыңғыс Таңатқановтың телефонына тыным жоқ. Көптеген командалар хабарласып жатыр. Өзі менен сұрады, «Сіз қалай десеңіз, солай болады» деді. Қал деп айттым.
-Ерлан Дарханұлы, «Мақтааралға» қарсы ойында Шыңғыс қақпада тұрған жоқ. Мұның себебі неде? «Байқоңырда» екінші қақпашы Марсель Исламкулов па?
-Әртүрлі шақыртулардан кейін Шыңғысқа психологиялық тұрғыда оңай болып жүрген жоқ. Мен оған демалып алуға мүмкіндік бердім. Ал екінші қақпашы жайлы айтар болсақ, бізде ондай ұғым жоқ. Кім дәл сол сәтте мықтырақ, сол негізгі құрамда шығады.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: