"Петро Қазақстан" жүлдесіне журналистер арасында турнир өтті
Облыс орталығындағы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» спорт кешенінде футзалдан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында турнир болып өтті. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясының жүлдесін сарапқа салған бәсеке Тұңғыш Президенті күніне және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Оған «Көлжан» ЖШС демеушілік жасады.
Үстіміздегі жылы тұңғыш мәрте өткізілген аладоп бәсекесінде барлығы 7 команда бақ сынады. Олар екі топқа бөлініп, жарыстың келесі сатысына жолдама алатын төрт команданы анықтады. «А» тобында «Қазақстан-Қызылорда», «Меншікті тілшілер», «Баспасөз қызметі» және «Қоғам тв» командалары шеберлік байқасты. Айта кету керек, бұрынғы сайыстарда алдыңғы орындардан көрініп жүрген кіл мықтылар осы топқа жиналыпты. Сондықтанда әрбір ойын тартысты болды. Жылма-жыл жүлделі орындардан көрініп, мол тәжірибе жинақтаған «Қазақстан-Қызылорда» бұл жолы да сүрінген жоқ, топтағы үш кездесуінде де үздік өкрінді. Ал бұдан бұрын мықтылығын танытып келе жатқан «Меншікті тілшілер» командасының ойламаған жерден сәтсіз ойын көрсетті. Алғашқы ожекпе-жегінде күтпеген жерден «Баспасөз қызметімен» итжығыс түсті. Оданк кейін «Қоғам тв» жігіттерінен басым түсті. Ал «Баспасөз қызметі» бұл мүмкіндікті құр жіберген жоқ. «Қоғамдық» журналистер қақпасына олардан да көп гол соқты. Осылайша «Баспасөз қызметі», топтағы екінші жолдаманы иеленді. «Б» тобында үш команда өзара бақ сынады. Бұл топта «Сыр медиаға» қарсы тұратын ұжым табылмады. «Сыр медиа» кейбір жылдарда сәтсіз нәтиже көрсеткенімен, соңғы уақытта құрамына көптеген тәжірибелі мамандарды тартты. Соның нәтижесінде биыл турнирдің бас жүлдесінен үміткер ұжымдар қатарына қосылды. Ал турнирде алғаш рет бақ сынаған «Жас тілшілер» «Сыр бойы» газетін жеңіп, топтың екінші болып шықты.
Жартылай финалда «Жас тілшілер» «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан 0:7 есебімен жеңілді. «Баспасөз қызмет» «Сыр медиадға» 2:3 есебімен есе жіберді. Үшінші орын үшін таласта «Баспасөз қызметі» «Жас тілшілерден» 3:1 есебімен басым түсті. Финалда «Қазақстан-Қызылорда» «Сыр медиадан» соңғы сәтте ғана жеңісті жұлып алды. Ойынның бітуіне небәрі 30 секунд қалғанда олар жеңіс добын соғып кетті.
Марапаттау рәсімінде «ПҚҚР» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас маманы Ақтолқын Сұлтангереева жүлдегерлерді құттықтап, марапаттады. Сонымен турнир қорытындысында бірінші орынды «Қазақстан-Қызылорда» (40 мың теңге), екінші орынды «Сыр медиа» (30 мың теңге), үшінші орынды «Баспасөз қызметі» (20 мың теңге) иеленді. Сондай-ақ, 4 орын алған «Жас тілшілерге» ынталандыру сыйлығы (10 мың теңге) берілді. Ал «Меншікті тілшілер» командасының ойыншысы Руслан Айтмамбетов «Үздік гол авторы», «Баспасөз қызметі» командасының ойыншысы Алтынбек Бутантаев «Сұрмерген», «Қазақстан-Қызылорда» командасының капитаны Әділбек Жақанов «Үздік ойыншы» атанды. Сондай-ақ, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының арнайы жүлдесін «Сыр медиа» командасының ойыншысы Дәурен Омаров иеленді.