Тоғызқұмалақтан қызылордалықтар командалықта күміс алды
Алматы қаласында тоғызқұмалақтан ересектер арасында Қазақстан Республикасының кубогы өтті. 12 команда қатысқан кубок швейцар жүйесі бойынша 7 турда өткізілді. Қызылорда облысының құрама командасы 1 алтын, 2 күміс медаль олжалап, жалпы командалық есеп бойынша екінші орынды иеленді. Бірінші орында – Ақтөбе облысы, үшінші орында – Оңтүстік Қазақстан облысы.
Жекелей сында Арал ауданы, Сексеуіл спорт мектебінде тәлім алатын Үміт Сақташева 6,5 ұпаймен жеңіс тұғырына көтерілді. Ол осы жарыстан Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Спорт шеберіне үміткер, сырдариялық Әйгерім Жөкелова өз тақтасында 2 халықаралық дәрежедегі, 3 ҚР спорт шеберлерімен кездесіп, айласын асыра білді. Тек ақтық сында есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі. Ал ерлер арасында жаңақорғандық Ермұханбет Әлайдар бірінші рет республика көлеміндегі жарысқа шығып, екінші орынға ие болды.
Енді спортшылар сәуір айында Ақтөбе қаласында болатын ҚР чемпионатында бақ сынайды.