Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Елеусіз қалған «Екібастұз» еңсе тіктей ала ма?

Елеусіз қалған «Екібастұз» еңсе тіктей ала ма?Республикалық спорт басылымдарының жазуынша, 2013-2015 жылдар аралығында еліміздегі бес бірдей футбол клубы жұмысын тоқтатқан екен. Өкінішке қарай, жергілікті «Екібастұздың» да тағдыры қыл үстінде.

Әкімдік «әуп» деп жіберсе...
 
Клубтың бас демеушісі – «Самрұқ-Энерго» акционерлік қоғамына енетін «Богатырь Көмір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл «Екібастұзға» қаржы аудармауы мүмкін. Қала әкімі Александр Вербняк бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында бұл мәселенің соңғы төрт жылда әркез қайталанатынын мәлімдеді.
- Клубқа қатысты мәселе толық шешілген жоқ. Жыл сайын осы түйткіл алдымыздан кесе-көлденеңдейді. Клубты ұстап тұру үшін «Богатырь Көмір» жыл сайын 100 миллион теңге бөледі. Қазір ұлттық компаниялар әлемдегі экономикалық ахуалға байланысты қаржы үнемдеуге кірісті. «Самрұқ-Энерго» акционерлік қоғамы («Богатырь Көмір» ЖШС-нің акционері) демеушілік мақсатқа жұмсалатын қаржыларға шектеу қоюда. Әзірше біз шамалы ақша қарастырып, команданың жаттығу жұмыстары үшін спортзал жалдап отырмыз, - дейді Александр Вербняк.
Екібастұз қаласының командасы әуелде «Угольщик» деп аталды. Кейіннен «Экибастузец», «Батыр», «Экибастузец-Наша кампания», «Энергетик», «Энергетик-2» болып бірнеше мәрте өзгерді. 2008 жылы команда таратылды. Осылайша, Қазақстанның екі дүркін күміс жүлдегері (1993, 1998 жылдары) атанған және 2002 жылы бірінші лигада топ жарған команданың орнын еліміздің бірінші лигасында алты жыл өнер көрсеткен «Екібастұз» басты. Команда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмаса да, жанкүйерлерін әркез қуантуға тырысты. Клуб жас футболшыларды даярлауға баса көңіл бөлді.
Жалпы, Екібастұз футболының тарихы терең. Кеншілер шаһарынан небір мықты футболшылар өсіп, өнді. Атап айтар болсақ, есімі қазақстандық және ресейлік футболсүйер қауымға жақсы таныс Сергей Тимофеев, Қазақстан біріншілігінің үздік сұрмергендерінің бірі Николай Курганский, Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншысы Дмитрий Шомко, «Ертіс» сапында жасындай жарқылдап жүрген Қуаныш Бегалин және тағы да басқа ойыншылар үлкен спорттағы алғашқы қадамын осы шаһардан бастаған.
«Екібастұз» футбол клубының «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жазылған төмендегі ақпаратқа қарап-ақ команданың қазіргі жағдайын бағамдауға болады. 
«Облыс басшылығы өңірдің «Ертістен» кейінгі екінші командасы – «Екібастұз» жайлы мүлдем ұмытқан секілді. Қазіргі уақытта клубтың бірде-бір қызметкерінде, жаттықтырушылар мен футболшыларда ешқандай келісімшарт жоқ. Келісім мерзімі былтыр аяқталды. Енді оны қайта жасақтау мүмкін болмай тұр. Ақша жоқ. Қала әкімінің мәселені бір жақты етуі былай тұрсын, ұжымды сақтап қалу үшін қаржы қарастыруға да қауқары жоқ. Дегенмен, команда биыл бірінші лигада ойнауға рұқсат алды. Бірақ мынадай қиын жағдаймен чемпионатты аяқтай алар ма екен? Бар мәселе де осында. Себебі былтыр «Екібастұздың» негізгі құрам ойыншылары тарап кетті. Бұл бір. Екіншіден, бюджет бекітілген жоқ. Жағдайды реттеуге әлі де уақыт бар. Білдей бір клубтың жабылып қалуы облыстың футбол федерациясы үшін үлкен сын болмақ. Екібастұздықтар футболды әрдайым бағалайды, жақсы көреді. Клуб ұжымы облыс әкімінен көмек күтеді. «Екібастұзды» таратуға жол бермеу керек», - деп жазады команданың өкілдері мен жанкүйерлері.
Отандық футболда өзіндік қолтаңбасы бар «Екібастұздың» орта жолда қалуы Павлодар футболы үшін орны толмас өкініш болары даусыз...
 
Тырапай асқан топтар көп
 
Жоғарыда соңғы екі-үш жылдың дересінде бірнеше клубтың таратылғанын айттық. Енді осы мәселеге аз-кем тоқталайық.
Былтыр жазда бірінші лигада тәп-тәуір өнер көрсетіп жүрген Саран қаласының «Гефесть» командасы чемпионаттың орта тұсына жетпей, «шашылып» қалды. 2012 жылы бірінші лиганың жеңімпазы атанған Өтеген батыр кентінің «Іле-Сәулет» командасы қаржылық қиындықтарға тап болып, тарап кеткен болатын. Алматы облысының әкімдігі аталған клубты қаржыландырудан бас тартты. Сондай-ақ Талғардың «Ақбұлағы» да тырапай асты. Биыл Алматы облысынан тағы бір клуб жабылды. Ол – Қаскелеңнің «Жетісу-Сұңқары». Ал жуырда бірінші лигадағы ең атақты клубтардың бірі – «Астана-1964» чемпионатпен қош айтысты. Енді ол қалалық біріншілікте өнер көрсетпек. Кезінде «Жеңіс» деген атпен үш дүркін Қазақстан чемпионы атанған команданың тағдыры тым аянышты. Тарихқа көз жүгіртсек, УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қазақстандық командалардың ішінен алғаш болып қатысқан осы «Жеңіс» болатын. Елордалық клуб Сәлім Тәшеновтен бастап, Давид Лорияға дейінгі талай спортшының томағасын сыпырды. Ал осындай тарихы тым тереңде жатқан клубтың жанкүйер қауымның алдында тоз-тоз болғаны жанды ауыртады. Біздіңше, қаржыны үнемдеудің жөні осы екен деп, барымызға балта шаппағанымыз дұрыс.
 
Оқушылар «Футболды» оқуы мүмкін
 
«Оң қолымен аялап, сол қолымен ұратын» демекші, алдымен футболды дамыту керек деп даурығамыз да, артынан дағдарыс деп клубтарды «тоңқалаң» асыратынымыз қаншалықты дұрыс? Біз түсінбедік. Енді мынаны қараңыз. Футбол еліміздің орта мектептеріне пән ретінде енгізілуі мүмкін. Анау-мынау емес, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың аузынан шыққан сөз бұл. Футболға бұлайша жанымыз ашып, қамқор болатынымыз бар, жемісті жұмыс істеп тұрған клубтарды несіне тараттық? Тағы да түсініксіз.
- Біз футболды орта білім беру жүйесіне енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл ұсынысты Үкіметтің алдына қойдық. Мәселені Парламенттің қарауына да ұсынбақпыз. Біздің елде футболға қызығушылық білдіріп, онымен айналысқысы келетін жастар өте көп. Бірақ мүмкіндік жоқ. Елдің басым бөлігінде қыс ұзаққа созылады. Ал жастарымыздың жыл он екі ай жаттығуы үшін жабық футбол алаңдары қажет. Егер 1 алаң 100 мың адамды қамтиды деп есептесек, дәл қазір Қазақстанда 170 жабық алаң болуы керек. Өкініштісі, футбол нысандарын салу - қаржыны көп талап ететін өте қиын мәселе. Аталған саладағы тағы бір үлкен проблема - білікті бапкерлердің жоқтығы. Біздің елде бір бапкерге 342 шәкірттен келеді. Ал Англияда әр бапкерге небары үш шәкірттен тиесілі. Сондықтан біз УЕФА президенті Мишель Платини мырзадан білікті бапкерлерді даярлау ісіне көмектесуін сұраймыз. Бұл Қазақстандағы балалар футболының дамуына үлкен көмек болар еді, - дейді Ерлан Қожағапанов.
Әрине, бұл бастаманы қолдауға болады. Себебі осы күні мемлекеттің әлемдік аренадағы атақ-абыройы спортпен өлшенетін болды ғой. Әсіресе, футболы дамыған елге деген қөзқарас та бөлек. Сондықтан оқушыларды футболға мектеп қабырғасынан бастап баулығанымыз құптарлық.
 
 
Сөз соңы
 
Отандық футболда болып жатқан өзгерістерге байланысты спортшылар да өз пікірін ортаға салуда. Мәселен, белгілі футболшы Әли Әлиев өзінің «Туиттер» әлеуметтік желісіндегі парақшасына былай деп жазыпты: «Біз футболды дамыту туралы көп айтамыз. Бірақ тірлігіміз керісінше. Бір жылдың ішінде бірінші лигадағы бес клубты жауып тастадық. Бұл – нонсенс!».
Халықтық ойынды халықтан айырып береке таппасымыз анық. Сондықтан әлемдегі нөмір бірінші спорт түрінің мейлінше жедел дамуына жол ашқан абзал. Айтпағымыз осы. Алып-қосарыңыз болса, мархабат!
 
Фархат ӘМІРЕ

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: