Ойын жақында ғана дүниеден өткен Сыр елінің, жалпы алаш жұртының даңқты ұлы Батырхан Шүкеновтің құрметіне бір минут үнсіздікпен басталды. Ал ойын басында «Қайсар» жастары қонақтарды тықсыртып көргенімен көп ұзамай алаңға бейімделіп алған алматылықтар алғашқы жиырма минуттан кейін-ақ тізгінді қолдарына алып, қамшы баса түсті. Нәтижесінде сол қапталдан асырылған пас Рифат Нурмугаметтің аяғына жетіп, жас шабуылшы қақпамыздан саңылау тауып кетті. Дегенмен, жерлестеріміз еңселерін түсірген жоқ. Қорғаныстар сауатты ойнап, шабуылда жандарын салды. Ақыры мақсаттарына жетіп, үзіліске үш минут қалғанда 50-нөмірлі Мейірман Бердібек қақырата тепкен қақпа тоғыздығында тулап жатты. Есеп 1:1.
Алайда, екінші тайм жерлестеріміз үшін өте сәтсіз болды. «Қайраттың» қарқыны күшейіп, алдымен Қуаныш Советов қонақтарды алға шығарса, матчтың аяқталуына он минуттай қалғанда Райымбек Мәдияр қорғаушыларымызды түгел алдап өтіп, қақпашымыз Нұрымжан Салайдинге еш амал қалдырмады.
Бұдан кейін де оңтүстік астанадан келген қонақтар қақпамызға қауіпті соққыларды көптеп жаудыртты. Дегенмен, қорғанысымыз сыр берген жоқ. Ал кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Сергей Кейлер алыстан әдемі соққы жасап, таблодағы есеп айырмасын қысқартты.
Енді ертең Ғани Мұратбаев атындағы Орталық стадионда «Қайсар» және «Қайрат» командаларының негізгі құрамдары кездеседі. Жастар жіберген есені ағалары қайтарады деп сенеміз.