«KAZsport» телеарнасы мәнерлеп сырғанаудан Гран-при маусымын көрсетеді. Бұл жөнінде Қазспорт телеарнасы хабарлады.
Мәнерлеп сырғанаудан 2015/2016 Гран-при маусымының алғашқы кезеңі қазан айында басталса, соңғы кезеңі желтоқсан айында аяқталады.
Әлемнің үздік ерлер мен әйелдер мәнерлеп сырғанаушыларының арасында өтетін турнир 6 кезеңнен тұрады. Қытысыушылар еркін бағдарлама, жұптық сырғанау және мұз биі санаттары бойынша сынға түседі. Жарыстың ең үздік алты спортшысы жыл соңында Гран-при турнирінің ақтық сайысына қатысуға жолдама алады.
Биылғы турнирге 15 жастан асқан спортшылар қатыса алады.
Айта кетелік, бұл жарысқа қызылордалық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева да қатысады. Ол қыздар арасында сынға түседі. Элизабет биылғы маусымда «Skate Canada Autumn Classic» турнирінде алтын медальға ие болған. Сондай-ақ, аталмыш бәсекеде 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы мен Қытайдың Шанхай қаласындағы әлем чемпионатында қола жүлде алған қазақстандық спортшы Денис Тен де қатысады.
Гран-при маусымының кезеңдері – 2015:
1 кезең: «Skate America 2015» АҚШ, Милуоки 23-25 қазан.
2 кезең: «Skate Canada 2015» Канада, Летбридж 30 қазан және 1 қараша.
3 кезең: «Cup of China 2015» Қытай, Бейжің 6- 8 қараша.
4 кезең: «Trophée Eric Bompard 2015» Франция, Бордо 13-15 қараша.
5 кезең: «Cup of Russia 2015» Ресей, Мәскеу 20-22 қараша.
6 кезең «NHK Trophy 2015» Жапония, Нагано 27-29 қараша.
Гран-при кезеңінің финалы: Испания, Барселона 10-13 желтоқсан.
Әр кезеңде 1-орын иеленген спортшыға 15, 2-орынға 13, 3-орынға 11, 4-орынға 9, 5-орынға 7, 6-орынға 5, 7-орынға 5 және 8-орын алған мәнерлеп сырғанаушыға 4 балл беріліп отырады.
Былтыр бұл кезеңде ерлер арасында жапониялық Тацуки Матида, әйелдер арасында ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Елена Радионова чемпион атанған.
Еске сала кетейік, Гран-при маусымының алғашқы кезеңін «KAZsport» телеарнасынан 23-25 қазан күндері тікелей эфирден көре аласыз.
Ал, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 25 қазан күні сағат 00:45-те Гран-при турнирінің гала-шоуын тікелей эфирде көрсетеді.