Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" футболшылары ғарышкерлерді көкке көтерді

Қызылорда облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ, Облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен Сыр өңірінің көрнекті жерлерімен танысу мақсатында «Қайсар» командасы Қорқыт ата мемориалдық кешенімен танысып, «Байқоңыр» ғарыш айлағында ғарышкерлердің ғарышқа ұшуын тамсана тамашалады.

 

Түс ауа жолға шығып кеткен футболшылар мен жаттықтырушылар алқасы алдымен Қорқыт ата мемориалдық кешеніне бетке алды. Межелі жерге кешқұрым жеткен команда мүшелері кешеннің сәулетін қызыға тамашалап, суретке түсті. Арнайы киелі жертөледе ниет етісіп, іштей тілектерін тіледі. Алыстан менмұндалаған Қорқыт бабамыздың кесенесі де көрнекті көрінеді екен. Жақын барсаң әуезді әуенімен жүректі тебірентеді. Мұражайы да жеке тақырып. Әр суретімен әр мүсінді қызыға тамашалаған футболшылар кезек-кезегімен суретке түсісіп, тамсаныстарын білдіріп жатты.
Одан кейін зуытқыған клуб автобусы «Байқоңыр» қаласына жол тартты. Үш ғарышкердің ғарышқа ұшатын кезі екен. Екеуі ресейлік, біреуі АҚШ азаматы. Ғарышта бір жыл болатын АҚШ астронавты Скотт Келлидің мақсаты тіптен қызық. Егізі бар көрінеді. Ғарышта жүріп жердегі сыңарының жағдайын, көңіл-күйінің өзгерісін зерттемек. Үлкен теледидар арқылы ғарышкерлердің дайындықтарын онлайн жүйе бойынша бақылаған футболшылар Гагарин атындағы мұражайды да аралады. Гид барлығын түсіндіріп жүр. Ойыншылар да ғарышкерлер туралы көптеген қызықты мағлұматтар жинады. Ал соңында клуб директоры Руслан Балтиев мұражайға «Қайсар» футболшыларының қолдары қойылған жалауды естелікке тарту етті.
Ең қызықты сәт осыдан кейін басталды. Мұражайды аралатып, жол нұсқап жүрген гид қазір ракетаның ұшатынын хабарлап, барлығымызды соны тамашалауға шақырды. Туристерде сан жоқ, Ресейден екі автобус журналистер келген. Бәрі де ракетаның ұшуын тағатсыздана күтіп тұр. Кенет арнайы радио колонкалардан «Үш, екі, бір» деп хабарланып, жер-көкті күндізгідей жарқыратқан «Союз» зымыраны көкке көтерілді де, жоқ болды. Бұл бір өмір бойы қызықтап айтып жүрер ұмытылмас сәт еді.
Шарадан кейін футболшылар осы сапардың ұйытқысы болған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевқа алғыстарын аямай, бұл сапарды ешқашан ұмытпайтындықтарын жеткізді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: