ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ СПОРТШЫ ПАРАЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА КҮМІС АЛДЫ
Бүгінгі таңда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында еліміздің қоржынына тағы бір жүлде түсті, деп хабарлайды Seykhuninfo.kz тілшісі.
Мұндай толайым табысқа қызылордалық пауэрлифтерші Раушан Қойшыбаева қол жеткізіп, Қазақстанның абыройын төрткүл дүниедегі тәмам жұртқа таныта білді. Жерлесіміз 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Осы салмақта күміс жүлдегер атанды. Ол 113 келіні бағындырды. Бұл салмақта Тан Юяоға тең келерлік ешкім болған жоқ. Ол біздің жерлесімізден 22 келіні артық көтеріп, өзінің еншісіне 135 келіні жазды. Үшінші орындағы Египет спортшысы Махмуд Амал 103 келіні еншіледі.
Р.Қойшыбаева 1966 жылы дүниеге келген. 1990 жылы ауыр жарақаттан кейін екі тізесінен айрылған. Содан бері мүмкіндігі шектеулі жан. Соған қарамастан отбасын құрып, үш бала тәрбиелеп отыр. Пауэрлифтингпен 2010 жылдан бері айналысады.
Айта кетелік, биылғы Паралимпиада ойындары біздің еліміздің спортшылары үшін табысты болып отыр. Бұған дейін Қазақстаннан Зульфия Габидуллина 100 метр қашықтыққа еркін жүзуден алтын алған еді. Қазіргі таңда жүлде саны жөнінен Қазақстан 35 орында тұр.
Үстіміздегі жылғы Паралимпиада ойындары 7 қыркүйек күні басталған еді. Ол 18 қыркүйекте өз мәресіне жетеді.
Аталмыш жарыста біздің еліміздің атынан 11 спортшы сынға түсіп жатыр.