Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Үміті жанған үздік либеро

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
Сандуғаш төртінші сыныптан бастап өзін ауылдағы кіл ағалары ойнайтын  ерікті волейболшылар  командасының бір мүшесі ретінде сезініп, аут кеткен допқа қолы тиіп, алып беруге жарағанына қуанып, осы бір міндетін ойынның ақырына дейін мінсіз атқарып шығуға тырысатын. Әуеде шыр айналып, шынайы  іңкәрлікті оятқан осы бір қызыл ала, сары ала  ойын добына қызығушылығы күн санап артқан жауқазын жетінші сыныптан соң-ақ команданың бір мүшесі болып шыға келген.
Сандуғаш 1988 жылы Қандөз ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №240 орта мектепте білім алды. Мектепте сабақты үздік оқуымен қатар өзінің спортқа деген қызығушылығымен жаттықтырушы ұстаздары – Ерік Жайықбаев пен Бағлан Елеуовтердің сенімін ақтап, келешек мамандығын да осы саламен терең байланыстырды.
Оныншы сыныптан бастап ағайлары шәкіртін Батырқожа Бабаевтың қарамағына берді. Неге десеңіз, Байкенже мектебінде бай тәжірибе қалыптасқан. Қатарластарымен бірге дамып, жетііліп отыруына мол мүмкіндік бар.
– Қожеке, менің оқушымның ойынын көрші, - деп  қоймаған  Бағланды қоштаған Батыр «Ия, байқадым. Әрі қарай жұмыс жасаймын» - деп уәде берген. Сол айтқанындай,  Сандуғаш  сенімді ақтап, үздік көрсеткіштерімен таныла бастады.
Бірде шымкенттік әріптестері Батырға өтініш айтып лигаға жақсы ойыншы сұраған. Бұлар Сандуғашты қосуды ойлады. Көзіне қораш көрінді ме, «бойы тым кішкентай екен» деп сенімсіздік біілдірген тренерге Батыр жік-жапар болып: « Мен саған жаман ойыншы берем бе? Алдымен ойнат, сосын бересің бағаны» деген еді. Айтқанындай, Шымкенттің жоғары лигасында  үздік қорғаныс тәсілдерімен көзге түскен Сандуғаш «Лучшая либеро» атағын жеңіп алды. 
2014 жылы қараша айында Арал қаласында 1998-1999 жылғы жастар арасында  өткен сайыста жаңақорғандық қыздар Арал командасын 25:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарған. Осы жеңісте Сандуғаш Асановамен қатар байкенжелік  Әби Аружан, Сағынбай Ақтолқын, Жаңарықтық Ақмарал Нуридин, Әбдіғаппар Жайдар, допты беруде және қабылдауда  аса шеберлік танытқан  Пірәлиева Наргиздың сергек те, қырағы қимылдары көпті қайран қалдырған еді.
Шымкент қаласындағы  Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының  денешынықтыру және спорт факультетінде оқып жүргенде  басшылықтың қолқасымен  «Қазығұрт» командасында ойнап, әйелдер арасында Қазақстан біріншілігінде 1 орын алып, қола жүлдені иеленді. Ал бұл жерде жаттықтырушылар Әбілдаев Руслан, Құдайбергенов Мұрат ағайларынан  үйреніп, бойға түйгені көп. Ол осы іс - тәжірибелерді енді өзі кең пайдаланып келеді.
Ауыл қыздарының Уральскіде, Теміртауда атышулы Сана Жарылқасыновамен жетеғабыл ойынына куә болған СССР спорт шебері, жарысқа төрелік еткен  Елисеевтің: «Қыздарыңды неге  жоғары лигаға жібермейсің? Қатты секіреді, қайраттылықтары да басым» деп сүйсіне ескертуі көп нәрсені аңғартып тұр.
Қазірде Байкенженің түлегі Асанова Сандуғаш Түгіскен спорт мектебінде жұмыс атқарады. Өзінің осынау мамандыққа түбегейлі бет бұруына тікелей ықпал еткен өз әкесі Асан Ізтілеуовке өзін шексіз қарыздар сезінеді. Өйткені ол өзінің мамандығын сүйеді.

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: