2005 жыл. Венгрия астанасы – Будапешт. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген балуандар әлем чемпионатына жиналды. Әрқайсысының мақсаты – бозкілем төрінде шеберлік көрсетіп, жеңімпаз қатарынан көріну. Дүбірлі додаға еліміздің атынан 55 келіде Ермек Көкетов те барған еді. Ол кезге дейін мұндай жоғары деңгейдегі жарыстарда бақ сынап көрген жоқ болатын. Аты-жөні беймәлім балуан өзінің қаншама қарсыласын ой сарабынан өткізіп, іштей ширықты. Сырдың топырағында кіндіқ қаны тамып, киелі мекенде аунап-қунап өскен шынашақтай бала өзінің сәтті сағатын күтті. Мұндай беделі биік бәсеке күнде бола бермейді. Сәтін салған екен, ешкімге сыр бермей, өзіңнің шеберлігіңді паш ете білуің керек. Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созған Ермек осылайша қазақ еліне көл-көсір қуаныш сыйлады. Қазір сол бір уақытты ой елегінен өткізеді. Күрес өнеріне алғаш қадам басқан кезең де көз алдында көлбеңдейді.
Талантты таныған бапкер
Бізбен әңгімесінде кейіпкеріміз әңгіме әлқиссасын балалық шақтағы спортқа жасаған алғашқы қадамынан бастауды жөн көрді.
– Шамамен 1992 жылдар. Ол кезеңде қалада көп қабатты үйлердің бірінде тұрамыз. Көрші пәтерде тұратын Руслан есімді досым бір күні маған ұсыныс айтты. Өзі күрестен үйірмеге қатысып жүргенге ұқсайды. «Соған сен де жүрсеңші» деді сосын. Алғашқыда ойланып қалғаны рас. Ойлана келе досыммен бірге сол үйірменің есігін аштым. Бізді Сәбит Құнанбаев есімді бапкер қарсы алды. Грек-рим күресінің әліппесін үйретті, – деді Ермек әңгіме басында.
Арада бір-екі жыл өткенде отбасы жұмыс бабымен Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық ауылына барды. Елді мекенде грек-рим күресінен үйірме жоқ екен. Спортқа құмар жас өрен өзінің бабын жоғалтпауға тырысты. Ауылда Мейір Кенжебеков сынды тәжірибелі бапкерден тәлім алып, қазақ күресінің қыр-cырына қанықты. Тіпті, одан жасөспірімдер арасында облыстық біріншілікте топ жарғаны тағы бар. Көп ұзамай отбасы қайтадан Қызылорда қаласына оралды. Ермек өзінің сүйікті спортымен айналысуына мүмкіндік туды.
Әкесі Алпысбай баласының спорт мектебіне келуіне ықпал етті. Бұл жерде өзінің бұрынғы бапкері Сәбит ағайы да қызмет атқарады. Сол мектепте өңірдегі білікті бапкердің бірі Виктор Юнмен танысты. Тәжірибелі маман Ермекті сырттай бақылап жүрген секілді. Оның қабілет-қарымын таразылап, қызығы мен қиындығы қатар жүретін күрес түріне баулыды. Кейбір сәттерде өзінің ақыл-кеңесін қосты. Бала ғой. Ермек қиналған кезінде уақытта спортпен қош айтысуға да бел байлаған. Алдағы өмір жолы талқыға түскен осындай уақытта бапкері нақты шешім қабылдауға тікелей ықпалын тигізді.
–Қазір ойлап қарасам, олардың барлығы шолақ шешім екен ғой. Сол сәтте қасымнан табылған бапкерлеріме ризамын. Виктор Юн ұстазым да менің спортта одан әрі ашылуыма жол ашты. Маған тағы бір әсер еткен нәрсе – әкемнің айтқан шешімі. Ол – көп сөзге жоқ адам, нақты айтады. Сол уақытта әкемнің қас-қабағынан ұққаным – бір нәрсені ойға алған екенсің, оны орта жолда тастап кетуге әсте болмайды. Осыдан кейін мен өзімнің жаным қалаған күрес түрінен жоғары нәтиженің біріне қол жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл өмірлік қағидама айналды, – деді Ермек бізбен сыр бөлісіп.
Уақыт көші өз ырғағымен алға жылжып жатты. Балуан бала түрлі жарыстарға қатысып, шеберлігін арттыра түсті. Алғашқы қатысқан республикалық турнир Ақтөбе облысының Шалқар қаласында өткен болатын. Жастайынан ширақтық танытып, шымыр болып өскен шынашақтай бала сол жарыстан құр қол қайтқан жоқ. Жеңімпаз тұғырынан көрініп, өзіне тілеулес барша жұртты қуантты.
Одан кейінгі жылдарда жастар арасында да бақ сынап көрді. Ол уақытта күрестің аталған түрінен бәсеке өте үлкен еді. Алдыңғы орындардан үнемі еліміздің шығыс аймағынан келген балуандар көрінетін. Ермек кейде оларды жеңіп, кейде есе жіберіп жүретін. Бапкерлер үнемі үздік үштіктен көрініп жүрген шәкірттерін көзден таса етпейтін еді.
Сынған қабырға, жарылған қабақ...
Ересектер арасында сынға түскен сәттерде де сол әріптес достарымен үнемі шеберлік байқасты. Өмірде достар болғанмен, боз кілем үстінде бір-біріне есе жібермеуге тырысатын. Қолайы келсе, қарсыласын қапы қалдыруға тиіссің. Өйткені, бұл – спорт.
Сол бір уақытта 55 келі салмақта Асхат Жүрсінбаев, Әсет Иманбаев және Ермек Көкетов сынды балуандар арасында өзара бәсеке қызып жататын. 2005 жылы ел біріншілігінде Ермек қола жүлдені қанағат тұтты. Алдыңғы екі спортшы бірінші және екінші орынды өзара бөлісті. Сол жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Азия чемпионаты жалауын көтерді. Өкініштісі, оған еліміздің атынан қатысқан Асхат Жүрсінбаев жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ. Бапкерлер енді Әсет пен Ермектің шеберлік деңгейін таразыға тартуға шешім қабылдады.
– Бапкерлер Ресейдің Тверь қаласында белгілі балуан Иван Поддубный атындағы халықаралық турнирге екеуімізді де аттандырды. Сәтін салғаны шығар, аталған жарыста жүлделі орынның біріне қол создым. Ал Әсет өзінің бабында болмаған секілді. Екеуіміздің қабілет-қарым деңгеймізді бір жарыстан анықтау бапкерлерге оңайға соққан жоқ. Бізді тағы бір халықаралық турнирде сынап көруге шешім қабылдады. Олардың көңілінен шығатын деңгейде шеберлік көрсете алдым деп ойлаймын. Оған қоса Әсеттің алған жарақаты әлем чемпионатына баруына кедергісін келтірді. Мен іштей бапкерлердің ұлттық құрама сапына аталған салмақта мені қосатынына сенімді болдым. Дүбірлі додаға дайындығымды пысықтай түстім. Уақыт өте келе мамандар нақты шешімге келіп, Венгрия жеріндегі беделді бәсекеге баратын балуандар тізіміне мені қосты, – деді Ермек сол бір шаққа ойша оралып.
Ол қаншама жылдан бері төккен тердің өтеуі қайтатын сәттің жеткенін түсінді. Уақытты алтындай бағалап, әлем чемпионатына әзірлігін пысықтай түсті. Ұзақ жылдар бойы күткен күн де келіп жетті. Венгрия астанасына бет алған ұшақ ішінде бара жатқан қазақстандық балуандар арасында Ермек те алдағы жарысқа жоспар құрып, қарсыластарын қапы қалдыру әдіс-тәсілін ой елегінен өткізді. Мұндай сәт күнде туа бермесі анық. Өзін жарқыратып көрсетуі тиіс. Әкенің, бапкердің, тілеулес барша жұрттың үмітін ақтауы қажет. Осындай ой Ермекті тағы бір мәрте ширата түсті.
Әлем чемпионатының басталатын күндері де жетті. Ермек секілді балуандар салмақ өлшеу шартымен барлығы бір жерге жиналды. Оларға көз салып қояды. Бәрі өзгеге сыр білдіргісі келмейді. Маңғаз қалпымен өзін жоғары көрсетуге тырысады. Осылайша жеребе тарту рәсімі де келіп жетті. Әрбірінің қарсыласы анықталды.
Ертеңіне балуандар бозкілем үстінде жарыс көрігін қыздырды. Ермек алғашқыда Грекиядан келген балуанмен шеберлік байқасты. Оның ұлты – армян болғанмен өзге елдің атынан шығуды жөн санаған екен. Афины Олимпиадасында қола жүлдегер атанған. Әуелгіде қазақстандық балуанды жеңетініне сенімді шыққан ол одан кейін жеңістің қолдан сусып бара жатқанын түсінді. Үш кезеңнің нәтижесімен Ермек алға шыққан еді. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласы баспен оның оң қабағын жарып жіберді.
–Төрешілер қарсыласымның бұл қылығын дөрекілік деп таныды. Әлем біріншілігінен шеттетуге шешім қабылдады. Қабағымның жарылуына байланысты дәрігерлер мені жарысқа қатыспауға үгіттеді. Дегенмен, алған бетімнен қайтқаным жоқ. Мұндай сәт енді мүлде келмеуі де мүмкін ғой. Осындай ішкі ойыммен арпалысып жатырмын. Жарысты жалғастырамын деп шештім. Дәрігерлер қабағымды таңып берді. Ендігі кезекте боз кілемде қырғыз балуанымен белдестім. Жеңіске жету жолында спортшылар барлығына барады. Қарсыласым байқатпай қабақ тұсыма шынтақпен соққы береді. Оған қарағаным жоқ. Қырғыз балуаны да осал емес. Талай бәсекеде топ жарған тәжірибелі спортшы. Десе де мен одан қаймыққан жоқпын. Төреші менің қолымды көтерді. Ширек финалда маған армян балуаны жолықты. Ол – Олимпиада мен Әлем чемпионатында олжа салған саңлақ. Бұл белдесуден де іркілмей өтіп, жартылай финалда ирандық жігітке қарсылас атандым. Алған жарақатым да сыр беріп қояды. Оны жеңсем, финалға шығамын. Алайда, бұл жолы әлемдік бәсекелерде талай мәрте топ жарған ирандық балуанның жолы болды. Қола жүлде үшін сайыста Олимпиада мен әлем біріншілігінде жүлде алған кубалықпен жолым түйісті. Қуаныштысы, сол жолы мен өзімнің ойлағанымды жүзеге асырдым. Қарсыласымды қапы қалдырып, қола медаль иегері атандым. Әрине, аталған жарақат одан да жоғары нәтижеге қол жеткізер ме едім. Жарақатым менің толық ашылуыма кедергі келтірді-ау. Бапкерлерім менің бұл жетістігіме оң бағасын берді, – деді Ермек бізбен әңгімесінде.
Одан кейінгі жылдарда қызылордалық балуан Азия чемпионатында үздік үштіктен көрінді. Ал 2008 жылы Олимпиадаға іріктеу сатысындағы ойындарға қатысты. Аталған сында финалға дейін жетті. Қарсыласы – Солтүстік Кореядан келген спортшы. Белдесу барысында қарсыласын қапы қалдырған еді. Ортадағы төреші кездесуді тоқтату жөнінде ишара білдірді. Бұдан кейін барлық төреші жиналып, ортақ шешім шығарды. Ермектің жеңіп тұрғанына қарамастан жеңісті қарсыласына беру жөнінде байлам жасады.
Одан кейінгі жылдарда бірқатар жарыстарға қатысып жүрді. Дегенмен беріде спортпен қош айтысу жөнінде ойға келді. Орнын ізінен ерген әріптес інілеріне бергенді дұрыс көрді. Содан бергі кезеңде спорт саласында түрлі қызметтер атқарып, қызметтен қолы қалт еткен сәтте жаттығу залынан табылады. Бүгінде еліміздің күрес түрлері федерациясы облыстық филиалында басшылық қызмет атқарады. Түстен кейін жас балуандарға ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетуге асығады.
Дарынды жастар көп
Ермек қазір елімізде талантты балуандар көп екенін айтады. Олардың қатарында қызылордалық жастар да бар. Соңғы жылдарда қызылордалық Айдос Сұлтанғали дүниежүзілік додаларда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді.
– Ол 2018 жылы Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Қызығы, аталған дүбірлі дода мен ойын көрсеткен Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтті. Айдос 60 келіде сынға түсіп, қазақ еліндегі жанкүйер қауымына үлкен қуаныш сыйлады. Ол биыл Азия біріншілігінде алтын медаль алды. Айта кетерлігі, біздің облыста грек-рим күресінен мұндай жоғары нәтижеге қол созған ешкім жоқ. Оның өзін көрсететін шағы әлі де алда деп ойлаймын. Қазір жаттығу залына барғанда барлық өренге көз салып қарап жүремін. Арасында өте еңбекқор, шымыр, өжет балалар да бар. Енді біз сол балалардың жұлдызын жағуға барынша қамқорлық танытуымыз керек. Барлығымыз сол жолда тынбай еңбек етіп келеміз, – деді Ермек бізбен әңгімесінде.
Ол сөз арасында қазір жастардың өзін көрсетуге барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Өңірде кейінгі жылдары көптеген жаңа спорт ғимараттары бой көтерді. Тіпті, ауыл-ауылдарда осындай сәулетті орындар ашылды. Ол кешендерге білікті мамандар қызметке шақырылды. Ендігі кезекте дер тынбай тер төгіп, өзінің қабілеті мен қарымын көрсетуі қажет. Ауылда жүрсе де әлемдік додаларға жолдама алуына әбден болады.
Кейіпкеріміз Ермек Көкетов осылайша толғанысқа берілді. Бәрі де көз алдында күні кешегідей тізбектеліп өтіп жатыр. Өмірдің сан алуан шағы болады. Асқақ арманы бар спортшы қай кезде де сағы сынбауы тиіс. Сонда ғана үлкен жеңістер өздігінен келеді.