Facebook WhatsApp Instagram

Қоғам

0

Жолдау – ел дамуының жаңа бағыты, болашаққа бастар бағдар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел дамуының алдағы кезеңіне бағыт-бағдар беретін, стратегиялық мақсаттар мен маңызды міндеттерді айқындайтын тарихи мәні зор саяси құжат. Бұл Жолдау – бүгінгі уақыттың талабына берілген нақты жауап қана емес, сонымен қатар тәуелсіз еліміздің келешегіне деген сенімді нығайтып, қоғамды ортақ мұрат жолында жұмылдыратын маңызды бастама.



Жолдаудың негізгі арқауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ұлттық экономиканың әлеуетін нығайту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және Қазақстанның халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері көрініс тапқан. Мұның барлығы ел болашағының жарқын болуы бүгінгі қабылданған шешімдер мен атқарылған нақты істерге тікелей байланысты екенін аңғартады.

Қазіргі жаһандық өзгерістер мен күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің басты құндылығы – ел ішіндегі татулық, қоғамдық келісім және тұрақтылық. Бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан ел ғана уақыттың түрлі сынақтарынан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсе алады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының заң мен тәртіпті нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, адал еңбек пен қоғамдық белсенділікті дәріптеуге бағытталған ұстанымы ерекше маңызға ие.

Экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығының мүмкіндіктерін кеңейту – елдің экономикалық дербестігі мен тұрақты дамуының негізгі тетіктері. Сонымен қатар өңірлердің әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, жолдар мен әлеуметтік нысандардың сапасын жақсарту, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мәселелері де айрықша назар аударуды қажет етеді. Өйткені мемлекеттің өркендеуі, ең алдымен өңірлердің дамуынан, ел игілігінің әрбір шаңыраққа жетуінен көрінеді.

Жаңа дәуірдің басты ерекшеліктерінің бірі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы. Осы бағытқа басымдық беру – Қазақстанның жаһандық технологиялық үдерістерден қалыс қалмай, заман талабына сай жаңғыруына жол ашатын маңызды қадам. Цифрландыру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға тиіс. Ең бастысы, қолға алынған әрбір реформаның нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет.

Жолдауда әлеуметтік саясат, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және адами капиталды дамыту мәселелерінің кеңінен қамтылуы да терең мәнге ие. Себебі мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, ал елдің ертеңгі қуаты – білімді, отаншыл, бәсекеге қабілетті ұрпақ. Ұстаз мәртебесін көтеру, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, ғылымды дамыту, халық денсаулығын қорғау және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру – болашаққа бағытталған баянды бастамалар.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [✔] *: