Әсел Серікбай облыста тұңғыш ФИДЕ шебері нормативін орындады
Үстіміздегі жылдың 31 мамыр мен 8 маусым аралығында Сингапурде шахматтан оқушылар арасында өткен XI Азия чемпионатында қызылордалық қос шахматшы табысты ойын көрсетті.
Қазақстан құрама командасы 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді олжалап, жалпыкомандалық есепте төртінші орынды иеленді. Оның ішінде 2 алтын мен 1 қола қызылордалықтардың еншісінде.
23 мемлекеттен шахматшылар қатысқан аталмыш бәсекеде № 1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің шахматшы қыздары Әсел Серікбай мен Назерке Нұрғали жеңіс тұғырына көтерілді.
Әсел 13 жасқа дейін жасөспірімдер арасында классикадан жеңімпаз атанып, облыс тарихында бірінші болып ФИДЕ шебері нормативін орындады. Ал блицтен қола жүлдені еншіледі.
Назерке 11 жасқа дейінгі бәсекеде сынға түсіп, шахматтың классика түрінен бірінші орынды иеленді.
Шахматтан облыстың аға жаттықтырушысы Риза Қошқарованың айтуынша, енді қос спортшы 23 - 29 маусым аралығында Қызылордада болатын Аралбай Махамбетов мемориалына арналған Қазақстан Кубогының II кезеңіне қатысады.