Еуро – 2016 іріктеуін де аяқтадық. Соңғы турда сырт алаңда Латвияны 1:0 есебімен жеңген соң, 6 құраманың бесіншісі болып жырғап отырмыз, жолдама алғашқы турдан кейін-ақ көзден бұл-бұл ұшқан. Ресейлік маман Юрий Красножан осы турнирде Қазақстан құрамасын ширата алды ма? Қандай тактиканы қош көрді? Қай еңбегі жемісті болды? Білігіміз жеткенше талдап көрейік.
Жас келсе – іске
Қақпашы мәселесі Қазақстан тәуелсіздік алғалы басымызды ауыртып көрген емес. Алайда соңғы жылдары Андрей Сидельников пен Александр Мокин кезектесіп, қайсысының мықты екенін анықтай алмай жүрген-ді. Құрамадан Шторк және Беранек дәуірінде мүлде алыстаған Давид Лорияны Красножан да «амнистиялаған» жоқ. Соған қарағанда, Лорияның жазығы көп пе екен?
Красножан да әуелі Мокин мен Сидельниковты кезек қойып көрді. 2014 жылғы 4 ресми кездесуде бұл екі қақпашы 2-2 кездесуден өткізді. Алайда Мокиннің Амстердамдағы сенімсіз қимылы Сидельниковтың Чехиядан Астанада жіберген 4 голы жанкүйер ашуына тие бастады. 2015 жылдың алғашқы ойынында Молдовамен жолдастық кездесуде Красножан «жаңа қазақ» Ненад Еричке сенім артты, бірақ оның кезінде Сербия жастар құрамасы сапында ресми ойынға қатысқаны, Қазақстан азаматтығын алуының кешеуілдеуі бәрібір «ескі» Сидельниковты қақпаға қайта шақыруға мәжбүрледі. Андрейдің әуені бұрынғыша болды, көктемдегі Исландиямен кездесуде ол өзі қорғаған тордан допты 3 рет алып шықты. Одан кейін Сидельников жыл соңына дейін құраманың қосалқы қақпашысына айналды. Оның орнын 22-ден жаңа асқан Стас Покатилов иеленді. Жас қақпашы Ресеймен жолдастық кездесуде қақпа құлпын берік ұстаған соң, содан кейінгі барлық ресми кездесуде 1 нөмірінен айырылған жоқ. 7 кездесуде небәрі 5 гол жіберіп, Қазақстан қақпашыларының соңғы жылдардағы масқара көрсеткішін әлдеқайда жақсартты. Мұның ішінде 5 гол да ресми кездесуде соғылғанын атап өтсек жеткілікті. Қарсыластарымыз Еуро – 2016 додасына тікелей жолдама алған Түркия, Чехия, Исландия және үнемі мықты Голландия болғанын тіпті сызып көрсетуге тиіспіз. Демек, Қазақстан құрамасы алдағы жылдарда қақпашы мәселесіне бас ауыртпаса да болады. Оны Красножан құрамаға өте дұрыс тауып алды. Жас қақпашы енді қандай сында да өскен үстіне өсе түсуіне ғана тілеулеспіз.
Әуелі – топалаң, артынан – тәртіп
Юрий Красножан қорғаныс шебіне экспериментін іріктеу кезеңінің соңына дейін жалғастырды. Әлі толық бір нұсқаға тоқтады деп және айта алмаймыз. Әуелі бапкер негізгі құрамға 3 орталық қорғаушыны үнемі шығарып жүрді. Мұндай жағдайда қос қапталдағы қорғаушылардың шабуылға жиі араласу мүмкіндігі арта түсетін. Бұл нұсқаны кезінде Виктор Кумыков «Шахтерде» сәтті пайдаланды. Құрама бапкерлерінің бірі болғандықтан да, Кумыков қорғаушылардың 4 емес, 5 болуы Қазақстан жағдайында өте тиімді екенін Красножанға дәлелдей алды ма екен әлде? Сондықтан да іріктеу кезеңінің алғашқы турларында Воротников-Абдулин-Логвиненко үштігіне қос қапталдан Мирошниченко мен Шомко көмектесіп жүрді. Ортадағы үштікке кейде Дмитренко мен Гурман да кіріп жүрді, бірақ биылғы жылдың басында Исландиядан ойсырай ұтылған соң, бас жаттықтырушы бірте-бірте Воротников, Абдулин, Дмитренко қызметінен бас тартты. Сөйтіп, Ресеймен жолдастық кездесуде тәуір көрінген Сергей Малый мен Юрий Логвиненконы жұп жасап, қорғанысты көз үйренген төрттікке айналдырды. Енді қос қапталдан Шомко мен Энгель немесе Шомко мен Сүйімбаев қорғаныс жүгін көтеретін болды. Іріктеу соңына дейін осы төрттікке көзіміз әбден үйренді. Қорғаныста тәртіп күшейгесін, қарсыластар да біздің қақпаға топырлатып гол соға алмайтын жағдайға жетті. Биылғы 9 кездесуде Қазақстан қақпасына 9 ғана голдың соғылуында қорғаныстың тәртіптілігі көп рөл атқарды десек, жаңылмағанымыз.
Алдағы уақытта осы төрттік біраз уақыт өз орнын ешкімге бермеуі мүмкін. Шомконың әмбебаптығы да құрамаға көп пайда әкеліп тұр. Мысалы, латыштармен кездесуде қорғаныстың екі қапталында Энгель мен Сүйімбаев ойнады да, Шомко жартылай қорғанысқа кетті. Сүйімбаев екеуі сол қапталда кезек ауысып, қарсыластардың басын тәуір-ақ айналдырды. Алайда Ғафуржанның көп жағдайда қорғанысқа оралып үлгермей қалатындығынан Шомко сол қанатқа жалғыз жауап берген сәттері де аз емес. Ал Сергей Малый Латвияға қарсы өте сауатты ойнады.
Ашылған арал
4-4-2 немесе 4-2-3-1 нұсқаларын пайдаланғанда, Қазақстан құрамасы дәл қазір негізгі құрамда 2 артқы жартылай қорғаушыны қажет ететіні сөзсіз. Жалпы, әлемдік футбол үрдісінде бар нәрсе ол. Красножан бұл шепке ардагер Сымақовты оралтып, оның қасында қанаттаса ойнайтын футболшыны біраз іздеді. Анатолий Богданов, Асқат Тағыберген, Аслан Дарабаев, Андрей Карпович сияқты ойыншылар бапкер көңілінен шыға қоймағандай. Олар соңғы ойындардың ешбірінде алаңға шыққан жоқ. Дарабаевтан басқасы жиындарға шақырылмады да. Гурман да осы шепте біраз пайдаға жарады. Дегенмен Сымақовтың сыралғы әріптесі болып ақыры Исламбек Қуат танылды. Өткен жылдың ортасында «Астанадағы» әрекетсіздіктен кейін «Қайратқа» ауысқан жас футболшы биыл қатты өсті. Қазір «Қайраттың» біресе сол қапталдағы қорғаушысы, біресе Михаил Бақаевпен немесе Анатолий Тимощукпен бірге артқы жартылай қорғаушы міндетін абыроймен орындап жүрген Қуатты Красножан осы күзден бастап құрамаға тартты. Жас футболшы өзінің спорттық ғұмырындағы мүмкіндікті тамаша пайдаланды. 4 кездесуде тынбай жүгіріп, бірнеше позицияны қатар жабуға үлгеріп қана қоймай, соңғы екі кездесуде 2 гол енгізді. Латвия қақпасына жеңіс добын соғып, Қазақстан құрамасының өз тобында соңғы орында қалмауына еңбек сіңірді. Қуат Қазақстан жастар құрамасынан ұлттық құрамаға лайықты ауыса алатын толқын барын тамаша аңғартты.
Жартылай қорғаныстың қос қапталында Красножан сеніміне Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Жолшиев көбірек ие болды. Соңғы кездері клубтық деңгейде көріне алмай жүрген Қонысбаев құрамада барын салып-ақ бағады, бәрібір дода дәмін аз сезініп жүргені аңғарылып қалады. Жолшиев Чемпиондар лигасындағы сенімді қимылымен құрамаға қажет екенін әбден дәлелді, бірақ жарақаты сыр беріп қалды. Ал ойынды ұйымдастырушы Бауыржан Исламхан биыл жақсы өскенін аңғартты. Тіпті қарсылас командалар бапкерлерінің Исламхан үшін арнайы тактикалық құрылым дайындайтыны да рас. Бірақ Бауыржан көп жағдайда ортаға ойысып, өз қапталын ашық қалдырады. Бұл кезде оның позициясына қорғаушылар келе қойып, шабуылға дем беруге тырысады. Соңғы ойындарда 5 емес, 4 қорғаушы нұсқасына көшкен соң ғана Исламханның адымы кеңейе бастады. Голландия құрамасымен кездесуде жарақат алып, ол соңғы жеңісті ойынға қатыса алған жоқ. Бәрібір болашақ құрама дәл осы Исламханның айналасына топтасатыны күмән тудырмайды. Голландия және Латвия құрамаларымен ойындарда бас жаттықтырушы оң қанатта Тимур Досмағамбетовті негізгі құрамға қосты. Тәжірибе жинай келе, бұл ұшқыр футболшы құраманың тұлғасына айналса қане, әзірше қимылында толқыныс басым. Азат Нұрғалиев, Қазбек Гетериев, Жамбыл Көкеевтер құрамаға бір оралып, бір шеттеп жүр.
Мергендеріміз – шабуылшыдан басқалар
Красножанның басты проблемасы – шабуылшылар. Қазақстан құрамасы Еуро – 2016 іріктеу кезеңінде 7 гол соқса, соның төртеуін – қорғаушылар, үшеуін жартылай қорғаушылар енгізді. Бас мергеніміз орталық қорғаушы Логвиненко (3 доп) болуы да көп жайды аңғартады емес пе? Биылғы 9 кездесуде отандастарымыз 4 рет қана қарсы қақпаның кілтін тапты. Өте төмен көрсеткіш.
Әрине, құрамаға шақырылып жүрген Таңат Нөсербаев та, Сергей Хижниченко да, Алексей Щеткин де барын салады. Алайда қазір Қырғызстан сияқты бізден 7 гол жіберіп алған осал құрама Еуропада жоқтың қасы. Қазақстан премьер-лигасындағы мергендердің барлығы дерлік – легионерлер. Ендеше, Красножан әзірше барымен базар болып, шабуылшы соға алмаған голдың жүгін басқа шептің шеберлеріне артады. Тоқтар Жаңғылышбай жыл басында Ресейге қарсы тәуір ойнап еді, «Астанада» да, «Қайратта» да көзге түсе алмай, көмескіленіп бара жатыр. Басқа бармақ бүгіп тұрып еске алатын ешкім жоқ.
Красножан не істейді?
Егер ҚФФ басшылығы сенім артса, Юрий Красножан құрама бапкері болып қала береді. Жыл соңында оның келісімшарт мерзімі аяқталады. Дегенмен құраманың енді ғана өзіндік беті айқындала бастаған кезде басқа біреу келіп төңкеріс жасаудың қандай қажеттілігі бар? Қазір қолымызда барды Красножан сығып пайдаланып, 5 ұпай және 5-орын алды. Енді 2018 жылғы әлем біріншілігінің іріктеуінде осы мықтылар білгенін арттыра түссе, жаман болмаспыз. Футболдан Еуропаның өз баласына айнала бастадық қой...