Белгілі ауыр атлет, жерлесіміз Илья Ильин допинг дауына іліккеннен кейін біршама уақыт елдің көзінен таса қалып қойғаны рас. Алайда, ол өзінің спорттық бабын жоғалтпауға тырысып келеді. Бұл жөнінде Seykhuninfo.kz ақпарат агенттігі мәлім етті.
Ол жақында Астанадағы «Астана-арена» стадионында өзінің бір топ жанкүйерлерімен доп тепті. Бұл жайында «Хабардың» спорт журналисі Айбек Қабылша айтып өтті.
Роберт Левандовскимен доп теппесек те, Илья Ильинмен дәл сол «Астана-аренада» футбол ойнадық. Ол польшалықтар секілді тәкаппар емес. Қарапайым қазақтың баласы біздің Илья. Бүгінгі біздің команда құрамы осындай болды» деп жазады ол.
Естеріңізге сала кетелік, бүгінде 28 жастағы Илья Ильин биылғы Рио олимпиадасынан допинг дауына байланысты шеттетілген еді. Бұған дейінгі уақытта ол ересектер арасында 4 дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алса, 2008 және 2012 жылғы Олимпиада чемпионы тұғырына көтерілген еді. Дегенмен, ол екі жүлдесіне байланысты допинг қолданды деген айып тағылғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Әзірге бұл жөнінде толық шешім шыға қойған жоқ.