Қазір жер-жаһандағы үздіктер Париж Олимпиадасына көз тігіп отыр. Әлемнің барлық тәуелсіз елі дүбірлі додада өз саңлақтарының тілеуін тілейді. Олардың қатарында біздің еліміздің спортшылары да бар.
Биыл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде сегізінші мәрте үкілеген үздіктерін қосуға мүмкіндік алып отыр. Қуаныштысы, қазірге дейін талай спортшымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биікте желбіретті. Олардың қатарында қызылордалық жастардың да болуы бізді қуантады.
Боксшы Қамшыбек Қоңқабаев өз мансабындағы екінші Олимпиадасына қатысады. Ол Токио ойындарында қола жүлде иеленген болатын. Оның ендігі мақсаты – өз нәтижесін жақсарту. Толығырақ Olympic.kz материалында.
Қоңқабаев аса ауыр салмақ бақ сынайды. Оның ең басты қарсыласы – өзбекстандық Баходир Жалолов. Өзбек боксшысы Қамшыбектің әккі әрі тәжірибелі қарсыласы. Себебі, соңғы кездесулер түгелдей Жалоловтың жеңісімен аяқталып жүр.
Екі боксшының арасындағы соңғы финал Ханчжоудағы Азия ойындарында өтті. Сол кезде де Баходирдің бабы мен бағы қатар шапты. Парижге ол екінші Олимпиада алтыны үшін бармақ. Өйткені, соңғы Токио Олимпиадасының жеңімпазы да сол Жалолов әрі ол осы салмақтың басты фавориті саналады.
Ұлыбританиялық Делишес Ори де маңызды қарсыластар қатарында. Ол әлемдік деңгейде әлі таныла қойған жоқ. Бірақ былтыр өткен Еуропа ойындарында топ жарды. Сондай-ақ, 2022 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ори күтпеген жерден тиімді шешім қабылдайтын, түрлі әдістерге бай боксшы.
Германиялық Нельви Тиафак та қауіпті боксшылардың бірі. Көпшілік Токио Олимпиадасында Тиафак алға озады деп сенген. Бірақ Нельви карантин салдарынан бабына ене алмай, Олимпиададан сырт қалды. Енді ол өз мақсатын орындау үшін барын салары анық. 2022 жылғы Еуропа чемпионы, Еуропа ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2019, 2023).
Негізі, бұл дивизионда атағынан ат үркетін боксшылар аз. Испандық Айюба Гадфаны атап өтуге болады. Ол 2023 жылғы ӘЧ қола жүлдегері. Тиафак секілді, ол да Токиоға бара алмай, Парижге іріктеуден өтті. Айюб екінші әлемдік іріктеуде лицензия алды. Биыл ол Еуропа чемпионы атанған.
Бразилиялық Абнер Тейшер де қарымды спортшы. Токио ойындарының қола жүлдегері. Бірақ 91 келіде жүлде алды. Бүгінде ол салмақ ауыстырып, түрлі халықаралық сында бақ сынады.
Жалпы алғанда, Қоңқабаевтың дивизоны айтарлықтай қарымды емес. Бәрі сәтімен болса, ол финалға дейін жетуі керек. Өйткені, оның деңгейі көптеген қарсыласынан әлдеқайда жоғары. Қамшыбектің екінші Олимпиада медалін алатын мүмкіндігі жоғары. Тіпті, алтынға таласатын әлеуеті де жеткілікті.
Кеше бокстан Париж Олимпиадасының жеребесі тартылып, қазақстандық боксшылардың алғашқы қарсыластары анықталды. Осы орайда, ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жеребе тарту рәсіміне қатысты шағын пікірін айтты, деп жазады Olympic.kz.
Айта кетелік, жеребе қорытындысы бойынша қазақстандық боксшыларға қарымды қарсыластар түсті.
Ал бірнеше боксшымыз бірінші айналымнан сүрінбей өтер болса, өз салмақтарындағы әлем үздіктерімен кездесуі мүмкін.
«Бұл – Олимпиада ойындары. Әрбір қарсылас іріктеліп, үлкен дайындықпен келген. Оңай қарсылас жоқ. Сол себепті, әрбір жекпе-жек біз үшін финалға пара-пар. Біз екінші, үшінші кездесу қиын болады деп қарастырмаймыз. Бір бірінші жекпе-жектен бастап тас түйін дайын шығамыз», - деді бас бапкер.
2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлдеге қол созды. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Оған қоса 2016 жылы ауыр атлетикадан жерлесіміз Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Барлығы жарыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізуге тырысты. Сондықтан әрбір саңлақтың жетістігін лайықты бағалаймыз.
Олардың көпшілігі қазір үлкен спорттан қол үзіп кетті. Кейінгі жылдары Қазақстан боксында өз орнын еншілеп үлгерген гүрзі жұдырықты Қамшыбек Қоңқабаев алдағы аламанда да сынға түсуге тастүйін дайындығын жасап отыр. Олимпиада жолдамасына былтыр Азия ойындарында қол жеткізіп үлгерген ол бұдан бұрынғы олқылықтың орнын толтырып, жеңіс тұғырынан көрінуге күш салмақшы.
Әрине, қазір әлемде бокс ерекше дамып келеді. Бұрын тек ұпай таратып келген мемлекеттердің өзі ешкімнен қаймықпайтын тәжірибелі былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шықты. Қай салмақта да жүлдеге талас қарқынды жүреді. 2020 жылы біз Қамшыбек финалға дейін қиналмай жетеді деп болжам жасаған едік. Ол ойламаған жерден жартылай финалда АҚШ спортшысы Ричард Торреске есе жіберіп қойды.
Қазақстандық спортшылар Жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері тәуелсіз мемлекет құрамасы сапында қатысуға мүмкіндік алды. Содан бергі уақытта олар барлығы 72 медаль алып қайтты. Оның ішінде 24-і былғары қолғап шеберлерінің еншісіне тиеді. Қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль алды.
Жазғы Олимпиада ойындарында 1996 жылы Василий Жиров (81 келі) -алтын, Болат Жұмаділов (51 келі) - күміс, Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Ермахан Ибраимов (71 келі) - қола, 2000 жылы Бекзат Саттарханов (57 келі), Ермахан Ибраимов (71 келі) - алтын, Болат Жұмәділов (51 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (91 келі) - күміс. 2004 жылы Бақтияр Артаев - алтын, Серік Елеуов - күміс, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) - алтын, Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) - қола, 2012 жылы Серік Сәпиев (69 келі) - алтын, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) - күміс, Марина Вольнова (75 келі) - қола, 2016 жылы Данияр Елеусінов (69 келі) - алтын, Василий Левит (91 келі), Әділбек Ниязымбетов (81 келі) - күміс, Иван Дычко (91 келіден жоғары), Дариға Шәкімова (75 келі) - қола, 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), Сәкен Бибосынов (52 келі) - қола алып қайтты.
Ендігі кезекте жерлесіміз сол олқылықтың орнын толтырып, жанкүйерлерді жоғары жетістігімен қуантады деген сенімдеміз. Оған барлық мүмкіндігі бар. Тәжірибесі толысқан Қамшыбекті білікті мамандар өз салмағында чемпиондықтан үміткер ретінде санайды. Әрине, Олимпиадаға шеберлігі шыңдалған спортшылар қатысатынын ескерсек, оған әрбірі жоғары дайындықпен келгені жөн. Қазір Қамшыбектің сол мақсатта тынбай тер төгіп жүрген жайы бар.