Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин биыл Хьюстонда өтетін әлем біріншілігіне қатыспайтын болды. Бұл туралы спортшы «Мегаполис» газетіне берген сұхбатында айтыпты.
– Биыл бір турнирге қатысатыным анық. Тұғырға шығып, өзімнің шама-шарқымды байқап көруім керек. Бірақ, әлем чемпионатына қатыспаймын. Өйткені, екі жылда екі бірдей үлкен турнирге қатысу үшін жақсылап дайындалу қажет. Ал, мен өз күшімді сақтағым келеді. Менің басты мақсатым – Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарында алтын алу. Бразилия жерінде жақсы өнер көрсету үшін дайындаламын, - дейді Илин ағынан жарылып.
Сұхбат барысында Ильин жаттығу жұмыстарына толық өзгеріс енгізгенін және Жасұлан Қыдырбаевтың жеңісіне ерекше тоқталып кетіпті.
– Жаттығу жұмыстарыма өзгеріс енгізгенім рас. Жүгіруді қостым. Бұл зілтеміршілер үшін жаңалық деп айтсақ та болады. Күніне 5-6 шақырым жүгіремін. Соңғы кездері бокспен айналысып жүрмін. Біздің командада Рүстем Сыбай жаттығады. Ал, оның аға Рустам Сыбай бокстан ел чемпионы. Рүстем бізге бокстың әдістерін үйретіп, жаттықтырушы қызметін атқарады. Соққымды жақсылап қойып алғым келеді. Оның үстіне менің жақын достарым – Серік Сәпиев пен Бақтияр Артаев боксшылар. Қарағандыда Рой Джонспен жақсы әңгімелестік. Сол жігіттерге қарап боксты да үйренгім келді.
Жалпы біздің команданың өз ұраны бар: «Зілтеміршінің қолынан барлығы келеді!», - деген. Сол ұстаныммен өмір сүреміз. Сондай-ақ жаттығудан кейін 2 шақырым суда жүзіп те тұрамын.
Өткен жылғы әлем біріншілігіне қатысу үшін мен 11 ай бойы тынбай тер төктім. Сөйтіп, жоспарымды 15 пайызда артық орындадым. Менімен бірдей жаттығу жасаған жігіттердің қатарында Жасұлан Қыдырбаев та болды. Сондықтан да мен Жасұланның алтын алғанына таң қалған жоқпын. Керісінше, әділеттіліктің орнағанына қуандым. Себебі, менімен бірдей жаттығу жасап, барлығына төзген тек Жасұлан ғана болды. Дегенмен, Володяның да осал дей алмаймын», - дейді төрт дүркін әлем чемпионы.