Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Шайзидин Кенжебаев: "Байқоңыр" маған команда ретінде ұнады"

Шайзидин Кенжебаев: "Байқоңыр" маған команда ретінде ұнады"Жерлестеріміздің жеңісінен аяқталған «Байқоңыр» - «Мақтаарал» кездесуінен кейін қонақтардың бас бапкері Шайзидин Кенжебаев баспасөз мәслихатын өткізіп, команданың жағдайы жайлы айтып берді.
-Күн ыстық болғандықтан шығар, бірінші тайм аса тартысты болған жоқ. Екі команда да өз өнерлерін толық паш ете алмады. Тек үзілістен кейін ғана ауа-райының аптаған ыстығы аздап басылып, көрермендер өрнекті ойын үлгісін көре бастады. Ал «Байқоңыр» өз голын соғып алды да, тапсырманы орындады. Өкінішке қарай, матч басында капитанымыз Александр Трайкович басын жарып алып, алаңнан ерте кетуге мәжбүр болды. Әйтпегенде Трайкович бізге көмектесер еді.
-Шайзидин Камалұлы, «Мақтааралдың» бюджеті қанша?
-Былтырғыдай. Биылғы маусымда қаржы жағынан өзгеріс болған жоқ. Шамамен 180 миллион теңгенің төңірегінде.
-«Байқоңыр» тек жергілікті ойыншылардан құралған. «Мақтаарал» да сондай саясатты ұстана ма?
-Біз ауданның командасымыз. Әлбетте, Мақтааралда футболға үлкен көңіл бөлінуде. Дегенмен, жергілікті ойыншылардың ысылып, жетілулері үшін білікті, тәжірибелі легионерлер де керек. Мәселен, «Ордабасы» командасында ойнаған Александр Трайкович өзінің еңбекқорлығымен жастарымызға үлкен үлгі болуда. Сондай-ақ, Сербиядан Небойша Станкович келді. Еліміздің басқа аймақтарынан да жақсы ойыншыларды шақырып жатырмыз.
-«Мақтааралдың» әлсіз тұсы қандай?
-Шабуыл. Гол соғуымыз проблемаға айналып кетті. Сондықтан, қазір командамызға жақсы шабуылшылар қарап жатырмыз.
-Қазақстан Премьер-лигасында ойнаған Ерзат Кенбаев «Мақтаарал» сапында болған еді. Көрінбей кетті ғой...
-Иә, Кенбаев – өте тәжірибелі ойыншы. Біз оны командаға үлкен сенім артып шақырдық. Ол да «Мақтааралға» көмектескісі келді. Чемпионат басында алаңға шығып жүрді. Бірақ өткеннен қалған ауыр жарақаты бар еді. Сол күйі көсіле шаба алмады. Жарақаты маза бермей қойды. Содан өзара мәмілеге келіп, онымен келісімшартты үздік.
-Ал «Байқоңыр» сапында қай футболшының ойыны ұнады?
-Жалпы, «Байқоңыр» маған команда ретінде ұнады. Жеке ойыншыларын бөле-жарып айта алмаймын. Негізі, өз алаңында ешкімге есе жібермейтін ұжым. Тіпті, сырт алаңда да жақсы ойнайды. Ойлап қарасам, «Байқоңырдың» биыл тек бір ғана сәтсіз ойыны болыпты. «Болатқа» қарсы матчта ғана өздерін жақсы қырынан көрсете алмаған.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: