Бүгін футболдан Еуропа лигасының 2015/2016 жылғы маусымы басталады. Алғашқы іріктеу кезеңіне Қазақстанның үш командасы қатысады. «Ордабасы» мен «Ақтөбе» алғашқы ойындарын өз алаңдарында өткізсе, «Қайрат» Сербияда ойнайды. Ендеше, біздің командалардың қарсыластарының қарымын саралап көрсек.
«Қайрат» – «Црвена Звезда» (Сербия)
«Ақтөбе» – «Нымме Калью» (Эстония)
«Ордабасы» – «Бейтар» (Израиль).
«Црвена Звезда»
Алдымен «Қайраттың» қарсыласынан бастайық.
«Црвена Звезда» – 1945 жыл Белград қаласында құрылған. Сербия чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы. Чемпиондар лигасы құрлықаралық кубокты еншілеген Сербиядағы жалғыз команда. Бұл атақтардың барлығы Любо Петровичтің кезіне дөп келді. Естеріңізде болса, Петрович 2012-2013 жылдары «Ақжайық» және «Тараз» клубтарында жаттықтырушы болған еді.
«Црвена Звезда» Югославия мен Сербия чемпионатында 26 мәрте чемпион атанған. Соңғы жылдары команда қаржылық қиындықтарға тап болып, тіпті, УЕФА кубоктарына қатысудан да бас тартқан еді бір кездері.
Осы жылдың маусым айынан бастап, команданың тізгінін черногориялық Миодраг Божович ұстады. Ол Ресейдің «Локомотив», «Москва», «Динамо», «Ростов», «Амкар» клубтарын жаттықтырған маман ретінде танымал.
«Удинезе» мен «Зенит» клубтарында ойнаған Александр Лукович бұл күндері осы команданың капитаны. Клубта негізінен Македония, Антигуа және Барбуд, Мали елдерінен келген легионерлер бар.
Жақында Неманья Максимовичпен бірге жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен қақпашы Предраг Райкович, қорғаушы Вукашин Йованович осы «Звезданың» қатарында өнер көрсетеді.
«Црвена Звезда» өз алаңындағы ойындарын Райко Митич атындағы стадионда өткізеді. Бұл стадионды жанкүйерлер «Маракана» деп те атайды. Сыйымдылығы – 58 мың адам.
«Қайрат» бұл командамен бұған дейін де кездескен. 2002 жылы УЕФА кубогы аясында екі ойында да ұтылған еді (0:2, 0:3).
«Қайрат» қорғаушысы Жарко Маркович осы команданың түлегі. Бірақ негізгі құрамда ойнамаған. Сондай-ақ «Жетісуда» өнер көрсетіп жүрген Джордже Деспотович, «Астанадағы» Неманья Максимовичтер осы клубтан шыққан.
– Бас бапкер Владимир Вайсс қорғаныста жатып алғанды қаламайды. Ашық футбол ойнап, шабуыл жасағанды құп көреді. Сұрмерген Жерар Гоудан көп үміт күтеді, – дейді Жарко Маркович.
Жарко Марковичтің бойы 204 см. Елімізде доп теуіп жүрген ең ұзын ойыншы.
– Бізге ең қиын қарсылас түсті. Клубтағылар «Црвена Звезданың» әлеуетін жақсы біледі. Дегенмен екі матчтан тұратын ойында мүмкіндігіміз бірдей деп ойлаймын. Біздің артықшылығымыз Қазақстан чемпионаты нағыз қызған шағында. Ал Сербия чемпионаты әлі басталған жоқ, – дейді қорғаушы.
2002 жылдары «Қайраттың» қосалқы құрамын жаттықтырған Владимир Гулямхайдаров «алматылықтар келесі кезеңге шыға алады» дейді.
– 2002 жылы сербтер өте мықты болды. Өйткені олардың көптеген ойыншылары кейіннен Еуропада доп тепті. Мысалы, Неманья Видичті алсақ та жетеді. Нәтиже әділетті болды. Себебі, ол кезде «Қайратта» көп мәселе бар еді. Қаржылық, кадрлық сияқты. Көп ойыншылар кетіп қалды. Ал қазір сербтермен ойнауға болады. Алайда босаңсудың қажеті жоқ. Әрине, «Црвена Звезда» бұрынғыдай емес. Ашығын айтқанда, сол кезгі команданың тек аты ғана қалды. Олар негізгі басымдықты жастарға беріп отыр. Мектептері өте мықты. Сондықтан кездесу оңайға соқпайды. Тек тәжірибе аздық етеді демесек, басқасының барлығы бар. Алайда Владимир Вайсс тәжірибелі бапкер. Барлығын назардан тыс қалдырмайды деп сенемін, – дейді Гулямхайдаров.
«Қайрат» ойыншыларының жалпы құны – 10 миллион еуроны құрайды. Ал «Црвена Звезда» алматылықтарға қарағанда екі есеге қымбат. Олардың бағасы – 19 миллион 650 мың еуро.
«Бейтар»
«Ордабасының» қарсыласы «Бейтар» 1936 жылы құрылған. 1954 жылы алғаш рет Израиль чемпионатының жоғары дивизионына көтерілді.
Команда жоғары дивизонға бір көтеріліп, бір түсіп жүрген. 1987 жылы алғаш рет Израиль чемпионатында топ жарды. Одан кейін 1996/1997 және 1997/1998 жылдары қатарынан екі рет чемпион атанды.
XXI ғасырда команданы израильдік миллиардер Аркадий Гайдамак сатып алады. Команда құрамы жаңарды. Бірнеше бапкер ауысты. Команда 2007 және 2008 жылдары екі рет чемпион атанды. 2008 жылы кубокты да алды. Бірақ халықаралық аренада ешқандай жетістікке жеткен жоқ.
Виктор Кумыков, «Ордабасы» командасының бас бапкері:
– Оңай қарсылас емес. Израильдегі ең танымал команданың бірі. «Ордабасының» рейтингі жоғары емес. Сондықтан әлсіз команда түседі деп күткен жоқпыз. Себеттің әлсіздер жағынан түскен соң, мықтылардың біреуі тап болатынын білдік. Алдағы уақытта қарсыластың қалай ойлайтынын қарап көріп, кездесуге дайындалатын боламыз.
«Нымме Калью»
«Нымме Калью» 1923 жылы Таллин қаласында дүниеге келген. 1997 жылы қайтадан құрылды. 1997-2004 жылдар аралығында Эстония чемпионатының үшінші лигасында өнер көрсетті. 2004 жылдан кейін екінші лигаға көтерілді. Ал 2007 жылдан бастап, жоғары лигада өнер көрсетеді. Алғашқы жылы төртінші орын алды. Еуропа лигасына қатысты. Одан кейін екі жыл қатарынан Эстония кубогының финалында ойнады. Сондай-ақ ішкі чемпионатта күміс жүлдегер атанды. 2012 жылы алғаш рет чемпион болды. Әзірге еурокубокта айтарлықтай жетістігі жоқ.
«Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев қарсыластарын құрмейтінін айтты. Ал команда капитаны Юрий Логвиненко «Эстония командасымен бірінші рет кездесейін деп тұрмыз. Сондықтан қарсылас туралы ештеңе білмейміз. Барлығын ойын көрсетеді. Еуропа лигасында осал команда болмайды. Біз бұл матчқа тыңғылықты дайындаламыз» , – деді.
Қай-қай қарсылас та осал емес. Бірақ бірінші айналымды артқа тастауымыз керек. Былтыр төрт командамыз да бірінші айналымнан сәтті өткен еді. Биыл одан да жоғары нәтиже күтеміз.
Бек ТӨЛЕУОВ