Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" жастары 10 ойыншымен лайықты қарсылық көрсетті

"Қайсар" жастары 10 ойыншымен  лайықты қарсылық көрсеттіСегіз гол, пенальти, қызыл қағаз – бұл ойында барлығы да болды. Бірақ өкінішке қарай, «Қайсар» жастары «Тобылдың» дубльдік командасынан жеңіліп қалды.
«Қайсар»-д — «Тобыл»-д 3:5 (2:2)
Голдар: Елмыррзаев 4 (0:1), Алтынбеков 20 (1:1), Хамзин 28 (1:2), Алтынбеков 42 (2:2), Оразбек 47-автогол (2:3), Қуанышбеков 49 (3:3), Елмырзаев 56 (3:4), Досқалиев 88 (3:5)
Ойынның 1-минутында Мұқанов (Т) пенальти соға алмады (қақпашы).
Қызыл қағаз: Әлиев 15 (Қ).
Бас төреші: Жантуғанов (Қызылорда)
17 шілде. Қызылорда. «Локомотив». 100 көрермен.
Ми қайнатар ыстық. Далада термометр бағаны 50 градусты көрсетіп тұр. Ал футболшылар алаңға беттеп келеді. Қандай ауа-райы болмасын, олар жасыл алаңға шығып, 90 минут доп қуалаулары тиіс. Міне, ерлік. Бір жағынан сондықтан да шығар, матч футболшылар үшін де, төрешілер үшін де оңай болмады.
Ойынның 1-минутында-ақ қақпамызға пенальти белгіленді. Абырой болғанда, қақпашымыз Мақсат Сейдахмет қостанайлық шабуылшының 11 метрден қақырата тепкен добын қаршып алды. Бірақ қуанышымыз көпке созылған жоқ. Төртінші минутта қақпашымызбен жеке-дара шыққан Темірлан Елмырзаев есепті ашып кетті. Ал арада 10 минут өткенде қорғаушымыз Самат Әлиев алаңнан қуылып, жерлестеріміз кем құрамда қалды.
Алайда «Қайсар» жастары еңселерін түсірген жоқ. Елжас Алтынбеков бастаған аламандарымыз көп ұзамай таразы басын теңестіре алды. Алдымен Елжастың тепкен добы қақпаның дәл маңдайшасынан серпіліп, аһ ұрғанбыз. Дегенмен 20-минутта допты 11-ші нөмірлі шабуылшымыз допты бильярдтағыдай шиіріп, қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттады.
Әлбетте, артық құрам қашан да өз дегенін жасайды. 28-минутта қонақтар қайта алға шықты. Әйтсе де жерлестеріміз де жеңсік берген жоқ. Тағы да Елжас Алтынбеков тізгінді өз қолына алып, таразы басын теңестіріп үлгерді. Үзіліс...
Екінші тайм да тура біріншісіндегідей басталды. Командамыз ойынға қосылып үлгергенше қостанайлықтар тағы да алға шығып кетті. Бірақ алаң ортасынан айып соққысын әдемі орындаған Тұрарбек Қуанышбеков үшінші рет таблодағы көрсеткішті теңестірді. Өкінішке қарай, одан өзгеге шама жетпеді. Қонақтар қақпамызға қатарынан екі гол соғып, ойын тағдырын шешіп тастады. Қорытынды есеп – 3:5.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: