Еркін күрестен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әбутәліп Амановтың Сыр спортының дамуына сіңірген еңбегі, ел абыройын асқататуда атқарған қызметі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. 3 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 5 КСРО спорт шеберін, 12 ҚР спорт шеберін дайындаған білікті бапкермен сәрсенбіде сұхбаттасудың сәті түскен еді. Балуандардың бабын келістіріп, томағасын сыпырған майталман маман биікті бағындырудың құпиясымен бөлісті.
- Әбутәліп аға, әңгіменің әлқиссассын аз-кем өскен өңір, өмір өткелдеріңізден тарқатсақ.
- Мен 1958 жылы қарт Қаратаудың етегіндегі Жаңақорған деген кентте дүниеге келдім. Үйдің тұңғышы болғандықтан әжемнің қолында тәрбиелендім. Әкем Нұрлыбек ауыл-аймаққа аты таныс азамат болды. Ол той-жиындарда көкпар тартып, қазақ күресінде күш сынасатын. Бала кезде белгілі ғой, арамыздан біреу таңсық нәрсеге бет бұрса, бәріміз соның ізінен еретін едік. Біз де сол, 7-сыныпта оқып жүргенде сынып болып, күреске қатысатынбыз. Ол кезде қазіргідей спорт нысандары жоқ. 70-жылдары далада, талдың көлеңкесінде, әйтеуір бір ыңғайлы орындарда жаттығу жасайтынбыз. Сонда әжем Бибіажар маған қатты алаңдаушы еді. Әлсіреп қаласың деп, әлсін-әлсін ас-су әзірлеп бәйек болатын. Ал анам менің жаттықтырушы болғанымды қалады. Ақыры анамның арманы орындалды ғой. 1976-1978 жылдары КСРО Қарулы Күштерінің қатарында әскери борышымды өтеген соң Алматы қаласындағы Қазақтың дене тәрбиесі институтына түстім. 1984 жылы дене тәрбиесі және спорт мамандығын тәмамдадым. 1995-2001 жылдар аралығында туған жерімде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқардым. Одан кейін 7 жыл Қызылорда облысының спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында, 5 жыл №1 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде еркін күрес бөлімінің жаттықтырушысы болып жұмыс жасадым. Қазіргі таңда облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға бапкер қызметін атқарып келемін.
- Он бес жыл ішінде өзіңіз тағасын қағып, суытып бәйгеге қосқан шәкірттеріңіздің жетістіктері қандай, көңіл тола ма?
- Шәкірттерімнің биіктерді бағындырғаны еңбектің, төккен теріңнің зая кетпегендігін көрсетеді. Бапкер үшін баптаған тұлпарыңның тұғырдан көрінгенінен асқан қуаныш жоқ. Еңбегіңнің жанғаны жұмысқа деген құлшынысыңды арттырады, әрине. Бірқатар шәкірттерім дүбірлі додаларда топ жарды. Атап айтсам, 1979 жылы спорт мектеп-интернаттары оқушылары арасындағы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО спорт шебері Болат Уайысовты, жастар арасында Қазақстан чемпионы, КСРО спорт шебері Әбубәкір Тәжімбетовті, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Орталық Азия ойындарының жеңімпазы, КСРО спорт шебері, ағайындылар Мұрат, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері Ғазиз және Жомарт Мамбетовтерді, Сайдбек Ақылбековты, ҚР спорт шебері, жастар арасында Қазақстан жүлдегері Самат Қожабаевты, Марғұлан Жүсіповтерді дайындадым. Жалпы, спортта жүзден жүйрік қана жеңіп шығады ғой. Еңбек жолымда 200-ден аса балғынды бозкілемде баулыдым десем, сол жүздердің арасынан суырылып жеті сүйрік шыққанның өзі зор табыс. Себебі бәйгеге шапқанның бәрі кіл жүйрік болмайды. Ара-тұра «байталдың» да болуы заңдылық. Спортқа әркім сүйсінгенмен, нағыз спорттық мінез, болмыс кез келгенге беріле бермейді. Жеңіс тек біржақты нәтиже емес, ол спортшы мен бапкердің ортақ одағының, білек күштері мен өзара түсіністігінің табысы.
- Ә дегеннен жасындай жарқырап, көзіңізге түсіп, биік белестерді бағындырған шәкірттеріңіз бар ма?
- Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым демей ме? Мен мұндағы әрбір балуаннан үміт күтемін. Әрбірі белдесуге шыққанда тақым қысасың. Ал солардың ішінде Дәулетке деген сенімім дара. Спорт мектебіне Дәулетті анасы әкелген болатын. Кішкентай ғана жанарында оты бар қара бала, ә дегеннен-ақ ептілігін байқатты. Айтылған жаттығуларды қайта-қайта қайталап, ескертпелерді дер кезінде түзеуге талпынатын. Қатарластарынан қарыс қадам алда жүретін Дәулет облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жара бастады. Сонан соң спорттағы сара жолы басталды десек те болады. Республикалық додаларға түсе бастады. Кадеттер арасында үштікке енді. Жастар арасында топ жарып жүрді. Мұнан соң ересектер арасында 5 дүркін Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011 жыл), 2012 жылғы XXX жазғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, 2013-2014 жылдардағы Азия чемпионатының 2 дүркін қола жүлдегері, 2015 жылғы Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар Ғалымжан Өсербаевқа да ерекше тоқталуға болады. Ол 2013 жылғы қарулы күштер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иемденіп, 2014 жылы Әлем чемпионы танылды. Жастар арасында 2 мәрте Қазақстан чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері Марғұлан Жүсіповтің де жетістіктері мақтануға тұрарлық. Облыстық құрама сапында алдыңғы буынның ізін басып келе жатқан жасөспірімдеріміз де жетерлік.
- Бар өміріңізді спортқа, оның ішінде шәкірт тәрбиелеуге арнап келесіз. Ұзақ жылғы осы еңбегіңіз лайықты бағаланып жүр ме?
- Біздің мақсатымыз бала тәрбиелеу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру және спорт арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу болғандықтан, осы үрдістен шыға білдім деп ойлаймын. Еңбектің еленгені болар, аудандық, облыстық, республикалық деңгейде марапатталып жүрмін. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» медалін иемденіп, 2014 жылы ҚР Дене шынықтыру және спорт комитетінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін тағындым. Меніңше еңбек, атақ-даңқ, бір жапырақ қағазбен өлшенбейді. Мен үшін шәкірттерім ұлт намысы сынға түскен сәттерде сүрінбей, алты Алаштың абыройын асқақтата білсе, мұнан асқан қайтарым жоқ.
- Осындай толағай табыстарға жетуіңіздің сыры неде?
- «Еңбек – бақыттың шырағы» деген. Тынымсыз еңбек қана табысқа жеткізеді. Бүгінгі бар жетістік, жігіттердің жеңісі табанды еңбектің арқасында келді. Сондай-ақ, халықтың қолдауы мен отбасы демеуі спортшыға дем береді.
- Отбасыыз жайында айтып өтсеңіз. Жолыңызды жалғап, спортқа ден қойғандар бар ма?
- Отау құрған 36 жылдың ішінде жұбайым Күләнда екеуміз 5 қыз, 2 ұл тәрбиеледік. Қазір қыздарды қиясына қондырып, немерелерімнің ардақты атасы атанып отырған жайым бар. «Ат тұяғын тай басар» деген, ұлдарым Аллаберген мен Жеңіс 6 жастарынан еркін күреспен айналысады. Екеуі де өз тобымда жаттығады. Бұйыртса, балаларым байрақты бәскелерде ел мерейін асырып, көк туды көкке көтерсе деп тілеймін.
- Әңгімеңізге рахмет. Жаралған намыстан, ар үшін алысқан ұлдарыңыз арманыңызды ақиқатқа айналдырсын.
Әңгімелескен Лаура Шоңғалова