Қызылорда қаласында облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан әуесқойлар арасындағы Шағын футбол лигасы жазғы маусымының екінші кезеңі басталды. Үш лигаға бөлінген отыздан астам команда әлі қара күзге дейін үздіктерді анықтамақ.
Өткен жылдың күзінде құрылған Шағын футбол лигасы қазір үшінші маусымын өткеруде. Былтыр күзгі біріншіліктің қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының «Ақмешіт» әуесқойлар құрамасы құралып, Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионатына қатысып қайтқан болатын. Одан кейін қысқы маусым ұйымдастырылып, «Орион» командасы чемпион атанған. Енді міне, жазғы маусымның да жартысы артта қалды. Әуелі жетеуден басталған Шағын футбол лигасындағы командалар саны бүгінде 34-ке дейін жетіп, апта сайын қай мықтыны анықтауда.
Шағын футбол лигасында кезінде үлкен футболда жұлдыз болғандар да жетерлік. Мәселен, бір кездері «Қайсарда» капитан болған Талғат Сыздықов, Ислам Жүнісбеков және Премьер-лиганың бірнеше командасын өрге сүйреген Серік Досманбетов «Кундуз» командасында, «Қайсардың» жасындай жарқылдаған ойыншылары болған Әлихан Қалиев, Қанат Әлиев, Ғалымжан Үмбетбаев сынды саңлақтар «Зенит» командасында көсіле шабуда. Жалпы, жергілікті және республикалық деңгейдегі жұлдыздар жетерлік. Ал биыл жеіңімпаз атанған команда қыста әуесқойлар арасындағы Қазақстан біріншілігіне жолдама алады.
Осы аптада жазғы маусымның екінші кезеңі басталды. «С» лигасында тәртіп сақшыларынан құралған «ДВД КЗО» командасы басты бәсекелестері «Орда» мен «Бірліктің» жеңілістерін пайдаланып, турнир кестесінде төрт ұпайға ұзап кетті. «В» лигасында «Халық банк» командасы қарсылас шақ келтірер емес. Сондай-ақ, «САН МҰНАЙ ГАС» командасының да қарқыны қатты. Ал кілең алпауыттар жиналған «А» лигасында «Азамат» командасының шоқтығы биік болып тұр. Сондай-ақ, «Орион» да оларды өкшелеп келеді. Ал соңғы турда күтпеген жерден «Цирконнан» жеңіліп қалған «Кундуз» командасы үздік үштікті қорытындылауда.
Естеріңізге сала кетейік, Шағын футбол лигасының жазғы маусымы Илья Ильин атындағы саябақтың алаңында өтуде.