Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

"Қайсар" маңызды матчта жеңілді

 "Қайсар" маңызды матчта жеңілдіӨз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдаған Қызылорданың «Қайсары» жылдың ең маңызды матчында 0:1 есебімен жеңіліп қалды да, турнир кестесіндегі жағдайын тым мүшкіл халге жеткізіп алды.
«Қайсар» (Қызылорда) – «Шахтер» (Қарағанды) 0:1
Гол: Димов, 68.
Ескерту: Кейлер, 9 – Муртазаев, 31.
Қайсар: Прядкин, Ирисметов, Балтаев, Кляйн, Кейлер (Шестаков, 75), Алтаев (Кнежевич, 82), Митошевич, Матвеенко (Хунт, 72), Калинин, Вороговский, Молдақараев.
Резерв: Нурмухаметов, Нәрзілдаев, Алтынбеков, Оңғарбаев.
Шахтер: Мокин, Джидич, Мулдаров, Габышев, Тарасов, Васильев, Димов, Коструб, Муртазаев (Нұрыбеков, 70), Уббинк (Василевич, 85), Топчагич (Вошаглик, 90+3).
Резерв: Шацкий, Порываев, Дэвид, Ермеков.
Бас төреші: Виктор Антонов (Павлодар).
Қызылорда қаласы, Ғ.Мұратбаев стадионы, 1000 көрермен.
Әлбетте, әр ойын маңызды. Бірақ бұл кездесудің орны бөлек болатын. Егер жеңіске жетсек, бірден екі сатыға көтерілуіміз мүмкін еді. Мұны футболшылар да жақсы түсінді. Маңызды матч болғандықтан ба, «қайсарлықтар» да қобалжу да байқалды. Болмашы жерден қателесіп жатқан кездері де аз болған жоқ. Әйтсе де, бірінші тайм толығымен алаң иелерінің басымдығымен өрбіді. Әсіресе Илья Калинин белсенді еді. Жасұлан Молдақараевпен алғы шепте тізе қосып қимылдаған Калинин сәт сайын қарғандылықтардың қақпасына қауіп төндірумен болды. Бірақ, бірде артық әрекет жасап қойса, енді бірде допқа аяғы жетпей, сарсаңға түсіп жатты. Әй, бір кем дүние. Осындай да төреші де көрмей қалады ғой, әйтпесе стандартты жағдай кезінде Алдан Балтаевты тартып құлатқаны үшін «Шахтер» қақпасына пенальти беруге де болар еді. Иә, бұл бірінші таймның барысы.
Үзіліс кезінде Қызылорда облыстық футбол федерациясы Балалар-жасөспірімдер комитетінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов пен «Қайсар» футбол клубының ойыншысы Рахымжан Розыбакиев таяуда Атырау қаласында өткен турнирден жеңімпаз болып оралған «Қайсар-2005» футболшыларын марапаттады.
Ал енді екінші тайм. Бірінші таймда қарсыласын әбден қыспаққа алған алаң иелері екінші таймда қарқындарын тіптен күшейтулері тиіс болатын. Шынымен де солай болды. «Қайсар» футболшылары бар күштерін шабуылға салып, қонақтардың айып алаңын біржола меншіктеп алды. Сөйтсек, «Шахтер» тізгінді алаң иелеріне әдейі беріп қойып, өздері екінші нөмірмен ойнауға кіріскен екен. Нәтижесін берді. 68-минутта ұйымдастырған «кеншілердің» қарымта шабуылынан кейін «Қайсар» қорғанысында аласапыран орнап, Пламен Димов Кирил Прядкин қорғаған қақпадан саңылау тапты. Есеп – 0:1. Еңселерін түсірмеуге тырысқан жерлестеріміз қанша жерден есепті теңестіруді көздегенімен доп Мокин қорғаған қақпаға мүлдем бармай қойды.
Осылайша «Қайсар» тағы да қайсарлық көрсете алмай, жеңіліске ұшырады. Енді келесі турда Федор Щербаченко шәкірттері Талдықорғанға барып, тағы бір басты қарсыласы «Жетісумен» кездесетін болады. Міне, қызылордалықтардың тағдырын сол кездесу шешуі әбден мүмкін.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: