Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

«ҚАЙСАРҒА» МЛАДЕНОВ БАС БАПКЕР БОЛДЫ

 

Бүгін «Қайсар» командасының басшылығы болгар маманы Стойче Младеновпен келісім-шартқа отырды. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды seykhuninfo.kz
Осылайша шетелдік маманмен келіссөз нәтижелі аяқталды. «Қайсардың» жаңа бас бапкерімен келісім-шарт 1+1 жүйесі бойынша жасалды. 2017 жылы футбол клубы жоғары нәтиже көрсеткен жағдайда бапкер одан кейін қызметін жалғастыра алады. 
Алдағы жылдың 12 сәуірінде С.Младенов 60 жасқа толады. Болгарияның Плоски қаласында дүниеге келген ол өзінің футболшылық өмірін 1974 жылы «Димитровград» командасында бастады. Одан кейін Болгария, Португалия елдерінің командаларында ойын көрсетті. Младенов кәсіби деңгейдегі соңғы кездесуін 37 жасында өткізді. Футболшылық 20 жылдық өтілінде 430 ойын өткізіп, барлығы 185 гол соқты. 
Сондай-ақ, Болгария құрамасы сапында 10 жылдан астам ел намысын қорғады. 1978-1988 жылдар аралығында 59 кездесу өткізіп, қарсыластар қақпасын 15 мәрте дәл көздеді. 
Бапкерлік қызметін Португалияның командасында бастаған ол одан кейін Болгария, Грекия, Сауд Арабиясы, Египет командаларында жалғастырды. 2016 жылдың маусымында «Атырау» командасына бас бапкер болып тағайындалған еді.   
Жаңа бас бапкер көп ұзамай қызметіне кірісетін болады. Оның басшылығымен «Қайсар» үстіміздегі жылдың желтоқсан айында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді.  
 

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: