Үстіміздегі жылғы 20-26 мамыр аралығында Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында ҚР 4-ші жазғы спартакиадасы аясында бокстан жарыс аяқталды. Қазақстанның барлық аймағынан мықты деген былғары қолғап шеберлері қатысқан жарыста жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде алтын медальді иеленді.
Қамшыбек жарыс барысында төрт кездесу өткізіп, төртеуінде айқын басымдықпен жеңді. Ол финалда оңтүстікқазақстандық Нұржан Бекзатовты 2:1 есебімен ұтып, Қызылорда командасының алға шығуына өз үлесін қосты. Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Қамшыбекті ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Байғұндиев жаттықтырады.
Ол енді тамыз айында Тайландтың Бангкок қаласында болатын Азия чемпионатына дайындалады. Көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды.