75 келі салмақ дәрежесінде бокстасып жүрген қызылордалық Рустам Сыбаев келер жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарына баруға үмітті.
Ол қазір жаттығуларын күшейтіп, Қарағандыда өтетін Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнирге дайындалуда. «Аламан» тілшісі боксшыдан 75 келі салмақ дәрежесіндегі бәсекелестік туралы ойын сұрады.
«Барлықтарыңызға белгілі, жақында ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов 75, 81 тағы да басқа салмақтардағы боксшылардың арасынан көшбасшыны анықтау керектігін айтқан еді. Міне, осыдан кейін біздің үмітіміз қайта оянып, Жарылғапов турниріне дайындалып жатырмыз. Сол жарыста алдағы уақытта аталған салмақтың тізгінін ұстайтындар анықталмақ. Менің салмағымда мықты боксшылар жетерлік. Солардың арасында әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен Мейірім Нұрсұлтанды ерекше айта аламын. Жәнібекпен бір рет кездескенім бар. Жеңілгенмін. Ал Мейіріммен мүлде жұдырықтасқаным жоқ. Төрт жыл бұрын Лондондағы Олимпиадаға барамын деп ойлағанмын, бірақ менің салмағымда Серік Сәпиев мықты болды. Бұл жолы 75-тің көшін бастап, лизенциялық турнирлерге жолдама алғым келеді,- деді боксшы Рүстам Сыбаев.
Айта кету керек, Дохадағы Әлем чемпионатынан кейін, бірқатар салмақтарда қайта іріктеу жасау керектігі туралы шешімін, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов жариялаған еді.