Facebook WhatsApp Instagram

Спорт

0

Саулюс Ширмялис: «Футбол - ешкім ойлап білмейтін әділетсіз ойын»

Биылғы  чемпионатта «Ордабасы» командасының тізгінін ұстаған литвалық маман Саулюс  Ширмялис клуб басшылығымен жасасқан келісім шартының аяқталуына байланысты командадан кеткені белгілі. Өзімен бірге еріп  келген көмекшілері Йозеф Шкрлик пен қақпашылар бапкері Александр Кулаков та  өз еріктерімен  командадан кетті.
Қазақстанның жастар құрамасын жаттықтыратын Саулюс Ширмялистің «Ордабасы» командасындағы  жасаған істері мен  жеткен жетістіктеріне жанкүйерлер өз  бағасын бере жатар. Ал,  біз чемпионат аяқталған тұстағы Саулюс Ширмялис мырзамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. 
- Саулюс Костантинович, «Ордабасы» командасындағы еңбегіңіз өз жемісін бере алды ма? Биылғы  чемпионат  қалай өтті деп ойлайсыз?
- Биылғы чемпионат біздің команда үшін  өте күрделі жағдайда өтті. Асау толқын сияқты тербелісті  кезеңді  бастан кешірдік. Футболдың - кейде әділетсіз ойын екенін де талай рет көз жеткіздік. Кейбір қарсыластарымызға  90 минут бойы шабуыл жасап, есеп жағынан жеңіліп қалған кезімізде көп болды. Чемпионат қорытындысында,  төртінші орын алып,  Еуропа лигасы кубогына жолдама  алдық. Бұл мейлінше, жаман көрсеткіш емес деп ойлаймын.Жігіттерге ешқандай  да кінә  арта алмаймын, керісінше оларға өз ризашылығымды білдіремін.
- Маусым барысында бірқатар мықты футболшылармен тіл табыса алмаған секілдісіз. Солардың қатарында мықты қорғаушы Эндрю Мвесигваны көп жағдайда алаңға шығармай қосалқы құрамада ұстадыңыз.Мұны қалай түсіндіресіз?
- Ия, футбол қатаң бәсекелестіктен тұрады. Мен шет елден келген легионерлерден гөрі жергілікті футболшыларға көп сенім арттым. Байқасаңыздар, чемпионат барысында жасыл алаңда жергілікті футболшылары көп команда - Шымкенттің «Ордабасы» футбол  клубы  екені белгілі.Бұл осы өңірдің футбол мектебінің мықты екенін білдіреді. Эндрю Мвесигва жақсы азамат,өз елінің  мықты футболшыларының бірі.Дегенмен, командада әрбір ойыншының өз міндеті бар. Мвесигва Мұхтар Мұхтаровпен жұп құрып, орталық қорғаныста берік ойнап келді. Бірақ, биылғы маусымда М.Мұхтаров жарақатына байланысты көп ойындарға қатыса алмады. Сондықтан да,  оған серік болатын футболшы ретінде Леандро Фрейра мен Ондрей Куделаны таңдадық. Бұл өзара түсінісуге қиындық туғызды. Сондықтан да  чехиялық  Кудела мен  бразилиялық  Фрейра жұбын ортаға қоюға тура келді.Ал,  Мвесигва қапталдағы қорғанысқа ауыстырылды.Қапталда да мықты ойыншылар бар. Сондықтан да кейде угандалық  қорғаушыны  қосалқы құрамада алаңға шығардық. Бұл менің - бапкерлік шешімім  әрі  әдісім.
- Бір байқағанымыз команда өз алаңдағы ойындарға қарағанда, сырт алаңда жақсы ойын көрсетеді . Неліктен?
- Әр команданың өзіне тән ұстанған тактикасы бар. Біздің футболшыларға қорғаныс арқылы қарсы шабуылға шыққан тиімді. Алаң иелері қашан  да бірінші команда ретінде қарсыластар қақпасын  шабуылдаумен болады. Міне осындай да жарқ етіп шығатын футболшылар бізде жетеді.Сондықтан да сырт алаңдағы ойындарда өзгеше ойнаймыз. Қорғаныс арқылы шабуылға шығу бізге тиімді.
- Шыны керек біз биыл қарсыластар қақпасына гол салатын хас шебер мерген шабуылшыға зәру болдық. Сіз таңдаған Сергей Гридин секілді шабуылшылар  ешбір жағынан өзін көрсете алмай жанкүйерлердің ызасын келтірді.Тіпті, сондай биік бойымен  әуедегі допқа талас кезінде жеңіліс тауып жатты. Осындай футболшылар жайлы сіздің ойыңызды білсек?
-  Бұған  дейін «Ордабасының»  ең  талантты  шабуылшысы  болған  хорватиялық  Эдин  Юнузович  маусымның  ортасында өзінің  таңдауын  жасап,  басқа  клубты  таңдағанынан  хабардарсыздар. Оның  орнын  алмастыратын  футболшыны  да  іздедік. Соңында  таңдауымыз Гридинге  түсті. Ол жарақатына байланысты бірнеше жылдан бері додаға қосыла алмай келеді.Мен кезінде «Ақжайық» командасында жұмыс жасап жүргенімде ол чемпионаттағы бірден - бір мықты шабуылшылардың бірі болатын.Сондықтан да үлкен футболға толық ене алған жоқ. Егер  де біз қазір оған мүмкіндік бермесек,  Қазақстан футболы    тағы    бір  мықты   шабуылшысынан  айырылып   қалуы    үмкін.
- Шымкентте аз  ғана  уақыт  болса  да  тұрдыңыз.  Шаһар жайлы  не  айтасыз?
- Әлбетте,  ұнады. Мен шыны  керек,  әлемнің  көптеген  елдерінде  болдым. Бірақ,  қазақ  халқындай   дархан  пейілді,  қонақжай  халықты  көрген  емеспін. Ағылшындар  дүние  жүзіне  тектілігімен, орыстар  шыдамдылығымен, ал, қазақтар  қонақжайлығымен  ерекше  десем  артық  айтқаным  емес. Салт  дәстүрі сақталған  Оңтүстікте  соған  анық  көзім  жетті. Оның  үстіне,  менің  жұбайым  этнографияға  жақын  адам. Ол  осында  өмір  сүргенімізде халықтың  мәдени  өмірімен етене  танысты. Сондай-ақ, «Ордабасы» мәтіні  қазақ  халқының  үш  биінің  басын  қосып,  тарихта  ұлт  болып  қалыптасуына  септігін  тигізген  киелі  мекеннің  атауы  екендігін  естідім.  Бұл да мен үшін - тарих.
Бұдан  бөлек   жергілікті  жанкүйерлер мені жылы қабылдап, ұдайы сүйікті командалары  мен  футболшылары жөнінде  ақпарат алып тұрды. Шын  мәнінде, шымкенттік жанкүйерлердің «Ордабасыны»  жақсы  көретіндіктерін  аңғардым.
Сөз  реті  келгенде  айтарым, Оңтүстік  Қазақстан  облысында  футбол  структурасы  қалыптасып  келеді. Мұнда  халықаралық  деңгейде  оқу  жаттығу жүргізуге арналған  базалар  бар. Бұл  орталықта  «Ордабасы»  командасының  дайындығынан  басқа  Қазақстанның  жастар   құрамасының  жиынын да  өткіздім. Осылайша  менің  айтарым, Шымкентте  футболдың  болашағы  жарқын.
- Сұхбатыңызға  рахмет.
 
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: