Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қасиетті қара тас

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ата-бабамыздан келе жатқан салт-дґстүрімізді, ґдет-ғұрпымызды берік ұстануға, мґдениетімізді жаңғыртуға ерекше мґн берілген. Ұлт рухын жаңғырту жолындағы мақалада «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тґжірибе мен ұлттық дґстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дґстүрлерді табысты жаңғырудың маңыз­ды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нґр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп айқын көрсетілген.
Ескі сарайды ақтарып жүріп, екі қара тасты көрген балам  аң-таң. «Бұл не? Атам да қызық. Тасты сарайға кіргізіп» дейді. Көзіме оттай басылды. Бұл – қол диірмен. Бала күнімізде бәріміз де ұн мен талқан тартқанбыз.  Қайдағы қара тас, диірмен әрбір үйдің асырау­шысы еді. Бидайды тартып, ұн қылатынбыз. Нанды аналарымыз бізге осылай пісіріп беретін.  Ол тұста дайын ұн бола бермейді. Әйтеуір, осы қол диірменді пайдаландық. Өзі зілдей. Бидайды уыстап саламыз. Одан қалды тойымды  тамақ – талқан жасайды. Бірақ тірлік өніп болмайды. Бастапқыда қызық көретінбіз. Екі тастың салмағымен бидайдың ұнтаққа айналғанына мәзбіз. Үстіңгі қуысынан бидай салсаң, астынан әппақ болып ұн төгіліп жатушы еді. Кейін білегіміз қатайған кезде бұл шаруаға біз де кірістік. Қызығымыз басылып, ендігі зерігуге айналдық. Бір жағынан әжептәуір күш қажет етеді.
Анамыздың шаруасы көп. Үйдегі әр баланың өз міндеті бар, берілген тапсырманы аяқтау керек. Бір жағынан үлкендер бізді қол еңбегінен ажырамасын, нанның оңайшылықпен келмейтінін, қадірін білсін деп үйреткен  шығар. Ол кезде ұғына қоймадық. Ойын­ның қызығына түсіп диірмен жайына қалғанда… «сыбағамыз» дайын.  Бойыңа күш бітіп, диірменді айналдырып жатқаныңды байқамай қаласың. Жұмысы ауыр болғанымен, наны тәтті. Қиға көмілген табадан ыстық нанды алып, күбіден шыққан сары майға салып бергенде… Күнұзаққа диірмен тартып шаршағаның басылады.
Қол диірменді анам ерекше күтіп ұстайтын. Себебі, әжем осылай тапсырған.  Ол кісі әр сөзінде диірменнің қадір-қасиетін айтып отыратын.  Зұлмат соғыс жылдары атамыз қан майданға аттанған шақта шиеттей бала-шағамен қалған әжеміз осы диірменнің арқасында перзенттерін жетілдіріпті. Бір уыс бидайын салып талғажау еткен. Талай үйдің баласы бір шаңырақтан ас ішіп, өніп-өскен. Расында, бұл қара тас – тарих үшін құнды жәдігер.
Ауылдағы Күләш әже 80-нен асқан шағына дейін диірмен тартты. Келіндері «қол диірменін қайтесіз? Қазір нанды жабу әдісі жеңілдеген. Ұн жеткілікті, тіпті, нанды да сатып алуға болады» дейтін көрінеді. Бірақ әжеміз көнбеген. Келіндеріне диірмен тартқызып, табаға нан жаптырған. Немерелеріне үйретіп, басынан өткенін айтып отырады.
Қол диірмен – қазақтың ілгеріден келе жатқан тұрмыстық құралы. Бүгінде оны біреу білсе, бірі білмейді. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» демекші, дамыған техника асыл мұрамызды қолданыстан шеттеткені белгілі.  Бірақ, ол өз құндылығын жоғалтпайды.
Айтпақшы, балама диірмен әкемнің әкесінен қалғанын, оны қалай пайдаланатынын айтып бердім. Ұғына қоймады. Мейлі, ержеткенде тағы айтып берер­мін. Ал, сіз диірмен тартып көрдіңіз бе?

Сара АДАЙБАЕВА
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: