Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

ОБЛЫСҚА ЭВАКУАЦИЯМЕН КӨШІРІЛГЕН КӘСІПОРЫНДАР


1941 жылдың соңынан бастап облысқа эвакуациямен көшірілген кәсіпорындар келе бастады. Бұған дейін облыс аумағына 36 мыңнан астам адам көшіп келген еді. Олардың ішінен 18 мың адам еңбекке орналасты. Елімізге көшірілген 142 кәсіпорынның 11-і Қызылорда қаласына келді. Бұлардың ішінде екі паравоз жөндеу шеберханасы, үш консерві зауыты, электрожабдықтар, механикалық зауыттар болды.
Қызылорда қаласына Украинаның біріккен университеті, Мәскеудің ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты, Қырым медицина иституты орналасты. Жоғары оқу орындары 900-ден астам маман даярлап шығарды. Көшіп келген кәсіпорындар жылдам іске қосылды. Олардың өндірістік қуаты қалпына келтірілгеннен кейін бұрынғысынан кеміген жоқ. Мәселен Дзержинский атындағы электротехника зауытының өндірістік қуаты көшірілгенге дейін 200 мың сом болса, қалпына келтірілгеннен кейін де сол дәрежесін сақтады.
Қаладағы бірқатар кәсіпорындарға облыстық атқару комитетінің шешімімен соғыс қару-жарақтарын дайындау тапсырылды. Мысалы, облыстық кәсіпшілдік кеңесінің артельдері мен шеберханалары соғыс киім-кешектерін тігумен, Қызылорда теміржол депосы мина және қол гранаталарын жасаумен айналысты.
Сондай-ақ, қалаға Мәскеудің «Парижская коммуна» аяқ киім фабрикасының бірқатар жабдықтарын орналастыру кезінде өндіріс орны құрылып, мұнда күніне 2400 аяқ киім тігілді. Осылайша, көшіп келген кәсіпорындар қаланың өндірістік-техникалық базасын нығайтты.
1942 жылы сырттан көшіп келушілерге 105 мың сомның тұрғын үйі салынған. Ал Қызылорда күріш зауытының ұжымы жоспарды артығымен орындап, бүкілодақтық кәсіпшілер комитетінің сыйлығына ие болды. Сол кезеңде қаладағы барлық өндіріс орындары өнім көлемін бірнеше есе арттырды.
Соғыс жылдары суландыру жүйесінде де ілгері жылжу байқалып, үкімет қаулысы бойынша құрылысы тоқтап тұрған Қызылорда плотинасы құрылысы 1945 жылдың сәуір айында қайта басталды. Бұл облыстағы ең бірінші маңызды құрылыс еді.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: