Қызылорда облыстық мәслихатының жаңа төрағасы сайланды
Бүгін, Қызылорда облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Сандыбаев Бауыржан Тұрсымбайұлының төрағалығымен мәслихаттың кезектен тыс 13 сессиясы өтті.
Сессия жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары, облыс әкiмiнiң орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясы, сондай-ақ, қала, аудан әкімдері және мәслихат төрағалары ZOOM бейне-конференц байланысы арқылы қатысты.
Сессия күн тәртібінде: «Қызылорда облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларының құрамын және төрағаларын сайлау туралы» облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 30 наурыздағы №4 шешіміне өзгеріс енгізу туралы мәселе қаралды.
«AMANAT» партиясы Жарғысына сәйкес облыстық филиалдың Саяси кеңес Бюросында облыстық мәслихаттың төрағасы лауазымына кандидатураны келісіп, Фракция арқылы сессияға ұсыну қарастырылған. Фракция мүшелері сессия жұмысының алдында партияның облыстық филиалы Саяси Кеңесі Бюросының шешіміне сәйкес, Қызылорда облыстық мәслихаты төрағалығына ұсынылған Тлеумбетов Мұрат Жолкелдіұлының кандидатурасын бірауыздан қолдап, мәслихаттың сессиясына ұсынған болатын.
Соған сәйкес, сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамовтың ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануына байланысты байланысты, оны облыстық мәслихат депутаты, мәслихат төрағасы қызметінен босатып, мәслихаттың жаңа төрағасы қызметіне ашық дауыс беру жолымен Тлеумбетов Мұрат Жолкелдіұлын бірауыздан сайлады.
Өз кезегінде ҚР Парламенті Сенатының және Мәжілісінің депутаттары сөз алып, әріптестерінің жылдар ішіндегі жемісті жұмысын атап өтіп, сенат депутаттығына сайланған Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлын және облыстық мәслихат төрағасы қызметіне тағайындалған Тлеумбетов Мұрат Жолкелдіұлын жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын соңында сөз алған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәслихаттың жұмысымен тікелей байланысты екенін және аймақтың дамуына қажетті оң бастамаларды қабылдауда мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың еңбегі жоғары екенін атап өтіп, жауапты қызметте бірлесе жұмыс атқарғаны үшін өз алғысын білдірді.