Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қожамберді батыр

Қожамберді – ғибратты ғұмыр кешкендіктен де кешелі-бүгінгі ұрпақтары қатты құрмет тұтып, қасиетті есімін еншілеген адам. 
Оның тағдырлы тарихын құймақұлақ, көкірегі даңғыл шежіре ағам, қазақтың белгілі журналист-жазушыларының бірі, осы батыр да бекзат бабамыз туралы бірнеше кітап тудырған Айдархан Бибасарұлының жазғандарына жүгінуден бастағаным жөн шығар.
«Ата парызы, ұрпақ қарызы (ол кезде) кімге де болса бес саусақтай белгілі. Осынау дәстүрлі қасиетті түсініп ғұмыр кешкен Қожамберді батыр тағдыр талқысына талай рет түссе де, өмірін үмітіне өзек етіп, үш баласымен аумалы-төкпелі заманда өзінің қамысқұлақ теңбіл көгімен Отырар, Сауран даласын бетке алып келе жатты. Үстінде – тор шілтерлі сауыт, басында – көк дулыға, қолында – егеулі найза, көкірегі запыран құсып зар илейді. Жүрегі езіліп, алып денесі бәсең тартса да, отыздан асқан ордабұзар шағында өз ұрпақтарына сыр бермей, қыран қабағын қатулана түйіп, әлдекімдерге кіжінгендей сыңай танытады…
Мына сайын далада еркін өмір сүрген батыр бабамыздың ерлік ісін кейінгі ұрпаққа бірінен кейін бірін жеткізген от ауызды, орақ тілді көнекөз қарттарымыз бен уақыт табы сарғайтып, шеті мүжіліп, түбі қырқылған қолжазба шежірелердің баяндауы бойынша, Нағанай байдың төртінші ұрпағы Мақыдан Қарақұдайберді және Қанымкүл атты бір қыз туып, Қарақұдайбердінің үш әйелінің біріншісінен Жаулыбай, Аманбай, екінші әйелінен Сүйінбай, Сүттібай, үшінші әйелінен Байқошқар, Аққошқар туған. Ата кәсібі бойынша мал өсірумен айналысқан олардың негізгі байтағы Түркістан, Сауран үсті болғанымен, жазылып жатқан жалпақ дала төсінде бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Осындай қарбалас кезеңдердің бірінде Қарақұдайберді өзімен іргелес қонған Қаракерейдің немересі Жанту атты мырза жігітке Қанымкүлді ұзатқан. Осыдан біраз жыл өткен соң төркіндеп келген Қанымкүл ағасы мен жеңгесіне бала көтермегенін айтып, мұңын шағады. Сай-сүйегі ел­жірей босаған аға-жеңге осы жолы Қа­нымкүлге сый-сыяпат жасай отырып, балалары Жаулыбай, Сүйінбай, Сүттібай, Байқошқар, Аққошқарларға: 
– Менің мұрагер балаларым, қыз – мұңлық, бірақ жолы үлкен болады, жолы үлкен қалағанын алады. Қаным­күл қарындасым інісі Аманбайды сұ­рай келіпті, – деп жан-жағына зер сала қараған. Осыдан соң бес бала да әке сөзіне тоқтаған.
Келгелі анасының қасынан шық­пай жүрген Жаулыбайдың тұңғы­шы Жаманбай: «Ағаммен бірге мен де кетемін» деп қиғылық салыпты. Бұл Қанымкүлдің мәңгі есінде қалған еді. Сонымен, Аманбайды Жан­ту бір баласы ретінде он жеті жа­сында үйлендірген, бірақ ол отыздан аса қайтыс болады да, артында үш жасар Қожамберді атты жалғыз баласы қалады. Туған інісіндей бауырынан ерте айрылған Қанымкүл Қожамбердіні бетіне қарамай өсіреді. Ол аяқ-қолы балғадай, бойы өз замандас­тарынан анағұрлым ірі, ержүрек батыр болып ержетеді. Он алты жасқа келгенде ұлы анасы Қанымкүл Жетісу өңіріне белгілі байдың қызына құда түсіп, алып береді. Одан Ақбадырақ, Сарымсақ, Шоқай, Шонық атты төрт бала дүниеге келеді. Осы кезде Жетісу өңірінде әйгілі ас болып, Қожамберді көкпар тартуда шабандоздығымен көзге түсіп, замандастарын шыдатпай ат үстінен аударып тастап кете беріпті. Бұл қорлыққа шыдамаған жергілікті халықтар: «Мына қаңғырған неменің құтыруын-ай!» деп даурығады. Мұны өз құлағымен естіген Қожамберді асты тастайды да, тастүйін қатулы қабақпен тоқсанға жа­қындап, өлім төсегінде жатқан ұлы анасы Қанымкүлге келіп мән-жайды ашып айтуды өтінеді. Ауыр күрсініп, демін терең алған қария: «Жалғызымның жал­ғызы, өмірде көрген қызығым. Мына кө­зім не көрмеді, құлағым не естімеді, пәни жалғанда қуыс кеудем қандай күй кешпеді? – деп жалын ата үһілейді.  – Жағымды ашпаспын, ешкімге айтпаспын, көрге – жер қойнына бірге ала кетермін деуші едім. Болмады, болмады. Шындық көмгенмен, жасырылмас, жай басталған желдің үй жығар дауылға айналатыны секілді бұл әңгіме басылмас, үдей түсер. Одан да бәрін айтайын, құлыным», – деп болған оқиғаны тегіс баяндапты.
– Бабаларыңның мекені Сауран маңы, руың – босаға таңбалы Қоңырат, немере ағаң Жаманбай аруақты ер болып өскен, әлі тірі. Соны іздеп тап та, пана тұт! – дейді кемсеңдеген кәрі ана…
– Анам, әжем деуші едім, бауырым екенсіз ғой, – деп анасына қайта қараған Қожамберді Қанымкүлдің: – Хош! – деген жалғыз ауыз сөзін ғана естіп қалды. Одан әрі қарт ана тілден қалып, ақырында қайтпас сапарға жөнеп те кетті.
Езіле еңіреп, айналасынан біржо­ла түңілген Батыр жетісі өткеннен кейін бауыры Қанымкүлдің шаңы­рағында бір баласы Сарымсақты қал­дырып, өзі, әйелі, үш баласымен ұзақ жолға – Түркістан, Сауран өңіріне аттанады…» («Қожамберді батыр және оның ұрпақтары», Алматы, «Ана тілі», 1995 ж.)
Айдархан ағам Қожамберді батырдың өз ағайындарына Жетісудан, бәлкім Талдықорған маңын мекендеген – өсіп-өнген «елінен» іздеп келіп, қосылуын осылай суреттейді. Бұл – шамамен 1540-1550 жылдардың кезі. Қазақ хандығы дәуірлеп тұрғанмен, заман – аумалы-төкпелі. Бабаларымыз аттан түспейтін, жайғасып отырып тамақ ішпейтін уақыт. Қожамбердінің қосарланған ат, қомданған түйе жетектеген шағын көшін сайдың тасындай, бір-бір сойыл найза ұстаған, өмілдірік-құйысқанмен ерттелген жарау жүйрік ат мінген жүз қаралы қол бірден қоршап алады. Олар ентелей төніп:
– Қайдан келесің, қайда барасың? Көктемір құрсанып неғып жүрген адамсың? Түрің батырға келеді, бірақ  батыр өмілдірік-құйысқансыз ат міне ме екен? – деп сұрақтың астына алады.
Бұларды сабырлы тыңдаған Қожамберді өзінің Аманбайдың баласы екенін, немере ағасы Жаулыбайдың ұлы Жаманбайды іздеп келе жатқанын айтады. Қоршаған топ оның іздеп келе жатқан ағасының адамдары еді. Қожамбердінің сөзін естіген топтың алдында тұрған төртөбел атты, күмістей ақ сақалды, қапсағай денелі ірі кісі:
– Шығанға кеткен екі көзімнің сы­ңа­ры екенсің ғой. Ізде­ген ағаң – Жаман­бай мен­мін, – деп құша­ғын жая ұмты­лады. Аға мен іні құшағы ай­қа­са кетеді. Қожамберді ағай­ын-бауырла­рымен осылай табысады.
Танысып-біліскен соң Жаманбай өздерінің неге үдеріп, ат белінде жүргенін баян етеді.
– Өзіңмен ер етік­пен су кешкен, ат ауызды­ғымен су ішкен тар за­манда табыстық. Шы­ғы­сыңда қысық көз қа­лың қытайың көз тіксе, батысыңда көзі көк­шиген орысың бар. Қия беліңде қалмақтар маза бермей тұр. Бәрінің көне атақонысымыз Түркістан өңірінен дәмесі бар, жалпақ жазирамызды жаулап алып, билемек. «Бұларға қарсы тұрар айбынды ел болайық» десек, Нағанайдың төртінші ұрпағының балалары – Маңғытай, Саңғыл мен Божбан, Сапар, Сарылар бес ата болып бірігіп, бөлек қонып көнер емес. Солармен мына туыстарың: Алти, Қырғызалы, Жәни, Қараша, Ақболат, Қайрақ, Борай, Жиембет және менің балаларым – Құрбан, Ноғай, Жауғашты, Қира, Шоқпарлы болып ынтымақтасуға шығып едік. Сөзге қонақ бермесе, күшпен көндіргіміз бар. Басқа жол жоқ. Бауырым, сен де бізбен жүр…
Қожамберді сөзге келместен көшін бір сарбаз бастауымен Жаманбай ауылына жібереді де, өзі қолға қосылады. Тап сол арада Жаманбайды ту етіп ұран көтерген бауырластар Бес атаның қолымен айқасуға уәделеседі. Осы беттесуде батыр бабамыз:
– Бітім-бәтуаға келіп ел боласыңдар ма, жоқ, жеңіліп жер боласыңдар ма?! Көнбейтіндерің менімен шайқасуға шығыңдар! Жекпе-жек! – деп майдан алаңын шаңғытып, жауар бұлттай түнеріп, күндей күркіреп тұрып алады. Өздері бұған дейін көріп-білмеген жаңа қаһарлы батырдың айбын-сұсынан қаймыққан олар: «Жаманбайды аз деп мына бір құйыс­қансыз аттыны қосқан құдайым-ай!» деп бәтуа-бірлікке көніпті. Ертеңіне: «Құйысқансыз атты Батыр келіпті. Ол Жаманбайдың немере інісі екен» деген сөз бүкіл атырапқа жайылады. Содан былай батыр бабамыздың Қожамберді аты жайына қалып, Құйысқансыз  атанған екен. Міне, кейін өсіп-өніп, бір рулы  елге айналған Аманбай ұрпақтарының Құйысқансыз атанып кетуіне осы жәйт басты себеп болыпты.
Кейіннен бес ата елдің ұранына айналған батыр да көкірегі даңғыл Жаманбай да өзіндей батыр немере інісін бауырына тартып, үстіне үй тігіп, алдына мал салып береді де:
– Қарағым, батыр інім! Кеше бес ата ұрпақтарымен бәтуаға келдік. Мұнда сенің де еңбегің көп. Бірлігіміз жетпей жатқаны болмаса, тірлігі бізден кенже ел емес, олар да – бауырларымыз. Мына Сығанақтан бастап сонау Отырарға дейін біздің ортақ жеріміз. Сығанақ – Ақназар ханның ордасы. Соның түстік бетінде Көккесене деген киелі жер жатыр. Соған барып орын теп. Жайлауың Қаратаудың бөктер-саласы, қыстауың Қызылқұмның жота-арасы болсын. Ағайынның шығысына мен пана болсам, сен батыс жағына қорған боларсың. Жұдырықтай жұмылып тірлік қылсақ, ешқандай жау бізді ала алмайды, – деп бастап келіп, Көккесене өңіріне қазық қағып, еншіге береді.
Көп ұзамай қасына қоныстанған ба­тыр­дың даңқына қанық Ақназар хан арнайы ат басын бұрып, қоныс құтты болсын айтып, Қожамбердімен танысады. Ол бүлік шығарған Бұқараны бағындыруға қалың қол жиып аттанғанда Қожамберді батыр аталмыш шаһарға шабуыл кезінде ересен ерлік көрсетіп, жауды тез талқандауда да тапқырлық танытады. Ақназар хан оның осындай орда бұзған ақылы, қаһармандығына қатты разы болып, батырды ақ балдақты алмас семсермен марапаттап, құйысқансыздар мекендеген Алшынбай даласын, Мырзанның шөлін, Кеуректің құмын сыйға тартады.
Батыр бабамыз өмір сүрген уақыт бір өзінде қырық кісінің ақылы бар хан мен бойында қырық кісінің қайраты болмаса да айбаты (жүректі, рухы бар) бар батыр тағдыр шешкен, бекім кескен заман ғой. Атағы алысқа жайылып, осыншалықты абырой-құрметке бөленген Қожамберді бабамыздың дәурен құрған кезінде айнала жау да тынышталып, алқалы ел де бақытты күн кешкен екен.
Қожамберді бабамыз ХVI ғасырдың аяғында құтты қонысы Көккесене төрінде қайтыс болыпты. Өзінің өсиеті бойынша сүйе­гі Сырдарияның арғы бетіндегі, Қызылқұмның етегіндегі қасиетті мекен Қорасан Атаға (Әбдіжәлелбаб) қойылған. Мәйіті қоңсылас қыпшақ руының белгілі батыры Қожамсүгірмен қатар жатыр. Бүгінгі күні баба ба­сына келісті де кө­рікті кесене тұр­ғызылған. Ол батырдың рухына разы ұр­пақтары атынан қойыл­ғанмен, осы күмбезді үйді жеке өз қаржысына тұр­ғызған ұрпағы – Абай Жү­зенов деген атпал аза­мат еке­нін де айта кеткен орынды.
Қожамберді батырдың қол бастағаны, елді ұйымдас­ты­­рып, жер қорғағандығы – ұр­пақтары бар да ұмытылмас басты мұрасы болса, екінші бір басты мұрасы, мәңгілік  ізі-ісі – ұлтымыздың перзенті, Алаштың асылдары, қазақтың қайраткерлері бол­ған ұрпақтары.
Бүгінгі күндері Қожамберді батыр­дың туғанына 500 жыл толды. Одан өрбіп-өскен ұрпақтары қанатты ел, аруақты жұрт болып отыр.  

Бақыт Сарбалаұлы


Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: