Арал аудандық мәдениет орталығында "Ұлт рухына тағзым " деген атаумен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мерекелік кеш болып өтті. Бұл жайында аудан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
«Нұр Отан» партиясы, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалдарының қолдауымен, мәдениет орталығы және аудандық кітапханалардың ұйымдастыруымен өткізілген шараны «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмабай Жақып құттықтау сөзбен ашты. Мерекелік кеште қазақ тарихының өткені мен бүгіні, өз алдына жеке ел болып қалыптасуына шешуші рөл атқарған маңызды оқиғалар арнайы слайд арқылы көрсетіліп, сахна төрінде театрландырылған қойылым ұсынылды.Сонымен қатар, «Қазақ тілі» қоғамы мен аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырған кітап көрмесі жиналғандардың назарында болды. Мерекелік кеште бірқатар мәдениет саласының өкілдері мен бір топ оқушылар арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Айтулы шара соңы мәдениет орталығы өнерпаздарының концертіне ұласты.