Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Ежелгі дәуірлердегі Сыр бойы

Сырдарияның төменгі алқабы – Тұран ойпатының үлкен бір бөлігі. Ол батысында Арал теңізіне, шығысында Орталық Қазақстанға дейін, ал оңтүстігінде Қызылқұм мен Қарақұм шөлейтіне дейінгі жерлерді қамтиды.

 

Ежелгі дәуірлердегі Сыр бойы

 

Академик В.В. Бартольдтың анықтамасы бойынша, Тұран – ол «Арал теңізінің бассейні». Сырдың төменгі ағысы осы бассейннің шығыс бөлігін құрағандықтан, оны ғылыми әдебиеттерде Шығыс Арал маңы деп атайды.
Шығыс Арал маңының физикалық-географиялық ерекшеліктері бұл өңірдің көршілес халықтармен экономикалық, саяси және мәдени байланыстарының тығыз дамуына мүмкіндік берді. Осы мүмкіндік әртүрлі шаруашылық және мәдени типтердің пайда болуына әкелді. Сырдың төменгі ағысы шығысында Орталық Қазақстанның кең даласымен шектеседі, бұл көшпелі өркениеттің дамуына өз ықпалын тигізген. Батыс шекарасы Арал теңізі жағалауын қамтып, ол сауда-экономикалық байланыстардың дамуында ерекше маңызы бар аймақ болуына ықпалын тигізді. Сонымен қатар, Хорезм оазисімен байланыста болған осы аймақтың жергілікті тұрғындары ғасырлар бойы егіншілік мәдениетін жоғары дәрежеде дамытқан. Оңтүстік бөлігі Оңтүстік Қазақстан территориясымен шектеседі, ортағасырларда бұл өңірде қала мәдениеті жақсы дамыған. Ал солтүстік шекара Батыс Қазақстан жерлерімен іргелес жатыр. Бұл аймақ Орталық Азия мен Шығыс Еуропа мемлекеттерімен саяси және экономикалақ байланыс жасауда үлкен роль атқарды.
Арал маңының тарихы бірнеше мыңжылдықты қамтиды. Ежелгі заманнан бастап осы жерде өмір сүрген халықтар Батыс және Шығысты байланыстыра отырып, өзіндік шаруашылық пен мәдени типті қалыптастырды.
Сыр өңірінде мекендеген сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары қазақ халқының этногенезінде ғана емес, Орта Азия, Орталық Азия және Шығыс Еуропаның қазіргі халықтарының қалыптасуында маңызды роль атқарған. Академик С.П. Толстов Арал өңірінің этникалық тарихының маңыздылығын «Аралдық этногенез түйіні» деген анықтама беру арқылы көрсетеді.
1946-1990 жылдар аралығында кең ауқымда археологиялық жұмыстар жүргізген  Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедиция жұмыстарының нәтижесі неолит дәуірінен бастап кейінгі ортағасырларға дейін Сырдың төменгі ағысында халық тығыз орналасқанын көрсетті. Өз зерттеулері барысында ХАЭЭ неолит дәуірінен бастап, қола, темір, ортағасырлық кезеңдерге жататын жүздеген ескерткіштерді ашты. Олардың қатарында қола дәуірінің Түгіскен мавзолейлері, темір дәуірінің шірікрабат мәдениеті ескерткіштері (Шірік-рабат, Баланды, Бәбіш-мола т.б.), қаңлы, түрік кезеңінің Жетіасар мәдениеті ескерткіштері және оғыз дәуірінің «батпақтағы қалалар» (Жанкент, Күйік-қала, Кескен Күйік-қала) ескерткіштері бар. «Батпақтағы қалалардың» ішіндегі ең ірілері Кескен Күйік-қала, Жанкент және Күйік-қала. ІХ-ХІ ғғ. бұл қалалар оғыз мемлекетінің орталықтарына айналған. Бұл тұжырымды ортағасырлық авторлардың мәліметтері дәлелдейді (ибн Рузбихан, ибн Хаукаль, ибн Русте, ал-Масуди т.б.). Жазба деректерде Жанкент оғыз патшасының резиденциясы ретінде келтіріледі. Оғыз тайпалары ІХ ғ. печенег тайпаларын Шығыс Арал өңірінен ығыстарғаннан кейін, осы территорияда өз мемлекеттерін құрды. Аталған дәуірде Сырдың төменгі ағысында қолдан суғару мәдениеті кең етек жая бастады.
Сыр өңірін археологиялық тұрғыдан зерттеудің бірнеше бағытта өрбігендігін аса маңызды ашылулармен атап өтуге болады. Арал маңының неолит және энеолит дәуірлеріне географиялық кең түсінікпен қарағанда, ортаазиялық қосөзен аймағына кельтеминарлық этномәдени қауымдастыққа біріккен бірнеше археологиялық мәдениеттер тән. Ол осы территорияларды б.з.д. VI-III мыңжылдықтарда туыстас тайпалардың қоныстанғанын аңғартады. Олардың экономикасы қарапайым, яғни, аңшылық және балық аулау кәсіптері еді.
Неолит дәуірінің кельтеминар мәдениетінің үлкен тұрақтары (Сексеуіл, Көнту, Ақеспе, Қара-сандық, Шөлқұм, Тәмпі т.б.) Солтүстік Арал маңы мен Кіші Борсық құмдарынан табылды. Олар өмір сүруге жайлы, суға жақын аймақтарда орналасқан. Тастан жасалған еңбек құралдарынан басқа, қой, сиыр және құланның сүйектерінің табылуы алғашқы қауымдық тайпалардың отарлап мал өсіру кәсібіне өткендігін көрсетеді.
Көрнекті археолог А.А. Формозовтың пікірінше, Арал маңында таралған кейінгі кельтеминар мәдениеті б.з.д. II мыңжылдықың басында афанасьев мәдениетінің даму деңгейіне жетеді, сонымен қатар, андронов мәдениетіне көшкен кейбір нышандары да байқалады. Осы кезеңдерде, археологиялық деректер бойынша, Оңтүстік Арал маңында Сырдария өзенінің негізгі арналары қалыптаса бастайды. 
Б.з.д. III-II мыңжылдықтармен мерзімделетін Сырдарияның ежелгі арналары Інкәрдария мен Жаңадария бойындағы Жалпақ 1-6 және Қуаңдария бойындағы Есен-төбе, Қос мола 1-6, Талас, Аймора 1 тұрақтары осыған дәлел болады. Бұл Сырдарияның ежелгі бассейнінде екі бағытта су аққандығын, яғни, Іңкәрдария арналарының жүйесі оңтүстіктен батысқа қарай Әмударияның Ақшадария саласына барып қосылса, Сырдарияның орталық арналарының бөлігі Іңкәрдарияның оңтүстігінен солтүстікке қарай Қуаңдария сағасы арқылы аққандығын көрсетеді .


Әзілхан Тәжекеев, 
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу
орталығының жетекшісі

Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: