Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Сығанақтың жер асты жолы бар ма?

Көнекөздер Ақорданың астанасы – Сығанақтың жер асты жолы жайында жиі айтады. Кезінде мұндай орындар Сыр өңіріндегі ескі қалалардың көбісінде болған екен.
Дегенмен біз тарихтан тамыр үзіп қала жаздаған халықпыз ғой. Сол бір дүниелерді қазір таба алмай жүргеніміз жасырын емес. Осы орайда аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің журналистері зерттеу жүргізіп көрген. Бұл жайында басылым бетінде жарияланған «Жыландар патшалығы немесе Сығанақтың жер асты жолы» мақалада егжей-тегжейлі баяндайды. Сығанақтың жер асты жолы жайында алдымен құқық қорғау саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан Мәди Мырзахметов айтып берген. 
– Кезінде Еңбекші ауылында учаскелік инспектор кезімде Әбілқасым деген аңшы кісі көрсеткен. Бұл 1985 жылы болатын. Шопандардың сақпан науқаны уақытында мал ұрлығын болдырмау мақсатында қойшы ауылға бардым. Әлгі аңшы ағамызды сол жерден жолықтырдым. Қазақтың басы қосылса өткен-кеткен әңгімеден қозғайтыны бар емес пе, біз осылай отырып, жерасты жолы туралы айтылып қалды. Сөйтті де ол: – Балаларымның ондайға қызығушылығы жоқ, қажет десең саған көрсетейін, – деді. Іздегенге сұраған, мен құп алдым. Шопанның қонысынан екі шақырымдай жердегі үңгірді көріп, қайран қалдым. Үңгірдің үсті қой таспен жабулы екен, екеулеп аузын аштық. Терең, арыға кіріп көрмедік. Содан кейін тағы бірде барып қайттым. Сол күйі. Зерттеп жүрген ешкім жоқ. Енді өзіңе айттым, мәселе етіп көтерсең дұрыс болар еді, – дейді М.Мырзахметов.
Осыдан кейін газеттің сол кездегі бас редакторы Қаныбек Әбдуов, тілшілері – Нұрлат Байгенже мен Самат Әбдіш жолға шыққан. Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылған. «Мәди аға жан-жағына қарайлап, белгілі орынды бағдарлап отыр. Кенет «тоқтат!» дегенде, бәріміз шуласып, төңірекке көз тігіп қарадық. Ештеңе байқалмайды. Көліктен түскен соң барып үңгір көрінді. Шынында тесікті бітеген тас болған, бірақ біреулер шеттетіп қойыпты, аузы ашық жатыр. Дереу үңгірдің тереңдігін есептеуге көштік. Арқанның ұшына шам іліп, төмен жібердік. Шамамен бес метрге жуық. Белі орташа жігіт сиятындай доғал тесік екен. Тас қашалған, адамның ісі. Қолдан жасалғаны анық. Қағазға от қойып, түбіне тастап көрдік. Түтіні жоғары көтерілді. Демек, ауа айналып тұр. Тесіктің аузында бірнеше жылан сыртқы қабығын қалдырған. Ал, үңгірдің ішінде не барын құдай біледі. Үрей де бар, үңгірге кіру керек деген үміт те бар» деп әңгімесін өрбітеді журналистер.
Үңгірге түсіп көрген Нұрлат Байгенже көзбен көргенін одан әрі былайша баяндап берді:
– Ат шаптырым жерден ат терлетіп келгеннен кейін нар тәуекел етіп, арқанды ұстап төмен қарай түсе бастадым. Үңгірдің қабырғасында әр жерде түлеген жыланның эпидермис қабықтарын көріп бойдағы қорқыныш еселене түсті. Расында, түсі суық жорғалаушы кімнің болмасын үрейін алатыны сөзсіз. Бірақ, жоғары кетуге жігіттік намыс жібермеді. Түйінделген арқанмен бес метрлік үңгірді бойлай төмен сырғып барамын, сырғып барамын. Әйтеуір табанына түстім. Үңгірде ауа қалыпты екен. Төмен түскен қағаздарды шағып, жан-жақты барлап көргеннен кейін бойдағы секем басылды. Қабырға қолдан қашалғандай көрінді. Аяқ астындағы кесектермен үңгірдің қабырғасын қалаған ба? Бәлкім уақыт шіркін, жансыз кесектерге сәжде еткізген болар, бәлкім, жақын маңдағы қиыршық тас өндеушілер тауды жарғанда құлаған шығар. Ол жағы бізге белгісіз... 
Үңгірдің шығыс және батыс жағында саңылау байқалды. Тіптен, саңылау деуге келмейді, жер асты жолының есігі дерсіз. Шығыс жағындағысын құлаған кесектер жауып қалғандай, ал, батыс бетіндегісіне толық денелі адам еркін өтеді. Солай қарай сақтана адымдап, аяқ бастым. Бірақ, мені жер астының патшасы – жыландар тоқтатты. Бір жылан есіктің алдында оралып жатса, үшеуі тар өткелдің қабырғасында өрмелеп тұр екен. Көрген бойда бір орында мүсінше қаттым да қалдым. 
Бірер сәтте есімді жиып, жоғарыға дауыстап: – Мұнда жыландар көп екен, – дедім.
– Е-е, жердің иесі ғой! Бастысы, тиіспесен болды, олардың сенімен шаруасы болмайды, – деген Қаныбектің дауысы сенімді қозғалуға демеу берді. 
Есікке тағыда жақындай түсіп, ұзыннан-ұзын жатқан дәлізге шамның жарығын түсірдім.
Жоғарыдағылардың жер астындағы жағдайға қызығушылығы артып:
– Не бар екен? Жол бар ма? Не көріп тұрсын, – деп үсті-үстіне сұрақтарын жаудыра бастады.
Қанша жерден жүрек жұтқанмен айыр тілін салақтанған мақұлықты көрген жан кері шегінетіні айқын. Мен де кері шегіндім. Алайда назарым ауа алмастырғыш үңгірдің арғы жағындағы дәлізге ауып тұр. Қараңғылықтың шырқын бұзған шағын шамның жарығын көзбен қуалап, зер сала бастадым. Байқағаным – ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады. Қабырғасына кесек өрілгендей көрінді. Қалғаны жұмбақ... 
Бір кезде жоғарыдан кәсіби фотоапаратты жіберді. Бірақ, тарихи орынды қанша жерден суретке түсіруге талпынғанымен, аппарат іске қосылмады. 
– Ендеше, мұнда магниттік өріс бар. Фотоапаратты жоғары жібер, ұялы телефонды жіберейік, – деп дауыстады.
Бірер сәттен кейін заманның озық құрылғысымен үңгірді бейнесюжетке түсірдім. Көп ұзамай жоғарыға өрлеп, далаға шықтым. Төңірекке, Қаратауға көз тастап: «Бойына осыншама көп сырды қалай сыйдырасын?!» деп тамсамдым. Сосын тарихи орынның қақпасын жапқандай, үңгірге арнайы қашалып жасалғандай таспен жауып, кері қайттық.
Мақалада одан әрі Сунақата ауылындағы №194 «Сунақата» орта мектебінің мұғалімі Маржан Шоханова бізбен хабарласып, ауылда болған жағдайды баяндағаны айтылған. 
– Сіздердің жерасты жолын тапты деген жаңалығын естіген бойда хабарласып тұрмын. Өздеріңіз білесіздер, біз Сығанақ қаласының маңайында тұрғандықтан көп жағдайға кезігіп жүрміз. Көне қала маңындағы ел жерден несібе тереді. Міне, осы тұста, дихандар түсіне алмай жүрген жайттар баршылық. Әсіресе, күрішке жіберген суға байланысты осындай түсініксіз жайлар кездеседі. Өйткені, егінге пайдаланылған су жоғалып кетіп жатады. Қаншама су жіберілсе де, атыздар суға толмайды екен. Неге? Не себепті? Оны қарапайым еңбек адамдары түсіне қоймайды. Тақтайдай тегіс алқапта су қайда жоғалады?
Ескіден естуімізше, Сығанақта жерасты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалатын көрінеді. Егіншілер қанша су жіберсе да, танап бәрібір тола қоймайды. Су сіңген тесіктерге тас тастаса, тоқтамай кете беретін көрінеді. Жерасты жолы туралы түрлі мәліметтер де айтылады.Бұл сіздердің пікірлеріңізбен сабақтасып тұр, – деді ол.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: