Еліміз барлық салада жасарып, жаңарған елдің алдына енді өзге де мұраттар шықты. Танымалдығы ұлғайып, әлем елдерінің алдындағы беделі артқан Қазақстандай жас мемлекет үшін енді халқының ұлттық тұрғыда жаңғырып, жасампаз, жаңашыл елге айналуы керек-ті. Ел президенті Н.Назарбаев өз халқының дәл бүгінгі таңда сусап отырған осындай қажеттілігін тамыршыдай тап басты. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бүкілхалықтық қолдауға ие болуының сыры да осында. Осы орайда өңірдегі ұлттық біртектіліктің тірегі саналатын ескерткіштер мен тарихи орындарын жаңғырту, қайта жөндеу жұмыстары «Қазақстанның сакральдық географиясы» жобасын ұйымдастыру аясында жалғаса бермек.
ДОМАЛАҚ АСАР ҚАЛАШЫҒЫ
Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылының оңтүстік – шығысында 9 – 11 шақырымдай жерде орналасқан. Қаланың ежелгі атауы мен тарихы белгісіз. Қаланы жергілікті тұрғындар Естек асар деп те атайды. Себебі, сол маң ертеректе Естек деген көлдің табаны болған.
Қала екі сатылы қабаттан тұрады. Жоғарғы қабаттағы төбе – цитадельдің (қала әміршісі тұратын ішкі бекініс) жалпы формасы төртбұрышты ( квадратты) болып келген. Көлемі – 50 х 50 метр, биіктігі – 15 метрдей. Қалашықтың ішкі беті бел ортасына қарай ойыңқы. Цитадельден дуалға дейінгі аралықта, аумағы 30 метрдей бос кеңістік жатыр. Заманында цитадель айнала дөңгелек формадағы күзет мұнаралары бар дуалмен қоршалған. Казіргі уақытта дуал құландыларының ені 6 – 12 метр, биіктігі 1,5 – 2 метрдей. Ол әр жерден үзіктелген. Цитадельге оңтүстік қанаттан аумағы 50 х 120 м., биіктігі 2 – 2,5 метр болатын алаңша жапсарлас орналасқан. Қала сыртынан ені 7-8 м. болатын ормен қоршалған. Қаланың жалпы көлемі – 160 х 280 метр.
Бұл асарға 1962 жылы Хорезм археология - этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) барлау жұмыстарын жүргізгенімен, қазба жұмыстары жүргізілмеген.
ҮҢГІРЛІ АСАР ҚАЛАШЫҒЫ
Қаңлы дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. Таң ауылының оңтүстік - шығысында 8- 10 км., Домалақ асардың маңында орналасқан.
Қала құландысының жалпы пішіні төртбұрышты (квадратты) болып келген. Көлемі: шығыстан батысқа дейін 300 метрге, оңтүстіктен солтүстікке дейін 250 метрге созылған. Қала үш сатылы қабаттан тұрады. Бірінші қабатта орналасқан цитадельден көлемі 60 х 35 м., биіктігі 18 метрдей. Цитадель айнала биіктігі 3 – 4 м. болатын қорған-дуалмен қоршалған. Қалашықтың ішкі беті шеңберлене келе екінші қабатқа қарай шығады. Екінші қабат жалпақ алаңша пішінінде цитадельдің батыс және шығыс жақ қанатына жапсарлана орналасқан. Алаңшаның жалпы көлемі 100 х 80 м., биіктігі 3 – 6 метрдей. Екінші қабаттың батыс жақ беті ені 6 метр, биіктігі 4 метр болатын дуалмен қоршалған. Қалаға кіретін бас қақпа дуалдың солтүстік жақ бетінде орналасқан. Үшінші қабат цитадель мен екінші алаңның шығыс, оңтүстік және батыс жақ қанатын қамтыған. Цитадельден үшінші алаңның шетіне дейінгі арақашықтық, шамамен 40 – 60 метрдей. Қалашықтың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған.
Қала орнына барлау жұмыстарын 1948 – 1962 ж.ж. ХАЭЭ жүргізген. ( жетекшісі С.П.Толстов). Қазба жұмыстары жүргізілмеген.
Қаланың цитаделі мен дуалдардың сыртқы беті мен етегінде жауын- шашынның әсерінен үңгірлер мен арықтар пайда болған. Сондықтан да, жергілікті тұрғындар оны Үңгірлі асар деп атап кеткен.
ҚОСОБАЛЫ АСАР
Таң ауылының шығысында - 8 км. жерде орналасқан. Қаланың жалпы формасы төртбұрышты (квадратты) болып келген. Қала екі қабаттан тұрады. Жоғарғы қабаттағы цитадельдің биіктігі әртүрлі деңгейде ( 5- 12 метр аралығында). Ең биік бөлігі оңтүстік – батыс жақ беті. Цитадельді қоршаған дуалдың кейбір жерлерінде күзет мұнараларының құландылары казіргі уақытқа дейін сақталған. Заманында қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстігінде орналасқан және ол қақпаны дуалдан шығыңқы етіп салған екі күзет мұнарасы қорғап тұрған. Цитадельге жапсарлана көлемі 200 х 200 м. болатын алаңша орналасқан. Цитадельдің ішкі беті ойпаттау болып келген. Сыртқы қабатының кейбір жерлерін арықтар мен сайларға жиналған ағынды сулар шайып кеткен.
Қособалы асар аудан көлеміндегі қаңлы дәуіріндегі қала мәдениетінің дамуын көрсететін көрнекті археологиялық ескерткіштердің бірі. Қособалы асар деп жергілікті тұрғындар қаланың жалпы пішініне қарап (бір- біріне мінгескен қаланың қабаттары) атаған.
Казіргі уақытта қалашықтың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған. Қала орнына барлау жұмыстарын 1962 жылы ХАЭЭ жүргізген (жетекшісі С.П. Толстов). Қазба жұмыстары жүргізілмеген.
КӨКТОНДЫ АСАР ҚАЛАШЫҒЫ
Б.д.д. І- ші мыңжылдықтың аяғы – б.д. І - ші мыңжылдықтың ортаңғы тұсымен мерзімделеді. Қалашық Шәменов ауылынан шығысқа қарай 9 шақырымда орналасқан, Қаракеткен ауылының оңтүстігінде 10,5 км. жерде орналасқан. Қалашықтың жалпы құрылымы жан- жаққа жайылып кеткен домалақ пішінді болып келген. Биіктігі 8- 10 метр. Қалашықтың ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке дейін – 35 метр, батыстан шығысқа дейін - 42 метр. Қаланың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған. Казіргі кезге дейін қалашықты қоршаған ордың іздері сайрап жатыр. Асардың етегі мен ай