Қожамсүгір батыр қазіргі Қызылорда облысының Шиелі өңірі мен Арқа өңірінде ХVІІ ғасырдың ІІ жартысы, ХVІІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Жанақорған ауданы Хорасан бабаның маңайында жатыр.
Қожамсүгір батырдың бейіті Қожамсүгір батыр – қазақ-жоңғар соғысына қатысқан айтулы ер. Батыр туралы деректер аз болып отыр. Бұл кісінің бабасы Торы батыр болған, демек Қожамсүгір батыр Торы батырға шөбере болып келеді.
1994 жылы шыққан Ж. Бейсенбайұлының басқаруымен «Ана тілі» баспасынан шыққан Қазақ шежіресінде Торыдан Әлпейіс туады, одан Тұяқты, Қойбар туады. Қойбардан Қожамсүгір туады деп көрсетілген. Бірақ Қожамсүгір батырдың тікелей ұрпағы, Қызылорда қаласының тұрғыны Ормағанбетұлы Сьезбек ақсақал аталарынан қалған шежірені қарап, Қойбар атты бабамыз болған емес деп отыр.
Қожамсүгір батырдың әкесі Әлпейісұлы Түйішкемен немере бауыр болатын Құлпейісұлы «Көкмұрын» Құдайменді батыр болады. Бұл кісіде елінде әйгілі батыр болған, елде ол кісіні «Көкмұрын» деп атап кеткен екен. Қожамсүгірдің етжақын бауырлары, яғни шөбере бауырлары Құтым батыр Ботықараұлы, Абасұлы Шағыр батыр, Базарқұл батыр, оның баласы Малай батыр Сыр бойының ержүрек ерлері еді. Осындай өңкей батырлар әулетінен шыққан соң, Қожамсүгір батыр да намысын жауға таптатпаған, бұл кісінің шөбересі Кеңшімұлы Меңдіқұл би болған. Ал ұлы Құл батыр қазақ елін жаудан қорғаған арқалы батыр болған. Меңдіқұл би – ХVІІІ ғасырдың ІІ жартысында және ХІХ ғасырдың І жартысында өмір сүрген.