Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Ежелгі ескі мекен 

Сырдарияның оң жағалауындағы темір жол бойында орналасқан Жаңақорған кентінің тарихы ежелгі дәуірден бастау алады.
Ежелгі мекен туралы мынадай мәліметтер бар: «Село ХІХ ғасырдан бері Жаңақорған деп аталады. ХVІ-ХVІІІ ғасырларда Дінқорған, Шепқорған аталған. Оның түбінде ертеде шағын қала болған. Оның қазіргі сыртқы көрінісі – оңтүстіктен солтүстікке қарай 100 метрге созылып жатқан төбе. Осы төбенің оңтүстік жағында 20 метрдей жерде екінші шағын қаланың орны бар. Екеуінің де биіктігі 2х4 метр, ал ортасындағы қамалдың биіктігі 8 метрге дейін барады. Археологиялық барлау жұмысының нәтижесінде құманның, табақтың, керсеннің, күбінің сынықтары табылды. Ыдыстардың сыртына ою-өрнектер салынбаған. Археологиялық материалдарға қарағанда, бұл көне қала біздің заманымыздың І-VІІІ ғасырларында өмір сүрген, тұрғындары егін егіп, мал өсірген».
Демек, бұл деректерге қарағанда, көрсетілген елдімекендердің сонау сақ, қаңлы, ғұн тайпалары кезінде болғандығын аңғартады. Кейінгі зерттеу мәліметтеріне сүйенер болсақ, Жаңақорған орнындағы ең алғашқы қоныс біздің дәуіріміздің І-V ғасырларында пайда болған. Оның орны – қазіргі Құмсаба. Құмсабаның астында көне қалашықтың орны бар. Бұл жөніндегі пікірді қазақтың мәдениеті мен тарихына терең барлау жасап келген белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүкенбай Досжан қуаттайды.
Ал жазушы-журналист Әбілхан Әбіласанов былай деп жазады: 
«Жаңақорғанның ежелгі аты – Құмсаба. Құм, қом – көне түрік замандарынан бері кәдімгі құм мәнінде айтылып келеді. «Қоғалы көлдер, қом сулар» дегендегі «қом» осы құм мәнін білдіреді. Қай жерде су болса, сол жерде құм да бар. Судың табаны – құм. Қызылқұм ежелден судың асты болған деседі. Саб, саба – жер, мекен, толқын деген ұғымдарды білдіретін көне түрік сөзі. Сонда Құмсаба – құмдауыт жер, құмды қыраттар, құм – толқын, құмайтты мекен деген сөз. Бұл атау оның табиғи жағдайымен де сәйкес келеді.
Құмсаба кейінірек Құмкент деп аталып кеткен. Бұл жөнінде Дүкенбай Досжан «Жаңақорғанның тарихы» деген зерттеу мақаласында: «Махмуд Қашғарлықтың жазбасында Құмкент, Оғызкент, Сығанақ аталады. Тұман жазбаларында «Құмкент – Сығанақтың серігі» деген дерек бар. Қазіргі Құмкент деп жүргеніміз – Құмсаба» дейді.Ал белгілі археолог-тарихшы Әлкей Марғұлан «Оңтүстік жеріндегі көне орындар» атты кітабында: «Құмкент деп жұрт Қаратаудың бел ортасындағы Баба атаны, не болмаса Саудакентті шатастырып жүр. Құмкенттің географиялық орны Саураннан төмен, ұлы өзеннің бойында жатыр» деп жазуы Дүкенбай Досжанның тұжырымына негіз болған.
Қазіргі Жаңақорған кенті осы Құмсаба қалашығының орнында бой көтергендігін осы аталған деректер айғақтайды. Құмсаба қалашығы дария арнасы бір аунаған кезде судың астында қалып қояды. Халық енді дарияны өрлей отырып, қазіргі Жаңақорған кентінің оңтүстік-батыс жағында 5 шақырымдай жердегі, дарияның оң жағалауындағы Борықты деген жерге қоныстанады. Шағын қорған салып, бұл жерді Дінқорған деп атайды. 
Дариядан канал тартып, егін егіп, мал өсіреді. Осы кезеңдерде Дінқорғанмен қанаттас Ордакент қонысы да аталады. Ордакент қонысы қазіргі Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 3 шақырымдай жерде, ежелгі Ордакент қалашығынан оңтүстікке қарай 122 метр жерде орналасқан. Бірақ бұл мидай жазық дала суы тапшы болғандықтан тұрғындарға қолайлы қоныс бола қоймайды. Халық енді суы мол, қонысқа қолайлы жер іздеп, дариямен ұласып жатқан көл жағасына жаңадан қорған салады. Аңызақ Ордакенттегі ел енді көл жағасындағы елдімекенге келіп орналаса бастайды. Бұл қоныс –Жаңақорған деп аталады. Бұл 1803 жыл еді. Сол кездегі қонысты қоршай тұрғызылған қорғанның орны қазіргі Жаңақорған қонысындағы Қорған (Крепость) көшесінің айналасы болады.
«Омар ханның (1809-1822) билігі кезінде Сырдарияның оң жақ жағалауындағы керуен жолдары бойынан Жаңақорған, Жөлек, Ақмешіт, т.б. бекіністі қорғандар салынды» деген дерекке қарап Жаңақорғанды қоқандықтар орысқа қарсы бекініс ретінде орнатты деуге болмайды, керісінше оны нығайтып, бекініс ретінде пайдаланған. Бұл бекініс жөнінде Алексей Брагин «Третье рождение» деген кітабында: «Жаңақорған – жаңа бекініс күтпеген жерден пайда болды, көпшілікке байқаусызда салынды. 
Бекініс төрт бұрышты қорғанмен қоршалды. Қорғанға қойып ататын білтелі мылтықтары болды. Жаңақорғанның ұрма дуалдары Ақмешіттегідей ұрма саз балшықтан тұрғызылған. Оған шығыс жағындағы жаппалы қақпа арқылы кіруге болады. Қорған ішіндегі қалашықтың жартысы саздан салынған, аздап ағаштан да тұрғызылған үйлер бар. Сонымен бірге кішігірім сұр киіз үйлер мен ауқатты ақ боз үйлер болған» деп жазды. Бұл айтылып отырған деректер Жаңақорғанның кейінгі кезеңдегі тарихынан сыр шертеді. Дегенмен, археологиялық қазба деректері Жаңақорғанның ежелден адамдарға тұрақты мекен болғандығын айғақтап отыр.Жаңақорғанмен қанаттас Күйкентай, Ақүйік, Қоспа, Ынтымақ, Ботасоқты, Ителгісай, Көлтоған, Жетітөбе тағы басқа да сақ заманындағы обалар мен қорымдыр біздің заманымызға дейінгі VІІІ-ІV ғасырлардағы ерте темір дәуіріндегі тұрақтар екендігі зерттеу кезінде анықталған. 

Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: