Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Жанкент көне қалашығында археологиялық жәдігерлер табылды

Қызылорда облысындағы Жанкент қалашығында археологиялық зерттеулер барысында маңызды құрылыс нысандары табылды. Олардың арасында кесенелер бар.


Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан бері Қазалы ауданында республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш саналатын Жанкент қалашығына археологиялық зерттеу жүргізіліп келеді. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми орталығының басшысы, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев жетекшілік жасауда.
Қазба жұмыстарының нәтижесінде әртүрлі кезеңмен мерзімделетін тұрғын үй орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш, құмыра күйдіретін пештер, кесенелер табылды. Қазба жұмыстары барысында консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталды. Онда оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылды. Туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Табылған заттар ғылыми өңделгеннен кейін мемлекеттік музейлерге өткізіледі.
2018-2019 жылдары және биыл қалашықта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, Ресей Федерациясының Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институтының және Германияның Тюбинген университетінің бірлескен үшжылдық жобасы жүзеге асырылды. Жобаны Германияның неміс гуманитарлық зерттеулер қоры қаржыландырып отыр. Нәтижесінде археологиялық қазба жұмыстары барысында цитадельде шахристандағы тұрғын үй орындары, геофизикалық зерттеулер, топырақ құрамын анықтау, аршылған нысандардың сызбасын сызу шаралары атқарылды.
«Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қаласының орнында археологиялық қазба жұмыстары биыл да жалғасты. Зерттеушілер жаратылыстану ғылымдары әдістерін қолданып, Жанкенттің абсолюттік жасын анықтады. Бұған дейінгі деректерде көне қаланың ІХ-ХІ ғасырларда бой көтергені айтылған еді. Жаңа зерттеулер шаһардың іргетасы VІІ ғасырда қаланғанын көрсетті.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: