Күн ұясына қонар шақта Түркістан қаласына келіп кірдік. Облыс статусын алған ежелгі қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр екен. Қала сыртына Отырар ауданына түсер автожолға дейінгі біздің байқағанымыз осы болды. Одан соң 50 шақырымнан әрі жатқан Шәуілдірдегі Арыстан бабқа қою қараңғылықта жеттік… «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөзді сіз де естігенсіз. Аңыз бойынша, Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен?» деген өтінішіне Арыстан баб жауап береді. Ол 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынұсынған адам екен. Бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын осы кісіге береді. Содан көп жыл өткен соң иен далада келе жатқан Арыстан бабқа жеті жасар бала: «Ата, аманатымды беріңіз» дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен. Бұдан шығатын түйінді халықтың өзі айтады. Қожа Ахмет Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісін жалғастырушы болса, Арыстан баб – оларды байланыстырушы деген ұғым көпшілік санасына орныққан.
«Жұрт жыр қып айтатын аңыздың тарихта түрлі нұсқасы бар. Қиссаға құмар көпшіліктің көкейінде бұл сайрап тұр. Қожа Ахмет Яссауи жайлы тарихи дерек те жетерлік. Алайда ұстазы Арыстан баб турасында мәліметтер көп емес. Біз көбіне ел арасында тараған әпсанаға сүйенеміз. Мәселен, оның жеті жайы жайлы айтылатын әңгіме бар. Арыстан баб өмірден өткенде оның мәйітін жер-жерден жиналғандар өз еліне алып кетпекке талас жүреді. Ақыры бір мәміле болмаған сыңайлы. Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті бірдей мүрдеге айналыпты. Міне, сол жеті мүрденің екеуі Қазақстан жерінде екен.
– Аңыз бойынша, әулиенің жер жүзінде жеті жайы болса, соның екеуі осы Қазақстанда. Аралдың Ақирегінде жатқан әулиенің орнын да жергілікті жұрт қатты әспеттейді. Біреуі Қырғызстанның Жалалабад қаласында, Иранда екі жайы бар. Мекке-Мәдинада бір мазары болса, сосын Израильдың Тель-Авив қаласынан елу шақырым жерде бабаның осындай қасиетті орны кездеседі, –дейді жолсапарға бірге шыққан белгілі ғалым, әдебиеттанушы Серікбай Қосанов.
Арыстан баб кесенесі Түркістан облысындағы Отырар ауданында, атақты композитор Шәмші туған Шәуілдірге жақын орналасқан екен. Бұл кесене XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб бейітінің үстіне салыныпты. Біз көрген Түркістан жеріндегі бабтың кесенесі кітапхана, намаз бөлмесі, тілеухана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Әулиенің жанында өзіне шексіз қызмет еткен шәкірттері жерленіпті.
– Бұл кісінің екі сахабасы болған. Оң жағында Лашын баб, сол жағында Қарға баб жатыр. Ал одан берірек жерленген Шерімбет Әззер деген бабамыз бұл жерде имам болған. Мұнан өзге Құрбан ата мен қазақ руханиятына еңбегі сіңген, Түркістандағы тайқазанды Ресейден алдырған атақты Өзбекәлі Жәнібековтің мазары да осында. Сонымен қатар, 2016 жылы Шам шахарында жатқан (қазіргі Сирия) атақты ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Мысырды билеген қазақ Сұлтан Бейбарыстың басынан топырақ әкелініп, осында қойылды, – дейді Арыстан баб кесенесінің шырақшысы Шоқан Уәлиханов.
Бір қуанарлығы, баба кесенесіне келушілер легі толассыз екені көзге көрініп-ақ тұр. Зәулім мешіт пен түрлі қонақжай, сырттан келгендерге дайын асхана, мұның барлығы жол бойын тізбектей орналасқан. Әрине, барлығы тегін емес. Мұнда еміне шипа іздеген де, өзіне нұрлы жол тілеген де, сәби үніне зар болғандар да, тіпті, күннен қорғар телпегі мен жылтырақ көзілдірігін таққан ұлты бөлек, өзге діндегі туристер де қаптап жүр. Бұның бәрі сол жол бойында, жоғарыда айтқан қонақ үй мен дәмханалардың саудасын әбден қыздырып тұр.
Өз басым, жол бойы осы оңтүстік өңірдегі киелі бабалар басына келушілердің неге басым екеніне жауап та іздедім. Ең бастысы, мұндағы әр тарихи орынға инфрақұрылым жағынан көп жағдай жасалған. Су да, газ да, жол да жетіп тұр. Жарық көзі барлық жерге тартылыпты. Самсаған кәсіпкер сізге қажеттінің бәрін осында орналастырыпты. Тек, сіз аруақ жолына іштей дұғаңызды тілеп келе бересіз. Тіпті, құрбандыққа шалар малды осыннан табасыз. Айтып отырғанымдай, көп дүкен мен дәмхана сізді осылай қарсы алады. Өз елімізден де, сырт мемлекеттен де келетін туристердің осы аймаққа жиі соғатыны да осы.
Хош, біз бұдан бөлек Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне соғып, ежелгі қала Сауран мен Сығанаққа да аялдадық. Бұдан бөлек, Шиеліде орналасқан үлкен зиярат кешеніндегі бабалар рухына құран бағыштадық. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Экспедиция барысында осы әулиелер мекеніне де бас сұғып, бабалар рухына тағзым еттік. Бұл жайлы алда тарата жазамыз. Ендігі сөзді Аралдың Ақбай ауылына жақын орналасқан Арыстан бабтың тағы бір жайына бұрсақ.
«Онда барсаңыз, сізге ең алдымен Ақбай ауылының дәл іргесінен көлбеңдеп Ақирек тауы көрінер еді. Ақирек десе дегендей-ақ, ауыл сыртын иректеле орныққан. Осы тауда Арыстан бабтың бір жайы бар дегеніңізге көп адам анық сене бермейді. Себебі, насихатталуы тым аз. Көнекөздер бұл төңірек бұрын теңіздің орны дейді. Айтпақшы, Түркістан облысынан кейінгі сапар осы Аралға қарай жалғасқан еді. Халық білетін аңызда айтылғандай, мүрде артқан түйенің шөккен тұсына біз де бардық. Арыстан баптың мәңгілік мекені бір кездері теңіз толқыны ұрған Ақиректің бір төбесіне салыныпты.
Мұндағы әулиенің басы қарапайым ақ таспен қоршалыпты. Қорым басында бабаның төрт құлақ тамынан бөлек, Бала аулие, Қыз әулие сынды киелі орындар, жергілікті, тіпті қарақалпақтың Қият руының құлпытастары да кездеседі. Бейітті жағалай жүрсеңіз, түрлі аң-құс пен қолданған бұйымдардың тастағы бейнесі көзге көп түседі.
– 1962 жылы шешеме еріп осында келгенім бар. Шешем бала тұрақтамай, 10 баладан кейін осы баба басына түнеп, сұрап алған ұл мен едім. Атымды да Жайық қойсын деп аян берген де осы баба. Ол кезде бейіті тізеден ғана келетін осы таудың ақ тасымен қоршалған, үсті сексеуілмен жабылған. Ақтөбенің Темір ауданынан бір молда келіп, 1976 жылы бейіт басын көтеріпті. Бұл жерде Кішкененің Құрманайынан үш шырақшы, Әйдарбектің Алтынбайынан үш шырақшы болған. 1997 жылы ауыл ақсақалдарының қолқасымен осында келдім. Бұл аманатты атқару үшін Қызылордадағы «Айтбай» мешітінен арнайы діни дәріс алып қайттым, – дейді шырақшы Жайық ағамыз.
Иә, қазақ әулие-әнбиелердің, батыр тұлғалардың бейітін ешқашан қараусыз қалдырмағаны рас. Киелі жер деп қастерлеп, басына шырақшы сайлаған. Тіпті, бұл ертеде мемлекеттік деңгейдегі мәселе де болыпты. Мысалы, Сырдың бойында Шірік-Рабат деген шаһар бар. Кейін археологтар қайта қорытынды жасап, бұл қала емес, ескі қорымдардың орны деген тұжырымға келді. Енді қараңыз. Әлгі қорымдардың сырты бірнеше айнала қорғандармен қоршалған екен. Тіпті, арнайы қаруланған әскерлер тұратын орындары бар болып шығады. Сонда бұндай бекініс не үшін қажет болды? Археологтардың түсіндіруінше, ежелгі сақтар бабаларының бейітін жаудың талқандауын өздеріне намыс санаған.
Байқасаңыз, бабалардың мәңгілік мекенін қастерлеу ұғымының жібі үзілмей бүгінге дейін жету сырының бір ұштығы осында. Бүгінгі бет сипамай бейіт жанынан өтпейтін қазақтың әдеті, ата-баба аруағына деген құрметі сан жылдар өтсе де санада тұр. Ал шырақшыларды сол өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланыстың дәнекері деп те айтсақ артық етпес.
Шырақшы Жайық атаның айтуынша, ақырғы дін, ақиқат дін – Исламның діңгегі қатайып, гүлі көктеген керемет кез болса керек. Адамзатқа ізгілікті насихаттаушы Мұхаммед Пайғамбар өзінің сүйікті сахабаларымен кеңес құрады. Дін таратуда талай жорықты өткізген серіктестерімен пікірлесіп отырып, алдындағы тостақтан құрма жемекші болыпты. Сонда бір құрма қолына ілікпей, қайта-қайта түсіп кете берген екен. Пайғамбарымыз бұл құбылыстың тегін еместігін біліп, қолға түспеген жалғыз жеміс өзінен кейін бес ғасырдан соң дүниеге келетін баланың несібесі екенін айтады. «Бұл құрманы иесіне жеткізу керек. Осы шаруаға кім тәуекел етеді?» деген сыңайда сахабаларына сұрау салыпты. Бірде-бірі бұған дауаламай, тек Салман әл-Фарси деген сүйікті сахабасы аманатты орындауға бел буған екен. Салманның екінші есімі Арыстан баб болған деседі. Себебі, бір мұсылмандық жорықта баба ерлігімен көзге түсіп, Пайғамбарымыз ерекше мақтаумен «арыстаным», «бабым» деп арқасынан қағыпты деген де әңгіме бар. Арыстан баб аталуының бір тарихы да осы. Ал қазіргі күні ғалымдар пікірі де екіұдай болып отыр. Тіпті, Салман әл-Фарси мен Арыстан бабтыфң екеуі екі бөлек тұлға да деп қарастыратындар да бар.
«Байқасаңыз, жоғарыда айтқан аңыз бен шырақшының сөзі де бір-біріне ұқсас. Ұқсамайтыны басқа. Отырарда көрген баба кесенесі басындағыдай келушілер жетерлік. Қыс айларында сирейтіні болмаса, жаны қысылғанда әулиеден медет сұрап келетін пенделерден бөлек, ислам дініне мойынсынған мұсылман атаулының қарасы мұнда да мол. Көзбен көрген тағы бір нәрсе, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолына он шақырым ғана қашықтықта жатқан қасиетті жерге барар жолға көңіл шіркіннің көншімегені рас. Адам түгілі, көліктің жоғары қарай өрлеуі қиын. Бұл – бір. Екіншіден, Ақбай ауылына жақын орналасқан баба қорымының басына бүгінге дейін электр жарығы тартылмапты. Айтпақшы, баба басындағы түнеуханаларды көбіне жергілікті жұрт асарлатып немесе жеке адамның қолдауымен тұрғызғаны және бар. Жергілікті жұрт бабаның мейір-шапағаты тисін деген себеппен киізін басып, төріне іліп, көрпе-төсегін қалыңдау етіп төсеп, келушілер пайдаланатын ыдыс-аяғына дейін молынан қойыпты. Мұндағы қиындық ауыз судың тапшылығы. Демеушілер мен қайырымды жандардың қолғабысымен қолдан құйылған тас құдыққа су кейде жетіп, кейде жетпей жататыны көпшіліктің тауын шағатын мәселе.
Шынында, осындай жетіспеушілік болғанымен, қасиетті жерге барар адам қарасы көп екенін жаңа да айтып өткенбіз. Әдетте, зиярат етуге ниет еткен азаматтар рухани астанамыз – Түркістанға жақын орналасқан Отырар төріндегі Арыстан баб кесенесіне арнайы ат басын тіреуге тырысатыны рас. Әрі ондағы арасы жиі шоғырланған киелі орынның көптігі де себеп шығар. Бірақ, жергілікті жұрт Ақиректе жатқан Арыстан баб жайлы аңыздың түпкі негізіне сеніп келеді. Біз көргеніміз бен түйгенімізді саралай келе, баба жатыр деген сенімдегі қос мекеннің ахуалын қаз-қалпынша беруге тырыстық. Енді осынау киелі мекенді гүлдендіріп, туризмнің дамуына дем беруге болмас па?!
Ержан Қожас