Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Құм астындағы қазына

Тұңғыш Пезидент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген нысандардың  бірі –  Сыр бойындағы Жент қалашығы. 
Қалашық Жалағаш ауданы Аққыр ауылынан оңтүстікке қарай 30 шақырымда, Жаңадарияның негізгі арнасының оң жағалауынан 4 шақырым жерде, оның бүйірлік көне тармағында орналасқан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.
Бұл – селжүктер династиясының алғашқы көтерілу кезеңінде және хорезм-оғыз қатынастарының тарихында басты рөл атқарған қала. 1220 жылы қаланы Моңғол әскері жаулап алған, біраз уақыт Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ордасы болады. Орта ғасырлық жазба деректерде және археологиялық қазба нәтижелері Женттің ірі сауда орталығы болғанын, этномәдени саяси байланыстарда маңызды рөл атқарғанын көрсетеді. Ғалымдар ортағасырлық Ақшығанақ және Құмқала ескерткіштерін де суретке түсіріп, керамика сынықтарын жинаған. Өткен ғасырда Хорезм экспедициясы тарапынан Ұйғарақ, Түгіскен қорымдарына толық қазба жұмыстары жүргізіліп, құнды жәдігерлер алынған. Алайда ашылған орындар қайта көмілмеген. Жергілікті ғалымдармен бірге қазба орындарының сызбасымен ретке келтірілуде.  
Женттің моңғол шапқыншылығына дейін маңызының зор болғандығы сондай, Арал теңізін кейде «Женттік» деп атаған. Қала жөнінде Қазақ энциклопедиясында былай деп жазылған: «Жент – орта ғасырда Сырдарияның төменгі ағысы бойында болған қала. Жент Жаңадария өзенінің сол жағасында, мұсылман дүниесінің шекарасында туған қала. Х ғасырда түрік оғыздарға қараған. ХІ ғасырда моңғол шапқыншылығына дейін Жент Сырдария бойындағы басты қала болған».
Алғаш рет 1946 жылы С.П.Толстов Жент қаласының орнын көрсетіп, үстіңгі бетінен жинаған деректер бойынша, оны ХІІ-ХVІ ғасырларда гүлденген қала болғанын тұжырымдады. Зерттеушінің пікірінше, ХІІ-ХІІІ ғасырларда Жент Хорезм мемлекетінің дүниежүзілік державаға айналу барысындағы тіректі қаласының бірі болған. Кейін 1958 жылы Б.В.Андрианов, 1961 жылы С.П.Толстов ескерткіш орнында зерттеу жұмысын жүргізді. 1960-1970 жылдары ғалым Ә.Қоңыратбаев зерттеу жүргізген. Ал академик В.Бартольд өз зерттеулерінде Сыр бойындағы қалаларды хунуерлер салған десе, М.Қашқари Сыр бойындағы балшықтан соққан ең ескі қала Жент деп те жазады.
Қалашықта «Археологиялық сараптама» ЖШС зерттеу жұмыстарын жүргізген. Биыл облыстық бюджет есебінен археологиялық зерттеулер жалғасын тапты. Нысан ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: