Қазақтың көрнекті батыры әрі атақты биі Қалдан Талқанбайұлы 1822 жылы Қызылорда облысы, қазіргі Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылында дүниеге келген. Әкесі Талқанбай кезінде Сыр өңірінде танымал, аты аңызға айналған, атақты шипагер, емші, ғажайып әулие Ер Сейітпенбет бабаның немересі Айқожа иман өз заманында болашақты деп басып болжай білетін, түс жоритын ерекше қасиеті бар, көріпкел әулие кісі болыпты. Бұл әңгіменің шындығы мен нақтылығын мына бір дәлел айғақтайды. Қазақ халқының өткен өмірінде жер дауы, жесір дауы үлкен дау жанжалға айналып, арты жаға жыртысу, ұрыс-керіс, талас-тартыспен аяқталған. Тал түсте жесірін қолдан беріп, таяққа жығылу халықтың игі жақсылары мен атқа мінер азаматтары үшін өлімнен де асқан қорлық.
Және де от ауызды, орақ тілді шешендердің тапқырлықтары мен жүйpiктepi, сөзуарлары дүйім елдің алдында анықталып сөз мәнері сынға түсіп сыналатыны да осы жер. Бұл қорлыққа жаны төзбей кеудесін намыс кернеген Қалдан батыр қасына бес-алты данагөй ауыл ақсақалдары мен оншақты сойыл соғатын палуан, кілең өнері тасыған ерен жігіттерді ертіп, Кете еліне аттанып өтеді.
Бұл жай ғана аттаныс емес, елдің ертеңін ойлаған, үмітін арқалаған өрен ердің намысы еді.
Алайда Қалдан бастаған қуғыншы топқа Кете елінің азулы билері қарсы дау айтып дес бермейді. Небір аузымен құс тістеген шешендер мен ділмәрлар алға суырылып шығып, талай- талай қызыл өңеш бұлбұл тілдер сайрайды. Бірақ екі жақтың да шешендерінің сөз өнері бірдей түскендіктен ауыл ақсақалдары бір шешімге келе алмай қатты сасады.
Алыстан алты жасар бала келсе алпыстағы шал сәлем беретін қазағымыздың дархан көңілі мен қонақжайлығына, жомарттығына тең келетін халық жоқ шығар бұл ғаламда.
Кете елінің ақсақалдары мен билері Қалдан бастаған қуғыншы топқа қонақжайлық етіп жылқыдан семіздің сөре шығатын қысыр емген тай сойғызып, құрметпен қонағасы береді. Жастар жағы ежелгі дәстүрмен қонақтарға арнап тігілген ақбоз үйлерге табақ тасып, аттарын баптап, қызмет көрсетеді. Үлкендер жағы болса шиеленіскен дау-жанжалдарды бір сәтке доғарып, өтіп кеткен батырлар мен билердің ерліктерін жыр етіп ұзақ сонар әңгімеге көшеді.
Ежелгі қалыптасып қалған дәстүр бойынша жасы үлкен қариялар асылған малдың басын ұстап өз кезегімен кісілерге үлестіріп, жылқының былбырап піскен семіз етіне «бісмілдә» деп енді қолдарын сала бергенде, манадан бері шаңырақта өрмелеп жүрген кесіртке құлап кетіп Қалдан батырдың дам татып отырған табағына салп ете түседі. Сол сәтте Қалдан батыр:
– Ой, Аллай, өлмегенге өлі балық кездеседі деген осы екен. Бұл да бір құдіретті Құдайдың маған жіберген асы шығар, - деп әлгі кесірткені қаймықпастан етпен қоса шайнап-шайнап жұтып жіберген екен.
Қалдан бабамыздың бұл ic әрекетінен қорыққан Кетенінің биі жатқан орнынан басын көтеріп: – Ойпырмай, мына Шөмекейдің биі кесіртке түгіл айдаһарды да жұтар түге. Әділ шешім біреу-ақ болсын. Тартып әкелген қалыңдығын, ат-тон айыбын беріп өздеріне қайтарыңдар. Біз мұнымен дауласып ештеңе өндіре алмаспыз. Және де Шөмекейдің әйгілі би Қалдан батырмен қасындағы игі жақсыларына ат, иықтарына шапан жауып, қадірлеп аттандырып салыңдар. Дау осымен бітсін, - деп теріс қарап жатып алған екен.
Дәл осы жерде батырға адам жемек тіпті түсінен қорқатын жәндіктен ет орнына шайнатқан да намыс еді. Мұндай әділетті шешімге екі жақ та риза болып тарасыпты.
Жүніс билік айтып «би болмасаң да түсетін үй бол» дегендей ел арасында беделі зор қадірменді кісі болған. Бұл әңгіменің шындығын мына бір дәлел айғақтай түседі. Күз мезгілінің ортасынан ауыл ел қыстауға көшуге қамданып, соғым соятын уақыт таяп қалса керек. Осындай бір шақта Қалдан батыр атқосшысы Жүніске келіп: «Биылғы соғымға соятын мал¬тегелердің реті болмай тұр. Өткен жазда сонау көрші ауылда тұратын Көшер байдан бір жылқыны алмақ болып уағдаласып қойып едім. Бүгін соның бір сәті түсіп тұрған секілді. Қысқа қалдырмай уақыт ұзатпай алып қайтайық»,- депті.
Кіші жүз Кете руының Кеген аталығынан шыққан Көшер Таңатарұлы өз заманында асқан бай, әpi ықпалды жомарт адамдардың бірі болатын. Ол кісі кілең торы бие байлайды екен.
Тарихи деректер көзіне сүйенсек, бip өзінде 1,5 мың бие болыпты. Көшер мен Қалдан батыр екеуі бұрыннан ынтымағы жарасқан, сыйластығы мол кісілер екен. Бір кездескенде Көшер бай Қалдан биге: «Сізді құдайы қонақасы беріп, құрметтеп шығара алмадым. Өзіңізге атаған арнайы малым бар еді. Жолыңыз түсіп шаруаңыздың орайы келіп жатса елге келіп, алып кетіңіз» - депті.
Қалдан бидің Жүніске Көшерден бір жылқы алуға уәде байласып қойып едім деуі де осыдан туған ic.
Қалдан батыр күн шыға Жүніске аттарды ерттетіп, Көшер байдың ауылына аттанып кетеді. Жол жиегіне жағалай қоныстанған байлар ауылының үстімен өте бергенде, сол жepдi бұрыннан мекен етіп келе жатқан Есбол руының шынжыр балақ шұбар төс аталған атақты байы Аманбай қуып жетіп тоқтатып, сәлем береді.
Сәлемін алған батыр әңгіме арасында өзінің бір тығыз шаруаларымен асығыс жол жүріп бара жатқанын айтады. Әйгілі бидің алдында атақ даңқы мен мырзалығын көрсету мақсатында көздеген Аманбай Қалдан батырға:
– Уа, батыреке! Күйбеңкүйкі тіршілік деген адам баласынан артылушы ма еді. Жұмыс ешқайда қашпас. Бүгін ат шалдырып үйге кіріп сусын ішіп, бұйырған қонақ асын жеп кетіңіз», - деп қолқа салады.
Байдың жарамсақтығына қатты шамданған Қалдан батыр ашуланып: «Атаңа нәлет, батыр десе зәреқұтың қалмай қорқасың. Осы сый-құрметіңді кедейкепшіктер мен сүйенері жоқ жетім-жесірлерге неге жасамайсың» деп Аманбайды аттың бауырына алып қамшымен тартып-тартып жіберіп, тоқтамай жүріп кетеді.
Бұлар ауылға таяп келсе Көшербай жалшыларына суаттан жылқыларын суатқызып тұр екен. Көптен бері көріспеген батыр мен би дидарласа қауышып, елжұрт пен мал жанның есендігін сұрасады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Қалдан би өзінің жұмысын бірінші болып баяндайды.
«Анау дөңнің қасында тұрған биені сіздің қосарыңызға байладым» - депті Көшер төбе жақты қолымен нұсқап. Қараса жылқы керегедей, кеудесі сандықтай ipi денелі торы бие семіздіктен жарқабаққа шыға алмай, оттауға шамасы келмей ыңыранып тұр екен.
«Уа, Көшер егін еккендік мал баққандық емес пе әрқашанда малыңның өсіп өнуі – адал кебісін мен еңбегінің жемісі. Биеңнің ақысына қолымда байлаулы тұрған жарақты жылқым бар, соны берейін» - деді Қалдан.
Сонда Көшер: «О, не дегеніңіз. «Малым – арымның садағасы» демей ме, сіздей халық қалаулысына мал сату маған бақ пен атақ абырой бермес. Биені сізге пұлсыз тегін байлағанмын», - дейді. Мұнан кейін Көшер бай баласын шақырып алып Қалдан батырға қолғабыс көрсетіп биені ауылына дейін жеткізіп тастауды мықтап тапсырады.
Ымырт үйіріліп, түн қата жеткен Қалдан бай баласын құр қол жіберуді жөн кермей бай мен бәйбішесіне арнап көптеген сый жоралығы беріп, баласын риза етіп жібереді. Биені таңертең соймақ болып жем-су бермей таң асырып қояды.
Таң сызат бере дәрет сындырмақ болып, түзге шықса, таң асырып қойған қорадағы биенің жоқ екенін көреді. Іле-шала үйге кіріп Жүністі оятады. Болған жағдайды бірден түсінген Жүніс аттарды ерттеп, Қалдан батыр екеуі көп ұзатпай қолды болған биенің ізіне түседі.
Жолшыбай жол үстінде бұларға атақты Қаражан болыс кездесе кетеді. Қаражан болыс туралы азырақ дерек бере кетейік.
Кіші жүз Кете руының Сойрғас аталығынан шыққан Қаражан Қошқарұлы ел билігіне жете араласып, болыс атағына не болған кісі. Ел құрметіне бөленіп Сыр бойында есімі кеңінен танылған.
Сонымен жолай кездескен Қаражан: – Айпыр ай! Батыреке, таң атпай ертелетіп қайда бара жатырсыз? - депті. Сонда Қалдан сабырлы кейіппен:
– Әтй, қарағым, жай адам ертелетіп жүруші ме еді. Қорадағы байлаулы тұрған биемді осы ауыл-аймактың балалары мініп кетіп, соның артынан қуып келе жатқаным ғой, - деген екен.
Батырдың салмақты да қысқа сөзінен, ашулы жүзінен бір жағдайдың болғанын айтпай ақ ұққан Қаражан болыс бұдан әрі сөз қозғамапты. Осылайша, атақты Қалдан би, Қаражан болыс, атқосшы Жүніс үшеуі ұзақ уақыт жол жүріп, шаршап¬шалдығып бір жерге келгенде Қалдан би:
– Қолды болған бие де, оны ұрлаған ұры да ұзап ешқайда кетпес. Кешке дейін айналып кеп осы маңға бір соғар, — деп ит тұмсығы өтпейтін қалың дарақты бір жыңғылдың түбіне отыра кетеді. Қалдан би отырған жерден бие сауымдай уақыт ұзап кеткен Қаржан болыс пен Жүніс бір төбенің биік басына шыға бергенде төмендеп сай жақтан аппақ бураға мінген қосарына торы бие жетектеген жас жігітті кездестіреді.
Іздестіре келіп ұры ұсталады. Қалдан батыр ұрыны ауылына ертіп келіп оған: «Адал кәсіппен дүние тапсаң, елге елеулі боласың, арамдық, ұрлық жолы тар» деп өсиет айтып алдына мал салып аттандырып жіберіпті.
Кейін әлгі жігіт батырдың өсиетіне құлақ қойып, адал еңбегімен дәулетті кісілердің қатарына қосылыпты дейді мыс.
Бұл ic батырдың «таспен ұрғанды аспен ұр» деген қағиданы берік ұстағандығын байқатады.
Батыр Жаңғабылдың Малыбай деген аталығынан шыққан.
Қалдан Талқанбайұлы XX ғасырдың бас кезінде 1913 жылы 91 жасқа қараған шағында дүниеден өтіпті. Халық елдің еркесі атандырған батыр ұланын өзінің тапсыруы бойынша Тарғыл тауының маңына ақ жауып арулап қойыпты.