Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Қармақшы өңіріндегі қасиетті нысандар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жағыру» мақаласы аясында рухани кодымыздың басты тетігі болып табылатын қоғам үшін маңызды, сонымен қатар халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізі – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында да біраз құнды тарихи материалдық мәдение­тіміздің негізі қалыптасуда.
Қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүрген ата-бабаларымыз «кие» сөзіне ерекше мән беріп, кіндік қаны тамған туған жерінен бастап, тарихи тұрғыда өшпес із қалдырған тарихи орындарды киелі де қасиетті жерлер деп бағалаған. Ата-бабаларымыздың «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың», «Әркімнің өз жері – жұмақ», «Бақыр қазан қайнаса, бәріміздің бағымыз», «Туған жердің әр тасы-біздің алтын тағымыз», деп айтып кеткен нақыл сөздеріне қарасақ, туып-өскен жерін кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалай білгендігін көреміз. Халқымыздың ұлттық санасының ерекшелігі де осында.
Рухани жаңғыра отырып, болашаққа бет түзеген халықтың Ұлы Даласы киелі жерлерге толы. Біз үшін батысы мен шығысы, беткейі мен теріскейі ұшқан құстың қанаты талатын аймақты алып жатқан Қазақстанның әрбір сүйем жері қасиетті де киелі.
Қазақстанның киелі жерлері ретінде ерекше бағаланатын табиғи және мәдени нысандар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, халық арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың кесенелері мен қорымдары, халық жадында елеулі із қалдырған тарихи-саяси оқиғаларға байланысты орындар танылады. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде ұлттық бірлік пен бірегейлік, жаңғыру нышаны ретінде маңызды орын алатын заманауи нысандар да  кіреді.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 12 тарихи ескерткіш еліміздің жалпыұлттық қасиет­ті нысандар тізіміне және 35 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Оның ішінде Қармақшы ауданы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы және Қорқыт ата кешені енсе, ал, Бәбіш мола қалашығы, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері (Алтын асар, Жалпақ асар, Томпақ асар, Моншақты асар, Бида­йық асар, Кіші қос асар, Үлкен қос асар, Жаман асар, т.б)  Марал ишан мазары, Қалқай ишан кесенесі, Байқоңыр ғарыш айлағы, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.
Өлкеміздің ­материалдық мәдени тарихында сәулет ес­керткіштері мен қала құры­лыс­тары айрықша орын алады. Көне қалалардың орын­дары, керуен сарайлары, діни орындар мен мешіттер, мавзолейлер, қорымды-мінәжат кешендер байырғы бабаларымыздың әлеу­меттік-экономикалық және мәдени өмірінің нақты айғақтары болып табылады. Мұндай мұралар Қармақшы ауданының территориясында көптеп кездеседі. Қазақстан Республикасы мәдениетінің алтын қорына жататын ескерткіштер бір кездері өлкеде өмір сүрген тайпалар мен халықтардың тарихын баян­дайтын мұрағаттар болып табылады. Осы ежелгі қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы тектестікті ұрпақтар сабақтастығын зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың көне тарихының әлі де болса айқындала қоймаған тұстарын ашуға болады.
ХІХ ғасырдың ортасында бірқатар орыс зерттеушілері В.Лерх, Берг, т.б. Қазақстанның аумағында соның ішінде Сыр бойында орналасқан ортағасыр­лық қалаларды зерттей бастады. Алайда, толыққанды зерттеу жұмыстарын 1940-1950 жылдары КСРО ҒА ұйым­дастырған Хорезм архео­логиялық этнографиялық экспедициясы жүргізді. Жарты ғасырға жуық жүргізілген бұл зерттеу жұмыстары Сыр бойында орналасқан кейінгі қола, ерте темір, ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді қамтыды. Бұл экспедицияға орыстың көрнекті археологтары С.Толстов, Л.М.Левина, Л.Ерзакович, Л.Яблонский, Б.В.Андриан­ов, т.б. ғалымдары қатысып зерттесе, ХХІ ғасырда еліміздің ғылымы мен мәдени ортасында үлкен серпіліс тудырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша К.Байпақов, Ж.Құрманқұлов, С.Жолдасбаев, М.Елеуовтер де өлкемізде  көне мәдени ошақтарға археология­лық қазба жұмыстарын жүргізді.
1946 жылдан бастап Мәскеудегі археология-этнографиялық институты жанындағы Хорезм экспедициясы Қармақшы, Қазалы аудандарының территория­сында қазба-зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. Осы зерттеу кезінде қола, сақ мәдениетіне тән ескерткіштерді анықтады. Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Алтын асар, Жетіасар ескерткіштерін қазған кезде, табылған қыш ыдыстар кезінде сүт тағамдарын, дәндерді сақтауға пайдаланғаны анықталды. Егін­шіліктің суармалы түрі қа­лып­тасқанын көрсететін дән үккіш тас диірмендердің та­былуы ерте кездердегі өлке тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді.
Көне ерте замандар мен орта ғасырлардағы тарихи мәдени ескерткіштеріміз туралы көптеген ғылыми тұ­жы­рымдалған мәліметтер көп­шілікке кеңінен жариялануда. Тарихи маңызды қасиетті орындарда өмір сүрген ха­лықтардың   тұрмыс-тіршілігі өз заманында өркениеттің дамуына зор үлес қосқаны, зерттеу жұмыстары нәтижесінде айқын көрінеді. Осындай тарихи құндылықтарымыздың әлі де ашылмай жатқан сырларын ашу мақсатында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында көптеген ауқымды жұмыс­ атқарылуда.
Ұлттық құндылықтары­мыз­ды осындай киелі нысандар арқылы жаңғырту, болашақ елдің иесі болар ұрпақты рухани бай мұрамен сусындата тәрбие­леу, ұлттық негізгі қағидалардың бірі болып табылуы тиіс. Бірін-бірі толықтыратын «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы туған жер мен киелі жерлерге деген шынайы патриоттық сезім арқылы, екеуінің сабақтастығы болашақ ұрпақтардың біртұтас мызғымас тарихи санасын қалып­тас­тырады. Туып-өскен жерге деген сүйіспеншілік әрбір азаматтың санасында жүйе­лі түрде қалыптасып, Отанымызға деген патриоттық сезімге ұласса. Сонда ғана Қазақстанның қасиетті жерлерін қастерлеу – бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, ұлттық мақтанышымыздың қай­нар бұлағы болары хақ…
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын айтып өткен болатын. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сараптамалық ке­ңесі ашылып, еліміздің облыс­тық әкімдіктерінің қатысуымен қасиетті орындарды анықтау үшін жұмыс топтары құрылды. Қазақстанның 100 қасиетті орны мен кешендерінің тізімі анықталды. Тізімге Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік саяси өміріндегі маңызды орын алатын нысандар мен кешендер кірді.  

Қазақстан бойынша қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:

1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері;

2. Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар;

3. Діни және ғұрыптық орындар;

4. Тарихи тұлғаларға қатыс­ты қасиетті орындар;

5. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар.

 «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 12 тарихи ескерткіш еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне және 35 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Оның ішінде Қармақшы ауданы бо­йынша 2 тарихи ескерткіш жалпы ұлттық қасиетті нысандар тізіміне және 6 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне кірді.

Жалпыұлттық қасиетті нысандар

Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы
Қорқыт ата кешені  

Өңірлік қасиетті нысандар

Ежелгі Бәбіш мола қалашығы
Баланды ІІ кесенесі
Жетіасар археологиялық кешені
Марал ишан мазары
Қалқай ишан кесенесі
Байқоңыр ғарыш айлағы

 

Д.Ержанов,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының директоры. 

Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: