Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

СОҒЫС ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЛА ӨМІРІ


Бүгінде қос ғасырлық тарихы тасқа басылған Қызылорданың 1940-1950 жылдардағы тыныс-тіршілігі соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Тіршілік ауаны да соған сәйкес өрбіді.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде бүкіл еліміздегі сияқты Қызылордада митингілер мен шерулер болып, онда фашистік Германияның Кеңес Одағына кенеттен жасаған шабуылы айыпталды. Халықтың өз еркімен Отан қорғауға аттануы көрініс берді. Әскер қатарына қабылдануға ниет білдірген хаттары жергілікті билікке үздіксіз келіп жатты.
Қаладағы осындай митингіге тек бір күнде 17 мың адам қатысқан. Өздерінің Отанға деген шын сезімін барлық еңбекшілер білдірді. Қалалық активтер мен жиналыстарға қатысқан адамдар бұл орайда жылы лебіздерін білдірді. 23-27 тамыз аралығында колхоз басқармалары төрағаларының, МТС директорларының, бастауыш партия ұйымдары хатшыларының жиналыстары болып, онда шаруашылық жұмыстарын әскери қалыпқа түсіру мәселесі қаралды.
Шілде және тамыз айларында халық арасында қорғаныс-бұқаралық жұмыстарын өрістету, халықты әуе шабуылынан қорғана білуге дайындау, қорғаныс қызметін қайта құру және соғыс жағдайында күрішті тез жинап алу жайы таразыланды. Бұқаралық-қорғаныс ұйымдарының және Осоавиахим, Қызыл Крест басшылары және мүшелерімен кеңес өткізілді. Осы жылдың аяғына дейін соғыс және қорғаныс тақырыптары бойынша ондаған баяндамалар жасалып, дәрістер оқылды, оларды талқылауға 152 мың адам қатысты. Облыстық газетте және радио арқылы мақалалар берілді. Осоавиахим мен Қызыл Крест құрамында партия-комсомол топтарының көбеюі бұқаралық-қорғаныс ұйымының жұмысын жандандыра түсті.
Қалада майдан жағдайында қызмет атқарудың барысы, оның нәтижелері, алға қойылған міндеттердің орындалуы барысы жиі-жиі талқыландыы. Кемшіліктерді түзету үшін арнайы қаулы қабылданып, нақты көмек көрсету шаралары белгіленді. Онда ең алдымен, суды дұрыс пайдалану, күрішті жинауға механизмді кеңінен қолдану, колхозшылармен шарт жасау арқылы жұмыс жүргізу белгіленді. Қалада балалар аландарын, балабақшалар ашу арқылы әйелдердің еңбекке түгелдей қатысуын қамтамасыз ету ойластырылды.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: