Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

Бегім ана мұнарасы

«Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енген Бегім ана мұнарасы – Х-ХІ ғасырлардан бері келе жатқан сәулет өнерінің туындысы. Мұнара Арал және Қазалы аудандарының ортасында орналасқан. Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. Ескерткіштің кесектен жасалған дуалдары қазір күйдірілген кірпішпен айналдыра қаланған. Мұнара әр қыры 8 бұрышты құрылыс, биіктігі 10 метр. Жоғарғы бөлігінде мұнараның қырлары тарылып, күмбез тәрізді болып қалған.
Бегім ана мұнарасы 2013 жылы қайта жаңғыртудан өткен. Оның басына мінәжат етушілер, оның ішінде перзент сүюден үмітті әйелдер көп барады. Жергілікті жұрт Бегім сұлуды кіршіксіз тазалықтың белгісі санайды. Оның махаббатқа адалдығы әлі күнге дейін ел аузында жүр.
Бегім сұлу – тарихта болған адам. Деректерде ХІ ғасырда өмір сүрген делінеді. Атақты Қарабура әулиенің кіндігінен өрбіген. Ол өте көрікті бойжеткен болған деседі. Көрген адам көз алмай қарайды екен. Айдай сұлу аруға сөз салған серілер де аз болмаған. Алайда ешқайсысына мойын бұрмаған. Өзіне сай сыңарын іздеп, жол тосқан көрінеді.
Сырдың бойындағы атақты Жанкент шаһары басшысының баласы Санжар хан отау көтеретін шақ туғанда жолдастарымен жолға шығады. Оның Қаратаудың етегіндегі қоныста тұратын Қарабура әулиенің қызы Бегім сұлу жайлы құлағы шалады. Оны көруге ынтыға түседі. Арудың жүрегіне жол табу өте қиын. Алайда оған ес-түссіз ғашық болған Санжар дегеніне жетеді. Бегім сұлуды өзіне қаратады.
Екеуінің тату-тәтті тіршілігіне талай адам қызғанышпен қарапты. Тіпті кейбір адамдар олардың арасын ашуды көздейді. Күндердің күнінде Санжар хан достарымен аң аулауға шығып кетеді. Жолда аңға салар бүркітінің басындағы томағасы жоқ екенін көреді. Сол үшін қасында жүрген әскердің бірін үйіне жұмсайды. Әлгі адам Бегім сұлуды көргенде ақыл-естен айырылып қалады. Ол үшінші күн дегенде әрең есін жинайды. Дереу келген ізімен кері қайтады. Жұмсаған адамы өзін Бегім сұлудың кідірткенін жеткізеді. Тұла бойында тұтанған қызғаныштан Санжар кері қайтады. Ештеңеге қарайтын түрі жоқ. Бегім сұлудың айтқанына құлақ та аспайды. Ол ашумен Бегім сұлудың қолы мен бұрымын кесіп тастайды.
Бұл жайсыз хабар шалғайда жатқан Қарабура әулиенің құла­ғына жетеді. Көп ұзамай ол кісі қызына келеді. Алдынан Санжар хан шы­ғады. Оған атақты әулие өзінің бол­жамын айтқан. «Егер менің қызым кінәсіз болса, қазір оның қолы мен бұрымы қай­тадан орнына келеді» дейді. Айтса айтқандай, қызын алып келгенде, барлығы да өз орнында тұр екен.
Санжар ханның әйелінің кінәсіз екеніне көзі толық жетеді. Бірақ барлығы да кеш еді. Қанша жерден кешірім сұрағанымен, Бегім сұлу илікпейді. Аққу құсына айналып, көкке көтеріліп жүре берді. Санжар оның артынан қалмай, қайта оралуын сұрайды. Алайда аққу бейнесіне айналған әйелі оған қайырылмайды. Көкте біраз самғап, теңіз жағалауына құлайды. Сол жерден кейіннен мұнара бой көтереді.
Бегім сұлудың қазасынан кейін Қарабура әулиенің жүрегі қайғыға толады. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Зұлымдық жазасыз кетсін бе?! Құдіреттің күшімен көктен іші ордалы жыланға толы мес түсіп, хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Осы аңызды бұл өлкеде білмейтіндер кемде-кем. Ордалы жылан жайлаған шаһар да көп ұзамай өмір сүруін тоқтатты. Дария суынан Жанкент жермен-жексен болып қирайды.
Неше ғасырдан бері ел аузында сақталған аңыздың ақиқаты қандай екенін ешкім білмейді. Тек адалдық пен парасаттылық туралы әңгіме қозғалғанда осы аңызды мысалға келтірмейтіндер кемде-кем.
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: