ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығы қазіргі Қызылорда облысының Жанақорған, Шиелі аудандарын басып алғаны белгілі. Бір күндері Қоқан бегі Сыр бойында алым-салығын күшейтіп жібереді. Сонда Сыр бойының қазақтары бұл алым-салыққа қарсы болады. Айрықша қарсы болғаны: Қыпшақтың Торының Шашты Байсарысы мен Қыпшақтың Торының Көзей рулары. Бұл оқиғаны естіген Қоқанның бегі Түркістан шаһарынан қарсылықты басуға 500 әскерін жібереді. Қоқан әскерін бері шыққанын естіген Байсары мен Көзей рулары Арқаға қарай көшеді. Майшының тұсына келген кезде (бұл қазіргі Жанақорған мен Шиелі аудандарының солтүстік жағы, елі жоқ аумағы) қоқандықтар қуып жетеді. Сонда Өтеп батыр: «Малдың барлығын тастап, жан сауғалайық», – деп айтады. Бірақ Жақап батыр оған келіспей: «Бала-шағамызды, малды алға жіберіп, өзіміз Жалғызағаш Қарамұрында ұрыс қабылдайық», – дейді. Барлығы бұл шешімге қосылады.
Ол кездің рәсімі бойынша ұрыс жекпе-жектен басталуы керек. Қоқандықтар өздерінің сенімділігін сынау үшін және жергілікті руларға жік салу үшін Қыпшақтың Шашты Жаназар батырын шығарады. Жаназар батыр (1818/22-1881/85) бұл кезде жасы келген кісі екен. Бірлескен Торы Байсары мен Торы Көзей рулары өз жағынан Байсары Жүзбай батырды шығарады. Жүзбай батыр – 18 жастағы жігіт, күшті найзагер екен, найзамен ұрғанда аңды құлататын болған. Қоқандықтардың өздері алысырақ болып, алдыңғы шегіне жергілікті жақтастарын қойған. Оның үстіне жолдан шаршаған қоқандықтар ұрысты келесі күнге қалдыруды шешеді, өйткені кешкі уақыт болып қалды. Жаназар батыр Жүзбай батырмен жекпе-жекке шығады. Бірақ «ұрысқандай» болады. Жаназар батыр өзінің қазағын, өзінің аталас інісін қалай шапсын?! Жекпе-жектің арасында Жаназар батыр қоқандықтардың және оның жақтастарының қай жерде орналасқанын айтады. Сол кездегі соғыс тәртібі бойынша әскердің үлкен туы болады. Ол ту ең соңғы жағдайда түсірілуі тиіс, яғни жеңілістің белгісі. Жаназар батырдың ту ұстаушы қоқандықтардың қасында жергілікті сенімді жігіттері болған. Сондықтан Шашты Жаназар батыр: «Алғашқы ұрысты сендер бастаңдар, кешке қалдырмаңдар», – дейді.
Ұрыс басталады. Жақап, Өтеп батырлардың әскерлері қоқандықтардың алдыңғы шегінде тұрған қоқандықтардың қызметінде жүрген жергілікті қазақтардың жасақтарына ұрыс салады. Келісім бойынша ту ұстаған қоқандықты Жаназар батырдың жігіттері өлтіріп, туды құлатады. Сосын жергілікті жасақтар үрей таратады. Сол үреймен түні бойы қоқандықтар кейін шегінуге мәжбүр болады. Жақап батыр қоқандықтарға қызмет жасайтын, жергілікті Қыпшақ Торының Тұяқтысы Тұрсынбай батыр-датқаға (1788/98-1853) өте өшіккенге ұқсайды. Тұрсынбай датқаның белгілі бір көзге түсетін ұзын сәлдесі болатын, сол шапқан кезде желбірейтін көрінеді. Ұрыстың алғашқы сәттерден бастап-ақ Жақап батыр: «Қалша қайда екен?» – деп Тұрсынбай датқаны іздейді. Ұрыстардың барысында жергілікті әскерлердің бір бөлігі қоқандықтармен, екінші бөлігі олардан бөлек қашады. Бұдан кейін ұрыс тоқтайды. Жаудың беті қайтқаннан кейін жеңімпаз Торы Қыпшақтын Шашты Байсарысы мен Торы Қыпшақтың Көзей рулары қауіптен құтылып, Арқаға қарай қашады. Байсары мен Көзей рулары жайбарақат Арқаға көшіп бара жатады, бірақ «құлауыз» (өсек) тарайды. Жақап батырдың құлағына да жетеді. Көзей Досбол бидің Жақап батыр «Қалша қайда екен?» – деп жауға шапқан кезде оның назарын басқа жаққа бөліп жібереді. Көзей Досбол би (1800-1890) Тұрсынбай датқа қоқандықтардан бөлек қашқанын көрген, бірақ Жақап батырға қоқандықтардың соңынан қашты деп басқа жақты сілтеген еді. Жақап батыр естісімен Көзей Досбол биге қатты ренжиді де, Байсары елін Сыр бойына кейін қайтарады. Ал, Көзей руы Арқаға Найман Сандыбайұлы Ерден батырдың болыстығына келеді. Бұнда 2-3 жыл тұрады да кейін Сыр бойына қайтып келеді (2).
Сыр бойының атақты батырлары Жақап пен Өтепті Сыр сүлейлерінің бірі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933) 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында:
«Бар еді Өтеп, Жақап – жақыныңнан,
Ермек, Түйме, Кеңбай бар ата ұлынан.
Жаназар – Шағыр Қыпшақ бір жүзбасы,
Қазақтың найза ұстаған батырынан», – деп жырлаған (3).
Енді Жақап батырдың ұрпақтарына келсек. Жақап батырдың немересі Әуез ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысқан, «Түркістан легионында» болған. Әуезден Сейсұлтан, одан 1964 жылы Бағдат туады. Әуезов Бағдат қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Алғабас ауылында тұрады.
Жүзбай батырдың ұрпағы 1929 жылғы Мұхамбетжан қазы (бұрын совхоз директоры болған) осы Шиелі ауданының Алғабас ауылында тұрады. Осы ауылда Шәмед Қалдыбаев деген шежіреші ақсақал осы аталған батырлар туралы білуі керек.
Бақытжан Ахметбек