Сырттай қарағанда сонау Еуропада жиырма жылдан астам тұрып, Германия жерінде 1941 жылы қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың еліміздің тәуелсіздігіне еш қатысы жоқ сияқты. Оның үстіне арада жарты ғасырдай уақыт өткенде ғана Қазақстанның төрінде Тәуелсіздік туы желбіреді. Бірақ та Мұстафа Шоқайды өзінің сүйікті қазақ халқының бостандық алғанынан еш ажырата алмаймыз. Ол мүмкін емес. Өйткені Мұстафа Шоқай мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Мұстафа Шоқайдың қадір-қасиеті мен мәні де осында. Оның қажырлы күреске толы өмірінің мағынасын мұнсыз түсіну мүмкін емес. Адамзат баласының азаттығы мен еркіндігі кез келген халықтың табиғи атрибуты деп түсінген қазақтың тұңғыш ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірі – «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі корғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деген еді. Алайда ол кезде мұны «тәуелсіздік» ұғымы деп түсінетін де, оны асқақ идея етіп көтеретін де ешкім бола қойған жоқ. Заманы туғанда мұны Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері әуелі патшалық отаршылдықтан, сонан соң кеңестік қыспақтан құтылудың, азаттыққа жетудің бірден-бір жолы деп ұғынды, тәуелсіздіктің туы етіп асқақтата жоғары ұстады. Бірақ олар армандарына жете алмады. Дегенмен, олардың әркез халқым деп соққан жүректерінде тәуелсіздікке деген сенім оты өшпей қалған болатын.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздік идеясына жайдан-жай келген жоқ. Оны сол кездегі заман туғызды. Оның тәуелсіз санасын қалыптастырған үлкен фактор патшалық Ресейдің отарлық саясаты болды. Мұны ең алғаш өзі дүниеге келген, өсіп-өнген саяси-әлеуметтік ортада сезінді. Мария Шоқай «Менің Мұстафам» атты естелігінде бала Мұстафаның саяси түсінігіне алғаш әсер еткен жайлар елдегі орыс қоныс аударушылары мен патшаның жергілікті шенеуніктерінің халықты басынған озбыр әрекеттері еді. Мысалы, олар Шоқай әулетінің екі рет кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз иеленсе, ал егістігін тіпті тартып алыпты. Сонан соң Мұстафа Ташкенттегі гимназияны өте жақсы бітіргенде оған тиісті алтын медальды генерал Самсоновтың орыс баласына жаздыруы ұлы державалық шовинизмінің айқын көрінісі еді. Сондай-ақ сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, орыс және басқа түрлі ұлт өкілдері тұратын Орта Азия кіндігі, патшалық Ресейдің әкімгершілік орталығы – Ташкенттегі қайнаған өмір оның саяси көзқарасын қалыптастырудың алғашқы баспалдақтары болды. Осында оқыған кезінде әр елден келген кісілердің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатыса отырып, жергілікті жұртшылық арасындағы әлеуметтік, құқықтық теңсіздікті көзімен көрді, жүрегімен сезді. Осындай отаршылдықтың өктемдігі мен патша шенеуніктерінің әртүрлі және әр деңгейдегі әділетсіздігі сезімтал санада мәңгілік терең із қалдырды.
Болашақ саясаткердің қоғамдық-саяси өмірінде оның Петербургте оқыған, қызмет атқарған жылдары ерекше рөл атқарды. Ең алдымен ол терең білім алды, сонан соң орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. Оның әлеуметтік-саяси санасының өсе түсуіне және қоғамдық күрес сахнасына шығуына Ресейдің орталық аудандарында бірінші орыс революциясынан кейін құрылған саяси партиялар мен қозғалыстардың бағдарламаларымен жете танысуы мол әсер етті. Егер ерте кездері ол мұсылмандардың мәдени реформаторлық қозғалысы – жадитизмнiң ықпалында болса, мұнда орыс зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалымен саяси еркiндiк пен әлеуметтiк әдiлдiктi жақтады. Сол кездегі империя орталығында орын алған күрделі басқа да саяси оқиғалар оның дүниеге көзқарасын жетілдіре түсті. 1933 жылғы «Есімдегілерден… (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен) атты мақаласында «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз” деп жазуы өзінің студенттер арасындағы саяси қозғалыстар ортасында болғандығын айғақтайды.
Петербургтегі кезеңнің Мұстафа Шоқай үшін тағы бір тағылымды жағы өз халқын азат ету басқа да түркі тектес езілген халықтарды патша өкіметінің отаршылық саясатына қарсы ұйыстырудың нәтижесінде ғана мүмкін екендігін түсінуі болды. Осы таным оның Мемлекеттік Думаның Мұсылман Фракциясы хатшылығына орналасқаннан кейін күшейе түсті. Болашақ ұлтшыл саясаткер Ресейдің езгісіндегі Түркістан өңірінен тыс түркі халықтарын – Еділ, Қырым татарларын, Кавказ халықтарын, Орал башқұрттарын біріктіру қажет деп есептеді. Кейін шетелде жүрген кезінде де оның өз халқымен бірге өзге аймақтардағы халықтардың отарлық езгіден құтылуын армандауы және сол үшін күресуі жайдан-жай емес еді.
Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік санасының қалыптасуына 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның ерекше ықпалы болғанын айта кету керек.
Мұстафа Шоқайдың күрескерлік болмысын айқындай түсуде оның эмиграциядағы кездері шешуші орын алатыны аян. Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы саяси күрестің жаңа амалының нақты мақсаты Мұстафа Шоқайдың 1929 жылы жазылған «Біздің жол» атты мақаласында былайша алға қойған еді: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл бағыт ұлы күрескердің 1941 жылғы 27 желтоқсанда Берлинде Виктория ауруханасында жұмбақ жағдайда қайтыс болғанынша мәңгілік ұстанымы болып қалды.
«Мұстафа Шоқай… ол кім?» деген 1991 жылы мамыр айының 24 және 31 күндері «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген көлемді мақаласында Әнуар Әлімжанов өз кейіпкері туралы айта келіп, былай деп жазып еді: «Ұлылық дегеніміз – ұлы құлдық дейтін сөз бар. Ол халықтардың егемендігі, теңдігі туралы өз мұратының құлы болған адам, осы мұрат жолында, хас батырларша қайтпай, қайысай қызмет еткен адам». Мұстафа Шоқай дәл осындай адам болатын.
Көреген саясаткер Мұстафа Шоқай 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген асыл арманы араға алпыс жыл салып жүзеге асты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және хұқылық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiңiшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi» деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды.
Бұл күндері өзінің ұлы мерекесі – Тәуелсіздігінің ширек ғасырын тойлауға қызу дайындалып жатқанда қазақ халқы кешегі Алаш жетекшілерінің асқақ арманы болған идея үшін күреске бар қабілет-қарымын сарп еткен, осы жолда ғұмырын да құрбан қылған бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай есімін үлкен ілтипатпен еске алары сөзсіз.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдарының докторы, профессор