Біздің облыс орталығының тарихына көз салсақ, ХІХ ғасырдың 60-70 жылдар аралығында тұрғылықты халықтың біразы көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.
Дегенмен, отырықшы болғандары да бар. Сыр бойы Ресей қол астына көшкеннен кейін бұл жерлерге сол жақтың басқа аймақтарынан қоныс аударушылар көбейді.
1866 жылдың 12 маусымында Сырдария облысына Ресейдің ішкі аймақтарынан қоныс аударушыларды жайғастыру мәселесі бірінші рет көтерілді. «Қанша адамды қоныстандыра аласыз» деген сұрауға Сырдария облысындағы форттардың ішінде тек Жөлек фортының басшысынан ғана «100 отбасыны қабылдаймыз» - деген жауап келді. «Басқалары мүмкіндігіміз жоқ» деп жауап берді.
1867 жылы Кауфман генерал-губернатор қызметіне кіріскеннен кейін Сыр өңіріне сырттан келушілер саны көбейді. Оларға бастапқы кезде жерді жекеге бермей, жалға берілу қажеттігін жергілікті басшылық назарда ұстады.
Патша үкіметі Орынбор-Ташкент жолын қамтамасыз ету үшін оның бойында отставкаға шыққан солдаттар мен шаруалардан селолар тізбегін салуға тырысты. Алайда, шаруалар жер шаруашылығына құнарлы алқапты іздеп Сыр бойына келуге аса құлықты болған жоқ. Осының салдарынан ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарына қарай Перовск уезінде 174 жанұя 4 селоға қоныстанды.
1870 жылдары Перовск уезінде 100 090 адам тұрса, оны толықтай жергілікті ұлт өкілдері құраған. Алайда, орыс әкімшілігінің нығаюы, Орынбор мен Ташкент арасындағы жол қатынасының орнауы бұл жерге орыс тілдес ұлт өкілдерінің көптеп келуіне жағдай жасады. 1897 жылғы бүкіл ресейлік санақ өткенде Перовск уезіндегі халық саны 133663 тұрғынға, қазіргі Қызылорда облысының шекарасындағы халық саны 274204 адамға жеткен. Перовскіде 1084 орыс, 117 украин тұрған.