Facebook WhatsApp Instagram

Тарих

0

1870 ЖЫЛЫ АҚМЕШІТТЕ 100 МЫҢ АДАМ ТҰРҒАН


1870 жылдары Перовск уезінде 100 090 адам тұрса, оны толықтай жергілікті ұлт өкілдері құраған. Алайда, орыс әкімшілігінің нығаюы, Орынбор мен Ташкент арасындағы жол қатынасының орнауы бұл жерге орыс тілдес ұлт өкілдерінің көптеп келуіне жағдай жасады.
1897 жылғы бүкіл ресейлік санақ өткенде Перовск уезіндегі халық саны 133663 тұрғынға, қазіргі Қызылорда облысының шекарасындағы халық саны 274204 адамға жеткен. Перовскіде 1084 орыс, 117 украин тұрған.
ХІХ ғасырдың ортасында Ақмешітте болған орыс зерттеушісі А.К.Гейнс өзінің «Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан» атты еңбегінде «Ақмешіт қамалын орыстар алғаннан кейін қамалдағы бірнеше дүкеннің орнында бұхара еврейлерінің базары пайда болды. Ал Бұхарамен Ресейдің соғысы біткесін бұл еврейлер өз отбасыларын Сыр бойына көшіріп алғысы келеді» деп көрсетеді.
Перовск қамалындағы солдаттардың жағдайы қиын болды. Жергілікті жердің ауа райына, суына үйренбеген олар түрлі себептермен әскери борышын өтеу орнын басқа жаққа ауыстыруды көздеді.
1853-1866 жылдары Перовскі маңайындағы тұрғындарға басшылық жасаған К.Ф.Грузьдің айтуынша Ақмешіт қамалындағы орыс солдаттары жазықсыз адамды өлтірген. Ел ішінде осындай да жағдай орын алып жатты.
ХІХ ғасырдың соңында Сыр бойында татарлар да көп болды. Олар ауылдарды аралап сауда-саттық жүргізді. Оған қоса, араб қарпімен жазылған діни кітаптарды таратып, ислам діні нығаюына жағдай жасады. Перовск мектебіндегі оқушылардың біразы татар болған деген деректер айтылады. Бұл дерек олардың қатарында ауқатты кісілердің көп болғанын айғақтайды.
Жалпы, сол кезде Перовск қаласында сауда және өндіріс орындары саны көбейді. ХІХ ғасырдың соңында Перовскіде 343 сауда орталығы болды және 1870 жылдарда көпестер саны 200-ге көбейген. Қорыта айтқанда, бұл кезең қаланың сауда жүйесінің қалыптасып, сырттан көшіп келген өзге ұлт өкілдері есебінен халық санының молая түскен уақыты.
Тағы да оқыңыздар:
Пікір қалдыру

Сіз робот еместігіңізді растаңыз - [] *: