Қазақ тарихында Сыр өңірі тарихының алар орны ерекше. Ежелгі заманнан бастап Сыр өңірі сан мың ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болғаны белгілі. Бұл топырақта бағзыдан бағы жетіп, базары қызған 40-қа жуық көне қалалар мен жарты ғаламды жалғастырған Жібек жолының арналы абағы сайрап жатыр.
Сөйлете білсең оның әр уыс топырағы, әр бұтасы, әр тасы алуан түрлі ғибратты шежіре шертер еді. Мұнда сан ғасырлардан бергі аты әлемге мәшһүр ірі тарихи тұлғалар ғұмыр кешкен. Әлі күнге дейін зерттелмегендері қаншама десеңші?!
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің тарихын, тау-тасын, өзен-көлін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» деп айрықша атап өткен болатын. Осы орайда Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы картасына Сыр бойынан енген 12 қасиеттің жердің бір Оқшы ата қорымында жерлерген тарихи тұлғалардың мазараты туралы айтпақпыз.
Қазақстанның қай жеріне барсаңыз да Түркістаннан басқа бір қорымда осынша киелі кісі жерленген зиратты таппайсыз. Тіпті Маңғыстаудың өзінде әулиелер әр жерге қойылған. Міне, осындай ежелгі қабірстанда жатқан ел қадірмендерінің белгілісі, мазары бұзылмай жеткені жеті кісінің кесенесі. Олар – Оқшы ата, Асан ата, Ғайып (Қайып) ата, Қыш ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз әулие. Жеті санын қасиетті тұтатын халқымыз бұған ерекше мән береді.
Біз Оқшы ата мен Асан ата туралы айтқанбыз. Бүгін Ғайып (Қайып) ата мазаратына тоқталамыз.
Оқшы ата қорымындағы ең көне кесене – Ғайып (Қайып) атанікі. Бұл кісі IX ғасырда оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген, кесене де сол тұста салынған деген пікір айтылып жүр. Кесенеге қарағанда, ол көптің бірі болмаған. Өкінішке қарай, Қайып ата кесенесі нашар сақталған, тіпті сақталмаған деуге болады. Құрылыс түгелге жуық бұзылған, тек батыс жақ бетіндегі қабырғасы ғана жартылай қалыпты. Кесененің дуалдары ішіне қарай құлаған, бейне шежіремізді басып қалғандай.
1997 жылы мазараттағы әулиелерге арнап ас беруге дайындық кезінде ғасырлар бойы үйілген қалың топырақ төбе тазартылды. Сол кезде бұл жерде бірнеше кісінің жерленгені белгілі болды. Кесененің ерекшелігі – ол күмбезді мазар емес, қызыл кірпіштен соғылған дуал болып шықты. Мазардың қабырғалары, қыштарының көлемі, қалануы, өрнектері Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесіне ұқсас. Мазарат басындағы имамдар мен шырақшылар ескерткіштің қабырғасын жаңа кірпішпен қалатып, біршама қайта көтертті. Зираттың өте ескілігі бұл қорымның мың жылдық тарихы бар деген жорамалды айғақтай түседі.