1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің 5-сьезі ашылды.Сьездің күн тәртібіне екі мәселе енгізілді.
Ұлтымыздың «қазақ» деген атауын қайтару, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатында Қызылорда уездік қалалық атқару комитеті 1925 жылы 30 мамырда барлық мемлекеттік мекемелер, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме мандайшаларындағы атауын 1 ай көлемде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеді.
Көп ұзамай Қазақстанның жаңа астанасы Қызылорданы абаттандыру жоспарын астанаға сай кең көлемді, жүйелі түрде жүргізуді суретші-сәулетші И.В.Рянгин қолға алды. Қала тұрғындарының даму динамикасын ескере отырып, жоспарды алдағы 40 жылға жасауды ұсынды.
1925 жылы 13 мамырда техникалық кеңес отырысында комиссия мүшесі, қазақтың тұңғыш инженері М.Тынышбаев И.Рянгин жасаған қаланың эскиздік жобасын баяндап, жобалау принциптерінің қойылған талаптарға сәйкес келетіндігін атап көрсетті.
Қаланың өркендеуі қазақтың ардагер азаматтарының, мемлекет қайтаркерлерінің есімдерімен тығыз байланысты. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің председателі Елтай Ерназаров осындай ардагерлердің бірі. Ол халықтың қалың ортасынан шыққан, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам еді. Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы бола жүріп ол экономика мен мәдениетті өркендетуге күш-жігер жұмсады.