Сейхун.info » Тарих » Асанқайғының бейіті қайда?

Асанқайғының бейіті қайда?

Айдар: Тарих / Сонғы жаңалықтар
Сырдың бойында Оқшы ата қорымы деген жер бар. Бұл мекен Шиелі ауданының аумағында қоныс тепкен. Шығыс пен батыстың арасын жалғайтын күре жолдың бойында жатыр. Сол орында жеті әулие мәңгілік мекенін тапқан. Онда зиярат етіп барған адам Асан ата кесенесі деген көне заманның көзіндей болған ескерткішке назар аударары хақ.
Бұл Асан ата кім? Кім-кімді де ойға қалдырады. Әрине, тарихта Асан есімді талай адам болған шығар. Уақыт тегермеші ілгері жылжыған сайын ол адам жұрт жадынан жоғалуы да ғажап емес. Дегенмен бұл кесене көптің қызығушылығын туғызады.
Жергілікті жұрт оны ел аузында қалған Асанқайғының кесенесі деп атайды. Шынында, солай ма екен? Атақты абыз бабамыз Сыр өңіріне келген бе? Бәлкім, өмірінің соңғы жылдарында дария бойында өмір сүрді ме? Тасқа басылған ешқандай құжат жоқ. Айтылар әңгіме тек долбар күйінде ғана. Алайда оларға құлақ асуға да болатындай.

«Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам...»

Асанқайғының кіндік кескен өңірі Атырау аймағы көрінеді. Сан алуан кітап беттерінде солай көрсетілген. Абыз бабамыз Алтын Орда құлағаннан кейін ел тағдырын ойлайды. Желмаясына мініп, жұртына пана, еліне сая боларлық жерұйықты іздеп жолға шығады. Асан атына қосарланған тіркес те содан қалған. Бармаған жер, баспаған тауы қалмаған. Оны талай оқыдық. Әрбір барған жеріне өзінше сипаттама береді. Осындай сипаттамасының бірінде Сыр бойы жайын да тілге тиек еткен екен. Қаратау мен Сырдың арасына көз сала отырып, Асанқайғы бабамыз: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен», – деген екен.
Жаңағы айтылған сөздің өзі ағайынға үлкен ой салады. Оқшы ата қорымындағы кесене шынымен де Асанқайғы бабамыздікі болар. Өйткені бұл маңда сол кезеңде Асан есімді елге белгілі атақты адам болмаған. Елдің аузында ондай аңыздар айтыла қоймайды. Сол себепті әлгі кесене абыз бабаның мәңгілік мекені болар деуге негіз бар.

Әйгілі абыз дария бойын мекендеген бе?

Жалпы, Асанқайғының пәниден бақиға көшкен жері жайлы түрлі жорамал бар. Ол кейбір кітаптарда түрліше айтылады. Мәселен, 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес ғасыр жырлайды» көптомдығының бірінші томында ол кісіні Сарыарқаның төсінде, Ұлытау өңірінде дүние салған деп көрсеткен. Бұл дерек 1972 жылы баспа жүзін көрген «Қазақ совет энциклопедиясында» да айтылған. Ал егеменді еліміздің жаңа «Ұлттық энциклопедиясында» Қызылорда облысы Шиелі ауданының аумағындағы қорымда жатыр деп көрсетілген. Тарихта Асанқайғы бабамыз XV ғасырда өмір сүрген деп айтылады. Яғни тарихта болған адам. Ескерткіш XVI ғасырда салынған.
Сыр елінің тумасы, академик Досмұхаммед Кішібеков баспасөз беттерінде жазған мақаласының бірінде осы жайында аз-кем ой қозғаған екен. Асанқайғының Сыр бойында дүние салуы мүмкін екені жайында түрлі жорамалдарын айтады. Жоғарыда біз атап өткендей, абыз бабаның Сыр өңірі жайында айтқан әңгімесі оның дария бойында ғұмыр кешуі ықтимал екенін айғақтайтын секілді. Ертеде Сыр бойы жасыл желегі жайқалған жазиралы аймақ болғандығы белгілі. Шөбі шүйгін, бұлағы сылдырап аққан аймаққа кім-кім де қызыға қараған шығар. Жерұйықты іздеген бабамыз дария бойын өмір сүруге қолайлы жер көрген шығар.

Тарихқа ақиқат қымбат

Қарт Қаратау мен Сырдария ертеде талай адамға пана болған. Ескі заманды еске алмай-ақ қоялық, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық кезінде дарияның бойы көп адамға талғажау боларлық тамақ тауып берді. Жүгірген аң, ұшқан құс аш өзегі талған адамға әл-қуат қосты. Оны сол заманды көзі көрген ақсақалдар әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ.
Енді әңгіме басындағы сауалға қайта оралайық. Оқшы ата қорымындағы Асан ата кім болды екен? Бұл сауал – тарихты таразыға тартатын ғалымдарға артылар жүк. Өткенімізді өшірмей, өшкенімізді жандырамыз десек, инемен құдық қазғандай еңбек жасайтын ғалымдар осындай елдің арасында сауал күйінде жүрген жайларға көңіл бөлгені дұрыс. Аты аңызға айналған танымал тұлғаларды жас ұрпақ санасына сіңіре бергеніміз артық емес. Әзірге бізге осындай ынта жетпей жатқан секілді. Абыз бабамыз туралы талай кітап та шығып жатыр. Өкінішке қарай, онда нақты тұжырым жасала бермейді.
Асанқайғының мазары қайда болды екен?